Жаңалықтар | Новости

“Жыл сайын салу керек”. Қазақстандық ғалым вакцина туралы мәлімдеме жасады

Қазақстандық ғалым COVID-19-ға қарсы вакцинаны жыл сайын салу керегін айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Медицина ғылымдарының докторы, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры Равиля Егембердиева коронавирусқа қарсы вакцинаны жылда және балаларға да салу керегін мәлімдеді.

“Вакцина салдыру деген сөз – арнайы, күші жойылған вирусты ағзаға жіберу. Ағзаға түскен ол вирус ауру туғыза алмайды. Бірақ ол иммунитеттің оны зерттеп, есте сақтауы үшін жеткілікті. Сондықтан, вакцина салдырған адамның вирус жұқтыру қаупі төмен, жұқтырған күннің өзінде ауру жеңіл өтеді. Кей вакцина адамды сол аурудан өмір бойына сақтай алады, мысалы – қызылшаныкі, бірақ ол үшін вирус өзгермеуі керек”, – деді Егембердиева Алматы әкімдігі ұйымдастырған онлайн-сұхбат барысында.

Ғалымның айтуына қарағанда, вирус өзгерсе оның негізгі антигендерінен түзілген иммунитет оны тани алмайды.

“Мутация кезінде вирустың антигендері өзгереді және антиденелер оларға сәйкес келмей қалады. Иммунитет ауру қоздырғышын тағы да танымай, адам ауырады. Өкінішке қарай, коронавирус тез мутацияланып жатыр және дәл қазір негізгі проблема да осы болып тұр. Мұндай инфекциялармен күресу үшін жыл сайын жаңа штамға негіздеп, өзгерістерді есепке алып, жаңа вакцина шығарып отыру керек. Коронавирус жұқтырып ауырғаннан кейін немесе вакцинадан кейін түзілген иммунитет ұзақ сақталмайтынын көріп отырмыз, себебі олар мутанттар алдында дәрменсіз, сол үшін жылда вакцина салдыру керек”, – деді ғалым.

Сонымен қатар, Равиля Егембердиеваның сөзіне қарағанда, ұжымдық иммунитет 70 пайыздан асқан күннің өзінде ауру жұқтырып ауыратындар болады.

“Ғалымдар бұл вирустың адамзатпен өмір бойы бірге қалатынын айтқан болатын. Сондай-ақ, вакцинаны балаларға да салу мәселесі өзекті, қазір бірқатар мемлекет зерттеу жүргізіп, екпе жасауға кеңес беріп отыр. Себебі, бастапқыда балалар мен жасөспірімдер бұл дертпен ауырмайды делінген, алайда қазіргі картина басқа. Қазір ауруды ауыр өткеріп жатқан балалар да бар және салдары да ауыр жағдайлар туғызып жатыр. Сондықтан, біздің елде де бүгін болмаса, ертең дәл сондай зерттеу жасалып, балаларға да вакцина салына бастайды деп ойлаймын, зерттеуге ең кемі алты ай уақыт керек болады”, – деді Егембердиева.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақ Ұлттық аграрлық университеті жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының директоры Қайсар Табынов ұзақ иммунитетті қалыптастыру үшін вакцинаның екі емес, үш дозасын салуды ұсынған болатын.

Комментарий