Жаңалықтар | Новости

Жастардың тәрбиесі басты назарда

Түркістан қалалық пробация қызметі есепте тұрған жас өспірімнің қайта қылмысқа бармауын қадағалауда.

Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады. Сонымен қатар, кәмлеттік жасқа толмағандар арасында орын алған қылмыстың өсуіне жол бермеу. Әрине, бұл мәселе қоғамда көкейкесті мәселенің бірі екені бесенеден белгілі. Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылып отыр. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз.

Жуырда Түркістан облысы Түркістан қалалық пробация қызметі есебінде тұрған жас жеткіншектің қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыру мақсатында пробация қызметкерлері Арманның үйіне арнайы барды.

Тексеру барысында пробация қызметкерлері сотталған жігіттің ата-анасы мен бауырларымен әлеуметтік-құқықтық бойынша ашық әңгіме жүргізді. Сонымен қатар, жаза өтеу тәртібін бұзбау, қайта қылмысқа бармау керектігі де ескертілді. Ал, өз кезегінде есепте тұрған Арман пробация қызметкерлеріне өз сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.

Түркістан қалалық пробация қызметінің есебінде кәмелетке толмаған Арман есімді бала ғана тіркелген. Ол 2003 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Балалықпен құқық бұзушылыққа барған Арман үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап пробация қызметінің есебіне тіркелді. Ол Түркістан облысы кәмлетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.

— Кәмелетке толмағандардың қоғамда толық орнын таппаған, психологиялық тұрғыдан тұрақсыз, әлеуметтік жағынан қорғау мен көмекке мұқтаж екені белгілі. Олардың арасында әсіресе қылмыс жасап, бас бостандығынан айрылғандарға ерекше қамқорлық пен қолдау керек. Сондай-ақ, оларды ынталандыру, депрессиялық күйін жеңу, қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыру және қайта тәрбиелеуді қажет етеді. Оларға қоғам болып бәріміз бірігіп қайта бейімделуге көмек беруіміз қажет. Есепте тұрған кәмлетке толмаған соталушыға медициналық, психологиялық, заңгерлік

көмектер толығымен көрсетіледі. Алдағы уақытта осындай әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бойынша игі бастама өз жалғасын табады деген сенімдемін, — деді Түркістан қалалық пробация бөлімінің инспектор-психологы әділет лейтенанты Ақмарал Бекбай.

Ал, Түркістан облысы бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдердің ісімен айналысатын пробация қызметі маманының берген ақпаратына сүйенер болсақ, облыс бойынша пробация қызметі тарапынан өткізілетін жастар арасындағы қылмыстың алдын алу іс-шаралары бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы пробация есебіне 41 жас жеткіншек тіркелген, жылдың соңына дейін олардың 31-і жазаларын өтеп тіреуден шығып, қалған 11 жасөспірім әлі де тіркеуде. Ал, жыл басынан бері облыс бойынша пробация есебіне 9 адам тіркелген. Осы сотталғандардың 7-і есептен шығарылған. Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша 13 кәмелетке толмаған жасөспірім пробация есебінде тұр. Былтырғы жылмен салыстырғанда балалар арасында қылмыс біршама азайған. Бұл құқық қорғау орғандарының жүйелі еңбегінің арқасы екені анық.

Демек, қылмыстың алдын алу, баланың бұрыс жолға түспеуі, ата-ананың, мектеп пен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылына байланысты екенін есте ұстау керек.

Комментарий