Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Алименттік міндеттемелер

Қай заманда, қай қоғамда болмасын, отбасындағы бала тәрбиесіне екі ата-ана да бірдей ат салысуы қажет. Алайда әртүрлі өмір жағдайларына байланысты ата- аналар отбасылық қарым-қатынаста келіспеушілікке ұшырап, бірге өмір сүруді жалғастыра алмай жатады. Мұндай жағдайда ата-аналардың бірі баланы тәрбиелеу үшін жауапкершілікті өз мойнына алады, бірақ, Қазақстан Республикасының заңнамасында екінші ата-ана баланы күтіп бағуда алимент түрінде материалдық көмек көрсетуге міндеттейтін нормалар қөзделген. «Алимент» деп біз көп жағдайда тек ажырасқан әкенің өз баласына төлеуге міндетті ақысын айтамыз. Алайда бұл төлем тек әкеге ғана қатысты емес, сонымен бірге анаға да жүктелетін міндет болып саналады.

Қазіргі уақытта біздің қоғамда ата-ананың баласына алимент төлеуі жиі кездеседі. Жәнібек аудандық сотына бұйрық арқылы іс жүргізу тәртібі бойынша кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға алиментті өндіріп алу туралы істер бойынша 2020 жылдың 5 айында 13 арыз түскен, ағымдағы жылдың 5 айында 3 арыз түсті.

Айта кету керек, кәмелетке толмаған балаларды күтіп бағуға алимент өндіру бойынша істердің бәрі де мемлекеттік тілде қаралған болатын.

18 жасқа толғанға дейін бала қайда тұрса да, заң бойынша ата-анасы тәрбиелеп, бағып-қағуға, материалдық жағдайын жасауға міндетті. Басқаша айтқанда, бұл ерлі-зайыпты ажырасып кеткен жағдайда баланың өсіп-өнуіне, оны материалдық жағынан қамтамасыз етуге төленетін ақша. Баланы асырау- ата ананың заңмен бекітілген міндеті. Неке және отбасы туралы кодекстің 138- бабында ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп- бағуға міндеттеледі, кәмелетке толмаған балаларды күтіп- бағудың тәртібі мен нысанын ата-аналар дербес айқындайды делінген.

Азаматтық процестік кодексінің 134- бабына сәйкес, сот бұйрығы сот актісі болып табылады. Сот өндіріп алушының ақшаны өндіріп алу немесе борышкерді және өндіріп алушыны олардың түсініктемелерін тыңдау үшін шақырмай ақ және сот талқылауынсыз, даусыз талаптар бойынша борышкерден ақшаны өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы өндірушінің арызы бойынша электрондық нысанда шығарылады.

Кәмелетке толмаған балаларға алиментті сот бұйрығының негізінде, сот талқылауынсыз өндіріп алу мүмкіндігін көздейді. Кәмелетке толмаған балаға алимент өндіріп алу туралы талапты сот ата-аналарының еңбекке қабілеттігіне, сондай-ақ, кәмелетке толмаған баланың алиментке мұқтаждығына қарамастан қанағаттандыруы тиіс.

Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға- ата-анасы табысының және өзге де кірісінің- төрттен бір бөлігін; екі балаға- үштен бір бөлігін; үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады. Алимент төлеуге міндетті адамның жұмыссыздығы оны төлеуден босатпайды.

Кәмелет жасқа толмаған балаға төленетін алиментті төлеуді кез- келген уақытта талап етуге болады. Қашан ажырасқаны маңызды емес. Сонымен қатар, ажыраспаған болса, мысалы: азамат (әкесі) өзінің заңды некедегі жолдасына балаларына тапқан ақшасын бермей, материалдық жағдайын жасамаса, заңды некедегі жолдасы кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға алиментті өндіріп алу туралы арызбен сотқа жүгінсе болады.

Алимент төлеуге міндеттелген ата-ананың бірінің отбасылық, материалдық жағдайы өзгерсе немесе екінші рет үйленіп, балалы болса, денсаулық жағдайына байланысты қаржы қажет болса, алимент көлемін азайту жайлы сотқа арыз жаза алады.

Алимент мәселесіне келгенде бірінші кезекте баланың болашағын ойлаған дұрыс. Отбасы- бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Отбасының басты қазығы, алтын діңгегі- бала. Сондықтан әр ата-ана өз баласының балғын балалық шағын қамтамасыз етіп, оларға бақытты болашақ сыйлауға тырысса екен дейміз.

Жемис Махсотова

Жәнібек аудандық сотының бас маманы

 

Комментарий