Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Сынақ мерзімі маусымдық жұмыстарда белгіленбейді

Елбасы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында жұмыспен қамту мен кедейлікті шешу міндеттерін алға қойды. Солардың бастысы ретінде микрокредиттер жүйесін енгізіп, шағын және орта бизнесті дамыту және оларға шетелдік инвестициялар мен ұлттық капиталды белсенді тартуды атады. Бұл шаралар өз кезегінде еңбек нарығы мен жұмыс күшінің тауарлық сипатын ескеруі керек. Мұны айтып отырғанымыз, жұмыскерлер өздерінің еңбек құқығын қаншалықты біледі, азаматтарды осы сұраққа қатысты мәселелерден аз-кем хабардар етпекпіз.

Мәселен, еңбек шарты ел Конституциясында кепілдік берілген еңбек бостандығын іске асырудың заңды тәсілі. Еңбек шартының нысандары әртүрлі болуы мүмкін. Еңбек Кодексінің нормаларына сай, еңбек шарты тараптар келісіміне, шарт мерзімінің аяқталуына байланысты, жұмыс беруші немесе жұмыскердің бастамасы бойынша, тараптардың еркінен тыс мəн-жайлар, жұмыскердің еңбек қатынастарын жалғастырудан бас тартуына орай бұзылуы мүмкін. Мұндай жағдайда бір тарап екінші тарапқа хабарлама жібереді. Хабарлама алушы үш жұмыс күні ішінде екінші тарапқа қабылданған шешім туралы жазбаша нысанда хабарлайды. Жұмыс берушінің еңбек келісім-шартында ұзақ мерзім қарастырылмаса, оны бұзу туралы жұмысшыға бір ай бұрын хабарлауы тиіс.

Еңбек шартының бұзылу күні қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша айқындалады. Есте ұстарлығы, еңбек шарты жазбаша түрде жасалып, екі тараппен қол қою арқылы бекітіледі. Бір данасы жұмыс берушіде, екіншісі жұмыскерде сақталынады. Жұмыс беруші ҚР Еңбек кодексі, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілері, ұжымдық келісім-шарт, т.б. еңбек қызметінің шарттары бойынша уақтылы жəне толық көлемде еңбекақы төлеуге, ал, қызметкер өзіне жүктелген жұмыс пен еңбек тəртібінің ережесін орындауға міндетті. Еңбек келісім шартын тоқтату күні Еңбек кодексінде қарастырылған жағдайлардан тыс, соңғы жұмыс күні болады.

Еңбек шартының мерзіміне келсек, жеке еңбек шарты белгісіз мерзімге немесе белгілі бір уақытқа жасалуы мүмкін. Жеке еңбек шартының негізінде қызметкердің еңбегіне ақы төлеу, материалдық көтермелеу тараптардың өзара келісімімен белгіленеді. Жұмысқа қабылдар кезде сынақ мерзімі қарастырылады және ол қызметкердің оған тапсырылатын жұмысқа сəйкестігін тексеру мақсатын көздейді. Сынақтың нəтижесі қанағаттанғысыз болса, жұмысшы жұмыстан босатылады. Бұған қызметкердің қандай да бір уәжі болса сот тəртібімен шағымдана болады.

Сынақтан өткізу шарты жеке еңбек шартында міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Егер ол жұмысқа алу жөніндегі бұйрықта ғана көрсетілсе, онда сынақ мерзімін белгілеуді заңды деп есептеуге болмайды, өйткені, бұйрық – бір жақты ғана кесім, ал, заң мұндай шарттар жөнінде жұмыс беруші мен қызметкердің келісуін талап етеді. Жұмыс берушінің бір жақты сынақ мерзімін белгілеуі қызметкер құқығын бұзады. Сынақ кезіндегі еңбек жағдайы өзге қызметкерлерден өзгеше болмауы керек. Қызметкер ішкі еңбек

тəртібі ережелеріне мойынсұнады, оның еңбегі жалақы нормалары мен бағалауға сəйкес не еңбекақы ретінде төленеді. Сынақ мерзімімен жұмыс істейтін қызметкерлердің əлеуметтік сақтандыруға құқығы бар. Айта кетерлігі, маусымдық жұмыстарда сынақ мерзімі белгіленбейді. Еңбек шарты белгiленбеген мерзiмге жасалған жұмыскерлер үшiн көзделген кепiлдiктер мен өтемақыларды беруден жалтару мақсатында еңбек шарттарын белгiлi бiр мерзiмге жасауға тыйым салынады.

Қорыта келгенде, еңбек келісім шарты – жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында, жұмысшының белгілі бір жұмысты атқаруға, еңбек тəртібі ережесін сақтауға міндеттелуіне сəйкес жасалатын келісімі. Осы келісімнің дұрыс рəсімделуі барлық уақытта маңызды.

Ғалия Оңланбекова,

Бостандық аудандық сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий