Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ТҮРЛЕНГЕН ТЕКЕЛІ

Елімізде әсем табиғаты көздің жауын алып, көрген жанды тамсандыратын, туризмге сұранып-ақ тұрған көрікті де шұрайлы мекендер аз емес. Соның бірі – көз тоят таппас тамаша табиғатымен ерекшеленіп, «Шағын Швейцарияға» телінген Текелі қаласы. «Түркітілдес журналистер қоры» халықаралық қоғамдық қорының бастамасымен Алматы облысы «Jetisu Media» ЖШС ұйымдастырған пресс-турдың аясында Жоңғар Алатауы жоталарында орналасқан, аспанмен таласқан таулары, жасыл желекті баулары жанға да, малға да құтты мекенге сапарлап барудың сәті түсті.

Талдықорған қаласынан оңтүстікшығысқа қарай 40 км қашықтықта жатқан табиғаты көркем Текелі қаласына жеткен журналистерді құшақ жая қарсы алған қала әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары Айнұр Мейрханова және «Jetisu Media» ЖШС басшысы Жанна Арынбекова бастаған
әріптестеріміз бірден өңірдің көз тартар нысандарына саяхат жасауға шақырды.

Ең ұзын көше
Қаладағы ұзындығы 38 шақырымға созылып жатқан Д.Қонаев атындағы көшені шаһардың мақтанышы деуге болады. Өйткені, ол ТМД елдері ішіндегі ең ұзын көше болып табылады. Ешқандай бұрылыс-қалтарысы жоқ, тіп-тік, ұзыннан-ұзын созылып жатқан көше қаланың кіреберіс тұсынан басталып, соңы таулы-қыратқа алып кетеді. Жол бойының екі жағын жағалай үйлер, түрлі нысандар салынған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Канаданың Торонто қаласында орналасқан әлемдегі ең ұзын көше – Йонге Стриттің ұзындығы 1896 шақырымды құрайды.

Қала алақандағыдай…

Қала ішіндегі биік жота басына жасалған бақылау алаңына арнайы баспалдақ арқылы көтерілдік. Бұл төбенің басынан Текелі алақандағыдай көрінеді екен. Әсіресе, қыздың қос бұрымындай таудан төмен құлап, қаланы жарып ағатын Қора және Шажа өзендері таңқалдырды. Бірінің суы мөлдір, бірінің суы лайлана ағатын қос өзен Текелінің тұсында бір арнаға тоғысады. Қызығы сол – қаламен аттас өзенде сулардың түсі сол күйі өзгерместен, екі түрлі боп ағысын жалғастырады екен. Бұл ерекше құбылыс, әсіресе, жоғарыдан төменге көз салған адамға айқын көрінеді. «Өзендердің бірі түбінде жатқан әк тастарды шайып ағады. Суының лай болуы сол себепті. Алайда Текелі өзені Қараталға құйған кезде судың түсі араласып кетеді»,– деп түсіндірді жол бастаушылар.

Көне Будда бейнеленген тас
Айналасын Алатау сілемдері мен Жоңғар Алатау қоршап жатқан, табиғаты теңдессіз Текелі қаласының маңында Черкасай, Солдатсай және Қора шатқалдары бар.

Жетісудың жақұтындай Қора, Шажа, Текелі және Қаратал өзендері бірімен бірі жалғаса таулы өлкенің сәнін келтіре, сылдырай ағады. Қора шатқалына кіре беріс жерде «Таңбалы тасқа» ұқсас, будда құдайының мүсіні бейнеленген тасты кездестіресіз. Бұл жеке тұрған табиғи тас, салмағы 3 тоннадан артық, биіктігі 3 метр. «Көне будда бейнеленген тас» деп аталатын тастан бұдан басқа лотос гүлін, аю табанының ізін көруге болады.

Бұрхан бұлақ сарқырамасы
Қора шатқалының бойымен созылған жолдың 55-ші шақырымында Орта Азиядағы ең үлкен сарқырама Бұрхан бұлақ ағып жатыр.

Найзадай көкке шаншылған таулардың ортасында биіктігі 90 м болатын сарқыраманың көрінісі көз тартады. Бір-біріне тақалған екі таудың арасында тек салт атты адам ғана өте алатын сай бар екен. Осыған орай оған халық Салт атты сай деген атау берген. Бірақ, неге екені белгісіз, бертін келе ежелгі мағынасынан ажырап, ел арасында Солдатсай аталып кетіпті.

Халықаралық университет бой көтермек
Келесі кезекте ат басын тіреген жеріміз – болашақта салынатын Орталық Азия университетінің орны болды. Тау бөктерінде бой көтеретін оқу орнының макет-сызбасымен журналистерді Aga Khan Foundation қорының Текелідегі өкілдігінің басшысы Қуандық Тілеужанұлы таныстырды.


Оның айтуынша, университетті салудағы басты мақсат – Текелінің табиғаты мен бай өлкесі.
– Жалпы, шетелдік Aga Khan Foundation қоры мұнда университет ашу мәселесін 2000 жылдан бастап көтеріп келе жатыр. Қордың штаб пәтері Швейцарияда орналасқан. Олар 2017 жылы Қырғызстанның Нарын қаласында және 2018 жылы Тәжікстанда осындай университет ашты. Қазақстанда бұл мәселе қазіргі таңда Мәжіліс талқылауына жіберілген. Егер рұқсат берсе, құрылыс жұмыстары бірден басталмақ. Салынбақшы кампустың құны 200 млн АҚШ долларын құрап отыр.
Бүкіл қаражаты Карим Ага-Ханның қорының есебінен төленеді. Ішінде студенттер қалашығы, жатақханасы, университет ғимаратын салу қолға алынбақ. Қазір университетке бөлінген жерге 10 мың ағаш отырғызылып, айналасына абаттандыру жұмысы жүргізілген. Оқу ордасы халықаралық деңгейде болғандықтан, ондағы сабақтардың барлығы ағылшын тілінде өтеді, елімізден және шетелден профессорлар тартылады. Университеттің барлық фазасына 1,5 млрд доллар инвестиция қажет. Егер ол іске қосылса, 400 адамды жұмыспен қамтимыз. Алғашқы жылы 150 студент қабылдау жоспарда бар. Негізінен инженерлік іс және бизнес бағытында білім беріледі. Ондағы гранттарды университет өзі бөледі, – дейді Қуандық Тілеужанұлы.

Әкімнің қабылдауында


Келер жылы құрылғанына жетпіс жыл толатын жер жәннаты Жетісудың інжу-маржаны – Текелі шаһары Алматы облысындағы жалғыз моноқала. Кезінде бұл жерде сақалын таудың самалына
желпітіп, жартастардың ұшар басында секиіп тұратын таутекелер көп болғандықтан, Текелі атанып кеткен деседі. Өзі аттас өзеннің сол жағалауында, Жетісу Алатауының батыс сілемдері шатқалының бірінде, теңіз деңгейінен 950-1600 м биіктікте орналасқан қалада 34 мыңнан астам тұрғын бар. Қала маңындағы әсем табиғатты тамашалап, көрікті жерлерді аралау үшін туристер жиі келеді. Жаз кезінде олардың саны күніне 200-300 адамға дейін жетеді. Әсіресе, көршілес Ресейден келетін туристердің саны басымдау. Осы орайда алдағы уақытта да келетін туристер санын арттыру үшін қала басшылығының ішкі туризмді дамыту бағытында қолға алып жатқан жобаларымен таныстық. Бұл жөнінде журналистерді арнайы қабылдаған Текелі қаласының әкімі Б.Қ. Молдахметов әңгімелеп берді. Батыр Қайыркенұлының айтуынша, қалада туристерді қабылдайтын жеті мейманхана бар, олардың барлығы Ashyq жүйесіне қосылған.
– Туризм саласын қала экономикасын дамытудағы басты бағыттардың бірі деп санаймыз. Текеліге ақылды қала жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, Смарт сити технологиясын енгізе отырып, туристік ХАБ ретінде қарастырмақпыз (бұл қала бойынша тач скрин жүйесі бар интерактивті ақпараттық жабдықты орналастыруды және Бұрхан бұлақ сарқырамасына дейінгі барлық туристік бағыттар бойынша free Wi-Fi тегін интернетпен қамтамасыз етуді білдіреді). Осы мақсатта Алматы қаласының агломерациясын жасаған «Urban Style» ЖШС басшысы, елімізге танымал архитектор Любовь Нысанбаевамен келісім жасалды. Мамандар қаланы аралай келе, төрт хаб жасау жөнінде шешім шығарды. Бұл жобаларды дайындауға 12 млн теңге бөлінді. Қаланың кіре берісінде, ортасында туристік нысандар бойынша мағлұмат беретін интерактивті тақталар қойылады.
Туризмді дамыту мақсатында қала аумағында 4 учаскені абаттандыруды жобалау басталған. Біріншісі – LED-экран, тач скрин функциясы бар интерактивті-ақпараттық жабдық, полицияның модульдік бекеті, сауда павильондары, аялдама, тұрақ және санитарлық тораптар орнатылған
қалаға кіреберісті абаттандыру. Осы мақсатта LED-экран сатып алу және орнату үшін 14,2 млн. теңге қаражат қажет. Екіншісі – жаяу, велотуризм, мототуризм, қысқы спорт түрлері, парапланеризм, құзға шығу бойынша федерацияларды орналастыруға арналған 1 гектар көлемдегі аумаққа орналасқан модульдік үй-жайлары бар «Горняцкий» шағынауданындағы жер
учаскесін абаттандыру, сондай-ақ гидтер мектебін орналастыру жоспарланған. Жалпы, Текелі қаласында «Текесу» туристік кешені жұмыс істеп тұр. Бұл аумақта 400 метрлік және 800 метрлік сырғанақ жолы, балонмен, шанамен сырғанауға арналған туристік база бар. Сонымен қатар мұнда
қыс мезгілінде шаңғы және сноубордта сырғанау, жазда тау велосипедімен экстремалды сырғанауға да мүмкіндік бар.  Алдағы уақытта мұнда парашютпен секіру спорты, тауға өрмелеу, жаяу жүру, велосипедпен жүру, тау-тасты көлікпен аралау сияқты туристерге қызықты спорт түрлері дамытылмақ. Оны ұйымдастыруға ынталы компаниялар да бар. Үшіншісі – Қора өзеніндегі жарты
гектар жерді алып жатқан бұлақты абаттандыру. Қора шатқалы бойымен Бұрхан бұлақ сарқырамасына дейінгі туристік маршрутты отандық және шетелдік туристерге насихаттай отырып, Будда тасы мен ежелгі петроглифтерге бару арқылы шағын сәулет нысандарын орнату. Төртіншісі – Текелі аумағында республика бойынша ең ұзын көше – Дінмұхаммед Қонаев атындағы көшені
абаттандыру. Осы мақсатта арнайы конкурс өткізіліп, «Ремстройпроект» ЖШС, «Қазақстан-Қытай мұнай-газэнергопроект» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Аталған жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті сома мөлшері 18,5 миллион теңгені құрайды. Бұл көшені жаяу және велосипедпен жүріп өтуге қолайлы еткелі жатырмыз. Оған қоса электрлі самокат, велосипедпен жүргісі келетіндер оны осы жерде жалға алып, қаланы асықпай аралайтын болады, – дейді қала басшысы. Сонымен қатар, әкім туристік нысандар салынған соң, туристерге сапалы қызмет көрсету үшін жастар
арасында кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлетіндерін де айтып өтті.

Дамудың даңғыл жолында

Жалпы, табиғаты көркем шаһарға жан рахатына бөленіп, демалуға келушілер легі үзілмейді. Әсіресе, жаз мезгілінде табиғи сұлулыққа таңдай қағып, өзен мен тау бойлап қыдыруды ұнататындар көп. Келген туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы қалаға 50 бейнебақылау камерасы орнатылыпты. Алдағы уақытта адамдар көп жүретін жерге тағы 50
камера орнату жоспарда бар екен. Қаланың екі жерінде полиция бекеті тұр, ол компьютерлік жабдықпен толық жарақтандырылған.

Бейсен Құранбектің музейі

Дамудың даңғыл жолына түскен Текеліде туризмді дамыту жолында халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп отырған «Текелі» шипажайы мен балаларға арналған заманауи «Алтын Шажа» лагерінің маңызы зор. Балалар туристік орталық жұмысын алға бастыру мақсатында тауға өрмелеу қабырғасы тұрғызылып, қосымша туристік құрал-жабдықтар, велосипед, шаңғылар алынған. Қайтар жолда Талдықорған қаласындағы «Jetisu Media» ЖШС-не келген БАҚ өкілдері өмірден өтсе де, елінің жадында мәңгі қалған танымал журналист Бейсен Құранбектің музейінде болып, жәдігерлермен таныстық. Артынан «Түркітілдес журналистер қоры» ұйымдастырған «Fake news. Information manipulation& Factcheking» тақырыбындағы семинар-тренинг тағлымды сапардың нүктесін қойған шара болды.
Қор жетекшісі Нәзия Жоямергенқызы жалған ақпаратпен күрес, тексерілген ақпараттарды ғана тарату, әр жаңалықты жариялауда журналист пен БАҚтың әлеуметтік жауапкершілігі туралы айтып, қатысушыларға сертификат табыстады.
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»
Суреттерді түсірген
Ғалия ҚАЛИЕВА

 

Комментарий