Жаңалықтар | Новости

“Қайраттың” бас бапкері қызметінен кетті

Алексей Шпилевский “Қайрат” футбол клубының бас бапкері қызметінен кетті. Ол бұл қызметте 2,5 жыл жұмыс істеді, – деп хабарлайды Vesti.kz.

Алексей Шпилевский “Эрцгебирге” футбол клубында жаңа қызметке тағайындалған. “Қайрат” ФК мерзімінен бұрын келісімшатты үзген бапкері үшін өтемақы алады.

Бас бапкердің міндетін атқарушы болып биылғы маусымда “Қайрат-Жастар” командасын басқарған қазақстандық Кирилл Кекер тағайындалды.

“Қайрат” ФК Алексей Николаевич Шпилевскийге атқарған жұмысы және бірге қол жеткізген жетістіктері үшін алғыс білдіреді! Жаттықтырушы мансабында табыс және жаңа жеңістер тілейміз!” – делінген клуб хабарламасында.

Шпилевскийдің неміс клубына кетуі туралы қауесет бір күн бұрын пайда болды. 33 жастағы маман “Қайратқа” 2018 жылдың қарашасында келген, ал 2020 жылы алматылықтарды 16 жылда алғаш рет чемпионатқа шығарды. Осы чемпионатта “Қайрат” үшінші орында келеді.

Комментарий