Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӘЛ ҮСТІНДЕ

Үкімет басшысы негізгі азық-түлік тауарлары бойынша қауіпсіздік деңгейі қамтамасыз етілді дегенмен, сауда орындарында бағаның тұрақсыздығы карантин жағдайында табысы азайған қарапайым тұтынушының көңілін тыныштандыра алмауда. Біздің елдің азықтүлік қауіпсіздігін қалай бағалайсыз деген сауалымызға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев: «Егіншілік саласында шешімін таппай жүрген мәселелер әлі де көп. Мәселен, еліміздегі басты дақылымыз – жаздық бидайдың орташа түсімі шамамен 1 гектардан 12 центнер болса, бізге ұқсас климаттық жағдайдағы Канада 27 центнер өнім алады. Соңғы 15 жылда Қазақстанда астық өнімділігі орта есеппен 15%-ға өссе, біздің басты сауда бәсекелестеріміз – Ресей, Канада және Австралияда 30-40%- ға өскен.

Дәл осындай деректерді майлы дақылдар, көкөніс және жем-шөп бойынша да келтіруге болады. Мұның себебі неде? Өнімділіктің негізгі факторы тұқым материалының сапасы болып табылады, оған өнімнің 30-40% байланысты. Бірақ қазіргі таңда осы негізгі сала – селекция мен тұқым шаруашылығы біздің мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалғанын ашық айту керек. Бүгінде біз сорттар мен гибридтердің шамамен 70%-ын, тіпті, бірқатар дақылдардың 100%-ын шетелден алатындай мүшкіл халге жеттік. Сырттан әкелінген сорттардың көпшілігі біздің топырақ-климаттық жағдайымызға бейімделмеген. Жетекші аграрлық елдердің ешқайсысында мұндай жүйелік қателік
жіберілмейді», – деді. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты жеке қабылдады. Себебі, оның есебін тыңдамағалы да талай уақыт болыпты. Бұған қарап кейбір жұрт
өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, берген тапсырмаларын уақытылы орындап жүрген соң Мемлекет басшысы да арнайы қабылдап, есебін тыңдағанды жөн көрмеген шығар деуі күмәнсіз. Алайда жайылым, су, мал азығын даярлауға қатысты соңғы кезде республиканың түкпір-түкпірінде
орын алып жатқан дау-дамайларды еске алсақ, бұл ойдың негізсіз екенін аңғару қиын емес. Мысалы, Президент 25 наурызда Премьер-Министрді қабылдаған кезде Үкімет пен облыс әкімдеріне азық-түлік бағасының одан әрі өсуіне жол бермеу үшін бақылауды күшейтуді тапсырды. Бұл әңгіме бұған дейін, бұдан кейін де әлі сан мәрте айтылары күмәнсіз. Өйткені, оның нәтижесі қарапайым халықтың көңілінен шыққан кезін ешкім көрген жоқ. Ал БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (FAO) бас директоры Ку Дунгю бүгінгі таңда Еуропа мен Орталық Азия аймағы экономикалық және ауылшаруашылық қуаттың генераторы. Бірақ бұл әлеуетті ашу үшін үлкен инвестиция мен инновация қажет деп отырған кезде 2014–2016 жылдары Ауыл шаруашылығы вице-министрі, 2016–2019 жылдары Мәжілістің Аграрлық мәселелер бойынша комитетінің төрағасы, ал 2019 жылдан Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарып келе жатқан Сапархан Кесікбайұлының әлемдегі және елдегі жағдайдан хабарсыз болуы мүмкін емес. 2002–2005, 2007–2008 жылдары Ауыл шаруашылығы вице-министрі, 2008–2011 жылдары министр болған Ақылбек Қажығұлұлының айтуынша, біздің фермерлеріміз тұқымның бір бөлігін
Ресейден, Еуропадан сатып алуға, тіпті, оларды мұхиттың арғы жағынан әкелуге мәжбүр болуда. Әрине, бұл өнімнің өзіндік құнына қатты әсер етеді. Осылайша, біз азық-түлік қауіпсіздігінің
базалық көрсеткіші болып табылатын отандық селекцияның сұрыптарымен қамтамасыз ету бойынша тәуелсіздігімізді жоғалтып алдық. Бұл кез келген санкция, табиғи апат немесе қандай да бір төтенше жағдайлар болса, ауыл шаруашылығымыз жоғары сапалы тұқымсыз қалатынын білдіреді. Қазақстанның егін шаруашылығы алқаптарының 93%-ы тәуекелді аймақта орналасқан. Дегенмен, құрғақшылық кезінде фермерлеріміздің жоғары өнім ала алмауы немесе банкротқа ұшырауы тек ауа райының салдарынан ғана емес. Оның бірден-бір себебі – елімізде құрғақшылыққа төзімді сорттардың жоқтығы. Біздің климатқа бейімделген ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттары мен гибридтерінің болмауына байланысты егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру тежелуде. Сол себепті солтүстікте жоғары протеинді және шырынды мал азығын өндіруді қамтамасыз ете алмай отырмыз, ондай мал азығы болмаса, мал шаруашылығы дамымайды. Ал оңтүстік облыстарда сапалы сорттар мен гибридтердің болмауынан көкөністің өнімділігі мен сақтау мерзімі өте аз, сондықтан маусымаралық кезеңде жетіспеушілік
қатты байқалады. Элиталық тұқым материалының қолжетімсіздігі мен қымбаттығына байланысты, біздің фермерлер көбінесе стандартты емес тұқымдарды (яғни,тауарлық астықты) себетіні құпия емес. Бүгінде элита тұқымды өндіріс аймағы ғалымдар ұсынғаннан 3 есе аз. Бірақ бұған қарамастан, мемлекеттік субсидиялардың едәуір бөлігі импортталған тұқымдардың құнын арзандатуға жұмсалуда. Басқаша айтқанда, отандық ғалымдарды қолдауды күшейтудің орнына, біздің бюджет қаражатымыз шетелдік селекциялық орталықтарды қаржыландыруға жұмсалуда.
ҚР АШМ «Агроөнеркәсіп кешеніндегі мелекеттік инспекция комитеті» мемлекеттік мекемесінің Алматы қаласы бойынша аумақтық инспекциясының бас маманы Бекжан Атақұловтың сөзіне қарағанда, 2020 жылы 68 алыс және жақын шетелден келген карантиндік жүктердің 40 073,6515
тоннасын азық-түлік құрады. Республика аумағында тасымалдау кезінде карантинге жатқызылған азық-түлік 95 490,228 тонна болды. Мәселен, облысаралық тасымалдау кезінде Ақтөбе облысынан әкелінген 98 тонна мақсары (сафлор) өнімінен карантиндік зиянкес – қоңыр мраморлық кене анықталды.
Сондықтан өнім алушыға сот арқылы 41 670 теңге айыппұл салынып, карантинге жатқызылған өнім тазартылды. Ал 2021 жылы Түркиядан әкелінген 15 025 кг қызанақтан қоңыр қатпарлы вирус анықталды. Залалданған өнімді кері қайтаруға нұсқама берілді, бірақ автокөліктің сынуына байланысты залалданған өнім Қазақстан аумағында арнайы орында жойылды. Сондай-ақ,
14 631 кг тәтті бұрыш өнімінен батыс гүл трипсі анықталып, сот шешімімен өнім иесіне 30 АЕК көлемінде (87510 теңге) айыппұл салынды. Зебра чиппен залалданған Нидерланды елінен автокөлікпен әкелінген 20 тонна тұқымдық картоп пен Франция елінен авиакөлікпен әкелінген 46,433 кг сәбіз тұқымына қатысты сот шешімдерінде де өнім иелеріне 30 АЕК көлемінде (87510 теңге) айыппұл салынды. Залалданған өнімдер тәркіленіп, арнайы орында тиісті мекемелердің қатысуымен жойылды. Яғни, азық-түлік қауіпсіздігіне әзірге ешкім толық кепілдік бере алмайды. Бұл өндіріс жағынан да, карантиндік тексеру жағынан да айқын аңғарылып отыр. Сондықтан
азық-түлік сатып алар кезде әр азамат ең алдымен өзінің білімі мен тәжірибесіне сенгені жөн. Әйтпесе, оның импорттық қаптамасы мен өзге де орамалары да сапалы екеніне кепілдік бола алмайды.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий