Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

АҚТАУ ҮКІМІН ШЫҒАРУ ЕРЛІКПЕН ПАРА-ПАР

ЖАҚЫНДА ПАРИЖ СОТЫ ФРАНЦИЯНЫҢ БҰРЫНҒЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ ЭДУАР БАЛЛАДЮРДІ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ДӘЛЕЛДІҢ ЖОҚТЫҒЫНАН АҚТАП ШЫҚТЫ. ЖЫЛ БАСЫНДА МӘСКЕУДЕГІ ПРЕСНЕНСКИЙ СОТЫ КРАСНОДАР ІІМ ПОЛКОВНИГІ, ОҢТҮСТІК ФЕДЕРАЛДЫ ОКРУГ БОЙЫНША КӨЛІК ПОЛИЦИЯСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ БҰРЫНҒЫ ОРЫНБАСАРЫ АДАМ ЯХУТЛЬГЕ 1,5 МИЛЛИОН ДОЛЛАР ПАРА АЛҒАНЫ ЖӨНІНДЕ ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТЫҢ КҮШІН ЖОЙДЫ.

Пара алғаны үшін айыпталып, темір торға тоғытылған шенеуніктер өзімізде де көп. Тергеу кезінде көпшілігі өздеріне тағылған айыпқа келіспей, ақ екенін дәлелдеуге тырысып жатады. Енді бірі, тергеу ісінің әділ жүрмегенінен жүрек талмасына ұшырап, денсаулығы сыр береді. Бірақ қылмыстың өтеуі жаза. Оның үстіне алғашқы айғақ айыптауға толық негіз бола алады. Үкім кесілген соң апелляциялық шағымнан үміт күтудің өзі шөп ішінен ине іздеумен бірдей. Дегенмен, соңғы жылдары жемқорлыққа қатысты айыпталғандар арасында ақталып шығушылар көбейді. Биылдың өзінде бұрынғы Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаға қатысты бюджеттік қаражатты аса ірі көлемде жұмсады және жымқырды деп айыпталған қылмыстық іс соңына жетті. Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотының судьясы оны кінәсіз деп тауып, оңалту құқығын мойындады. Ақтөбеде де айып тағылып, кейін ақталып шыққан аудан әкімінің орынбасары құқығын аяқасты еткен құзырлы орындардан 1,5 млн теңге өтемақы өндіріп алды. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтікэкономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды», – деген еді. Сонымен қатар, халық үніне құлақ асатын мемлекет – әділетті мемлекеттің жарқын үлгісі екенін жеткізіп: «Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары көрсеткіштер үшін зардап шекпеуі керек. Адам тағдыры қылмыстық істердегі қателіктерге байланысты екенін есте ұстаған жөн», – деп қадап айтқан болатын.

Бірақ үш сатылы әділет жүйесі әділдік үшін күресіп жүргендердің үмітін жаға қойған жоқ. Өйткені, ақтау үкімін шығаруға кейбір судьялардың ар-ұяты жетпесе, кейде жалтақтықтың кесірінен жаланың жетегінде кетуге мәжбүр. Бірнеше жыл қазылық қылған, қазір адвокаттық қызмет ететін Ләззат Ахатова осылай деп отыр. Айтуынша, көрсеткішке жұмыс жасайтын біздің елде ақтау үкімінің аздығына таңқалуға болмайды. Біздегі тергеуші, прокурор мен судья – бір отбасы мүшелері. Олар ортақ жұмыс істейді. Ақтау үкімі полиция мен прокуратурадағы ескірген есеп беру жүйесіне кері әсер етеді. Себебі, ақтау үкімі шығатын болса, сол іске қатысқан бүкіл қызметкер жауапкершілікке тартылуы тиіс. Тергеу жүргізіп, іс қозғағандар бастары кететіндерін біледі. Сол үшін соттарға түрлі тәсілдермен қысым көрсете бастайды. Сондықтан судьялар құқық қорғау органдарымен жанжалдасқысы келмейді. Соның салдарынан тергеу барысында кететін кәсіби кемшіліктер сот үкімінде де жалғасады. Қазіргі Жоғарғы Сот төрағасының өзі Бас прокуратураны басқарып отырғанда «Сотты тергеушілердің эмоциясынан, айыптаушының екпінінен қорғауымыз
керек» деген еді. Екіншіден, «тергеушілер мен прокурорлар ешқашан қателеспейді» деген қасаң түсінік қалыптасқан. Яғни, іс сотқа кетті деген – түрмеге тоғытылу деген сөз. Мәселен, азғындық жасады деп айыпталған адамға қатысты тергеу ісі жүріп жатқанда, әлеуметтік желілерде адамдар сырттай күдіктіге қатысты берілген құзырлы орындардың деректеріне толық сенім артады. Осындай кедергілерге қарамастан ақтау үкімін шығару – судьялар үшін ерлік жасаумен пара-пар. Өйткені, түрлі органдардың қысымы мен тараптардың агрессивті ұстанымына қарамастан, ерікті шешім қабылдау қазы бойындағы қабілеттің көрсеткіші. Соңғы үш жылдағы Жоғарғы Сот көрсеткен мәліметтерге сүйенсек, ақтау үкімі көбейген. Мысалы, 2018 жылы 270 ақтау үкімі шықса, оның ішінде онша ауыр емес – 25, ауырлығы орташа – 78, ауыр – 146, аса ауыр – 21 іс бойынша ақтау
үкімі күшіне енген. Ал 2019 жылы 318 ақтау үкімі тіркелген. Былтыр 329 іс ақтау үкімімен аяқталған. Оның ішінде онша ауыр емес – 140, ауырлығы орташа – 84, ауыр – 100, аса ауыр – 5 іске соңғы шешім ақтаумен аяқталған.
Жоғарғы Соттың ресми өкілі Айдос Сәдуақасовтың айтуынша, елдегі ақтау үкімі шыққан істер бұдан да көп. Бұл статистика мемлекет тарапынан айыпталған істердің деректері, жеке айыптаулар бойынша статистика онда қосылмаған. «Соңғы үш жылда сотқа дейінгі татуласу рәсімі қарқын алды. Кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, ақсақалдар алқасы, билер кеңесі, соттың ішінде де бітістірушілер жұмыс жасайды. Сотқа келіп түскен іс бойынша бітістірушілер тараптарға
татуласудың жолын, артықшылығын түсіндіреді. Қысқарып жатқан істер көп. Қылмыстық істерде ауырлығы орташа және жеңіл істер бойынша татуласуға болады. Ауыр және аса ауыр істерде кейбір санаттар бойынша татуласу жоқ. Судьяның алдында әрбір іс жеке-дара қаралады. Әрбір істе қылмысты ауырлататын немесе жеңілдететін мән-жайлар болады. Үкім шығарарда қылмыстың қасақана немесе абайсызда істелуі, масаң күйде, топтасып жасалуы, бұрын сотты болуы, лауазымдық қызметті асыра пайдалануы негізге алынады. Ал адамның шын жүректен өкінуі, тергеуге атсалысуы, кәмелет жасына толмаған балаларының болуы, егде жастағы азамат, аяғы ауыр әйелдер, бұрын сотты болмағаны ескерілетін санаттар бар. Әр жаза әртүрлі тағайындалады. Сондықтан ақтау үкімі аз не көп деп тұжырым жасауға болмайды», – дейді ресми өкіл.
Бұдан бөлек, ақтау дерегінің аз болуын соттар тергеушілер мен анықтаушылар сотқа дейінгі тергеу сатысында көптеген істерді тоқтататындығымен түсіндіреді. Яғни, көп жағдайда іс сотқа жетпейді. Мәселен, Эстонияда ақтау үкімдері 10 пайызға жетеді. Бірақ, бұл сан жалпы және қысқартылған тәртіпте қаралатын істерден, ал бізде ақталғандардың пайызы үкім шығарылған адамдардың жалпы санынан есептеледі. Сондай-ақ, біздегі ақтау үкімін мұхиттың арғы бетіндегі елдермен емес, көрші елдердің көрсеткіштерімен салыстырудың өзі ерте. Ресейде бір жылдың өзінде аудандық соттар дағы алқабилер айыпталушылардың 70%-ын ақтап алған. Еуропа мен АҚШ елдерінде сотталушылардың 50%-ы әділдікке қол жеткізеді екен. Ал Жапонияда ақтау саны бір пайызға жетпейді. Ақтау статистикасы Францияда – 4%, Финляндияда – 2%, Португалияда – 0,7%, Бельгияда – 0,5%, Чехия – 0,4%, Венгрияда – 0,3%-ды құрайды.
Әлемдегі ақталу көрсеткішін салыстырар алдында әр елдің өз заңы мен сот жүйесі барын ұмытпаған жөн. Бізде іс алдымен тергеушілер мен прокурорлардың алдынан өтеді. Содан кейін барып сотқа жетеді. Судьяның алдына келмей жатып алдыңғы сатыларда қылмысқа баға беріліп, үкімі шығарылып қоятын біздің елдің қылмысты бағалау бойынша екі деңгейлі жұмыс жүйесі бар. Оны АҚШ-пен салыстыру қате. Оларда біздегідей сотқа дейінгі екі ай жүргізілетін тергеп-тексеру жоқ. Қылмыс жасаған адамды ұстаған бойда бірден сотқа жеткізеді. Бізде ұзақ уақытқа созылатын тергеп-тексеру – ақтау үкімінің аздығының басты себебі. Қудалау органы тексеріс жүргізіп, прокуратура айып тағып, судья үкім кескен соң айыпталушының ақталып шығуы қиын. Кейде тіпті жылдарға созылатын апелляциялық шағымнан қайран жоқ. Оның үстіне біздің алқабилерге ақтау
үкімін шығару өте қиын. Өйткені, судья алқабилермен бірге кеңесу бөлмесіне ақылдасуға кетеді және сол жерде оларға қысым жасалатыны көбірек айтылып жүр. Екінші жағынан, судья ақтау үкімін шығарса, екінші тарап оны сыбайлас жемқорлықпен байланыстырады.
Қылмыстық процесте прокуратура, тергеу және анықтау органдары ескі тәсілмен жұмыс жасайды. Қайта қарауға жіберілген істер шикі дәлелмен сотқа қайта жіберіледі. Сөйтіп тергеу, прокуратура жасаған іс жүргізу сатысында құқықбұзушылықтардың болуына қарамастан айыптау ұстанымымен бірауыздан келісіп, айыптау үкімі өзгеріссіз қалады. Отставкадағы судья Марат Азбанбаев Президент пен Төраға айтты деп, мәселе шешіледі дегенге сенбейді. «Кеңестік менталитеттен
арыла алмай жүрміз. Қылмыстық іс қозғалса, міндетті түрде сотқа жеткізу, жазалау саясаты санада бұзылмас дәстүр болып сіңіп кеткен. Ақтау үкімін шығару үшін заңда көзделген негіздер санатын кеңейту қажет. Іс жүргізу тәртібі тергеу кезінде бұзылған жайда, жауапқа тартылған адам міндетті түрде ақталуға жатады. Ақтау үкімінің саны азаматтық, ашық қоғам құруға ұмтылғанда ғана көбейеді. Ашық қоғамда халықтық бақылау күшейеді де, тергеу мен сот заңды сақтауға мәжбүр болады. Ақтау үкімін адал адам шығарады. Адал қызмет қағидасынсыз ақтау үкімі алға баспайды. Корпоративтік бірлестіктің көзі құру керек. Үш саты ма, бес саты ма, сот сатылмасын. Заңсыз пайда табу көзі болған жерде, сот қолбала болады. Көлеңкелі экономика – коррупцияның ата-анасы. Парақор сот – корупцияның туған баласы. Олай болмасын десек, әрбір істі қадағалауға алып, заң бұзылды ма, қызметтен қуу керек», – дейді Марат Ақторғайұлы.
Аяз би алдына әділдік іздеп келгендерге үкім айтарда жыртық тоны мен жаман тымағын хан сарайы босағасына ілдіріп қояды екен. Қазылықтың буына көңілі тасып, асып бара жатқанда, жағдайы жоқ кездегі жыртық шапанын есіне түсірген би тәубасына келетін болса керек.
Алайда қазір қара халықтың ішінен шыққанын тез ұмытып, тәубеге келуге асығатындар аз. Ащы шындық сол, ақталудан үмітті айыпталушы мен әділдік үшін жүрген адвокаттың өтініші көп жағдайда кері қайтады. Әділетсіздіктің соңы ашумен, арты өліммен аяқталып жатқан оқиғалар
көп. Соңғы үкімнен үміт күтіп келген айыпталушының ағайындары шарасыздықтан өз-өздерін өртеп, әділдікке қол жеткізу үшін арғы дүниеге аттанып кетіп жатыр. Жалған жаланың құрбаны болған қаншама адамға ақтау үкімін есту әзірге арман болып тұр.
Жадыра МҮСІЛІМ

Комментарий (1)

  1. Асқар

    Жадыра, айналайын откир маселени козгаган екенсин талабына нур жаусын унеми окып турамын.

Комментарий