Аймақтар | РегионыЖаңалықтар | Новости

Алматы облысындағы 17 мың тұрғыны бар ауылда спорт кешені ашылды

Елбасының 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы тапсырмасына орай Алматы облысында тағы бір осындай спорттық кешен ашылды. Жаңа нысан Көксу ауданының Балпық би ауылында салынды. Енді ауылдағы 17 мың тұрғын мұнда денсаулығын шыңдап, кәсіби спорттың 12 түрімен айналыса алады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Елді мекен тұрғындарын қуаныштарымен Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ, еркін күрестен Олипиада ойындарының қола жүлдегері Мәулен Мамыров және ардагерлер арасында гір көтеру спортынан әлем чемпионы Жұмахан Күзбаев құттықтап, ауыл жастарына табандылық пен қажырлылық, спортта зор жетістіктер тіледі. Ғимараттың салтанатты лентасы қиылды.

Заманауи спорт кешенінің құрылысына 673 млн. теңге жұмсалды. Ғимараттың жалпы алаңы 3 мың шаршы метр. Күрес, бокс, командалық ойындар залдары, скалодром, тренажер залы жабдықталған, сол сияқты 180 орындық көрермен трибунасы бар. Баскетбол, волейбол, гандбол, минифутбол, бадминтон, бокс, теннис, күрес сияқты спорттың 12 түрімен айналысуға барлық жағдай жасалған. Сонымен бірге жабдықталған медициналық кабинет, душы бар киім шешетін орын, гардероб, 16 орындық буфет те бар. Мүмкіндігі шектеулі жандардың да спортпен айналысуына барлық мүмкіндік қарастырылған.

Атап өтсек, бүгінгі күні Алматы облысында 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Сол қатарда шалғайдағы Райымбек ауданының Нарынқол ауылында және Балқаш ауданының Бақанас ауылында да жаңа спорт кешендері салынды.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарий