Жаңалықтар | Новости

Мақтарал пробация қызметі есебінде тұрған жастар рәміздердің тарихымен танысты

Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгінін және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Осы мерекеге орай Түркістан облысы Мақтарал аудандық пробация қызметі есебінде тұрған 29 жасқа дейінгі жастардың қатысуымен «Мемлекеттік рәміздер-менің мақтанышым» атты меркелік шара ұйымдастырылды.

Аталған шараның мақсаты – есепте тұрған азаматтардың мемлекеттік рәміздер жөніндегі білімдерін кеңейту және оларды отансүйгіштікке, өз елінің тарихын білуге тәрбиелеу болып табылады. Сондай-ақ, аталған шарада рәміздерге байланысты сұрақтар қойылып тұщымды жауап алды. Мақтарал пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы әділет майоры Самат Әділов рәміздердің тарихы жайында шағын баяндама жасады.

Тәуелсіздігін енді жариялаған еліміз үшін мемлекеттік рәміздерді қабылдау расында да жеңіл бола қойған жоқ. Тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізденіспен, мұқият дайындықпен қолға алды. Алдымен 1992 жыл­дың басында Жоғарғы Кеңестің төрал­қасы мемлекеттік символи­каны дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оған республика бойынша 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1200-ді құраған. Сондай-ақ конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.

— Мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Қазақстан да өз егемендігін жариялаған кезде оны ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәртібінде мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды. Еліміздің тұңғыш рәміздеріне тоқталар болсақ — Ту мен Елтаңба

тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал, Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілгенін болатын. «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы», деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін есте сақтауымыз керек, — деді өзінің баяндамасында аға инспекторы Самат Әділов.

Аталған мерекеге қатысып өз үлестерін қосқан жастарды Мақтарал аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы әділет майоры Нартай Сабаев құттықтап, есепте тұрған азаматтарға алғыс хаттар табыстады.

Комментарий