Жаңалықтар | Новости

Әр қазақстандыққа 10 сотық жер: Кезек неге баяу жылжиды?

Қазақстандықтар үй салу мақсатында мемлекеттен берілетін заңды 10 сотық жерді алу үшін  бірнеше жыл бойы кезегін күтті. Бірақ кезек өте баяу жылжиды. Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайға түсініктеме берді, – деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

Рүстем Серімбетов әйелі және үш баласымен аядай ғана бөлмеде өмір сүреді. Оның өзін жалдап тұрады. Ал жақында төртінші сәбиі дүниеге келеді. Осыдан бес жыл бұрын Алматы облысының Қаскелең әкімдігінде тегін жер алуға кезекке тұрған. Сол кезде тізімде 842-ші болып тұрған, бес жылдан кейін 834-ші қатарда болды. Кезек тек сегіз адамға алға жылжыған.

«Былтыр әкімге хат жолдадық. Олар әзірге жер жоқ деп айтты. Жер көп: жол бойында қанша учаске сатылып жатыр, көріп жүрміз. Мүмкін, тегін бергісі келмейді», – деді Рүстем Серімбетов.

Тегін жер учаскесіне құқық Жер кодексінің 50-бабында көрсетілген. Тұрғын үйі бар-жоғына қарамастан, әрбірқазақстандық 10 сотық жер талап ете алады. Қазақстандықтар әкімдіктерден жеке қосалқы шаруашылық, бау-бақшамен айналысу мақсатында да тегін жер ала алады. Бүгінгі таңда бір жарым миллионнан астам азамат 10 сотық жерге кезекте тұр. Бірақ өткен жылы тек он мың учаске берілді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі кезектің неліктен баяу қозғалатынын түсіндірді.

«Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беруге сумен және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген жерлерде рұқсат етіледі. Осыған байланысты жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскелерін алуға өтініштердің ұзақ уақыт бойы қанағаттандырылмауының себептері – бос аумақтардың болмауы және алаңдарды тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды қаржыландыру», – деді министрлікте.

Экономист Меруерт Махмутова елде жер мен ақша жеткілікті деп санайды. Мысалы, имидждік жобалардың орнына учаскелерге коммуникация жүргізіп, халыққа таратқан дұрыс.

«Бұл жерде нашар әкімшілендіру, жергілікті атқарушы органдардың нашар менеджменті проблемаларын көріп отырмын. Себебі жерді бөлу әкімдіктердің қолында. Шын мәнінде, бұл тұрғын үй мәселелерін шешудің ең жақсы тәсілі болар еді», – деді әлеуметтік мәселелерді талдау орталығының директоры Меруерт Махмутова.

Комментарий