Құқық | Право

Алматылық медицина ұйымдары 448 млн теңгенің қызметін түрлі кемшіліктермен көрсеткен

Биылғы жылдың 1-тоқсанында Медициналық сақтандыру қоры алматылық медицина ұйымдарының 23 мың қызметті түрлі кемшіліктермен көрсеткенін анықтады. Нәтижесінде қаладағы емдеу мекемелеріне 448 млн теңге айыппұл салынды.
Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтың сөзіне сүйенсек, кемшіліктің басым бөлігіне бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары жол берген. Емханалар көрсеткен қызметтен 21 мың кемшілік анықталып, 59,6 млн теңге қайтарып алынды.
Сонымен қатар, ақаумен көрсетілген 1,9 мың қызмет – стационарлар мен стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі. Олар 321,8 млн теңге айыппұл төледі.
«Мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің дені емдеу-диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарға келіп саяды. Сонымен қатар, «көрсетілді» деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да бар», — деді Тілеухан Әбілдаев.
Естеріңізге сала кетсек, Қор сарапшылары халыққа көрсетілген қызмет сапасын тұрақты бақылап отырады. Көрсетілген қызмет ақысы да жан-жақты тексеруден кейін төленеді.
«Бүгінде дәрігер көмегіне жүгінбеген адамды «қабылдауда болды» деп жазу мәселесі жұртшылық арасында өзекті мәселеге айналып отырғаны белгілі. Биылғы жылдың 1-тоқсанында филиал мамандары азаматтардан түскен арыз-шағымдар нәтижесінде осындай 76 фактіні анықтап, медицина ұйымдарына 1,7 млн теңге айыппұл салды, — деді филиал басшысы.
Қайтарып алынған қаражат медициналық көмектің өзге түрлеріне жұмсалады.

Комментарий