Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ШАРЫНДАҒЫ СЕЛ: КАДР МЕН ҚАДІР

Тамаша табиғатымен талайды тамсандырған Шарын шатқалының адамға сыйлайтын әдемі әсерімен қатар қауіп-қатері де баршылық. Жайбарақат жылжып аққан өзеннің иірімі де осы уақытқа дейін талай жанды тереңіне тартып әкетіп, тұңғиығына батырғанынан хабарымыз бар. 29 мамыр да сондай тосын жағдаймен елді абыржытып тастады. Түс әлетінде Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Шарын шатқалының төменгі бөлігінде сел жүріп, қайғылы оқиға орын алды.

Әлеуметтік желіде лезде тараған бейнетаспалардан жолындағыны жапырып келе жатқан асау толқын мен шарасыз жандардың жанталасын бірден байқауға болады. Қауіпсіз жерде тұрып қолайлы «кадр» іздегендердің қалағаны да сол болса керек. Төменде жүрген адамдарға ескерту жасап, көмекке асығудан гөрі, камерасын сайлағандарға селдің соққысына төтеп бере алмай, тұншыққан жандардың көрінісін неғұрлым сапалы түсіру маңызды болған секілді. Адамның
қадірі кеміп, «кадрдың» қадірі артқан заман ғой қазір.
ҚР Білім және ғылым министрлігінен келіп түскен ақпаратқа қарағанда, саяхаттап барған топтардың арасында Алматы қаласындағы №199 гимназияның 8 оқушысы болған. Оларды 5 ата-ана мен 3 мұғалім ертіп жүрген. Таудан құлай аққан батпақты сел ағызып әкеткен 26 жастағы бейімдік пән мұғалімі Мерей Ибрагимов пен 5 сынып оқушысы Райма Касен көз жұмған. Жоғалып кетті делінген 11 жастағы Зере Бисембай Шарын өзенінің бойында жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде келесі күні, яғни 2021 жылғы 30 мамырда құтқарылды. Таңғы 7.50-де «Шарын» ұлттық паркінің қызметкерлері инспектор Ермек Өмішов, гид эксурсовод Ернар Жүнісов, контролер Ербол Сатымбаев Зерені құтқарушылар қолына табыстады. Азаматтарға мың алғыс!
Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің мәлімдеуінше, жоғалған қыз оқиға орнынан 3-4 шақырым қашықтықта Шарын өзенінің сол жағалауынан табылған. Шатқалдың биіктігі 800 метрден 1500 метрге дейін екенін айта кетейік. Өзен жағалауындағы осы бөлігі жартасты және өтуі қиын жер болып саналады. Алматы облысы ТЖД және РЖҚЖ құтқарушылары жарақат алған Зереге дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетіп, «Қазавиақұтқару» АҚ авиациялық техникасын пайдалана отырып, Алматы қаласының медициналық мекемесіне жеткізді. Іздестіру-құтқару жұмыстарына республикалық және Алматы облысының 100 шақты құтқарушысы, полицейлер, еріктілер, жергілікті атқару органдарының, «Шарын» МҰТП қызметкерлері, кинологиялық қызметтің иттері, жүзу құралы, 15 арнайы техника, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның ЕС-145 еврокоптері, «Қазселденқорғау» мекемесінің Ми-8 тікұшағы жұмылдырылған.
Сондай-ақ, әртүрлі жарақат алған мектеп мұғалімдері Ұлжан Есжанова мен Майнұр Тоқтасын, 5 сынып оқушылары Айзере Манат пен Аяжан Серікбай Ұйғыр ауданының орталық ауруханасына жатқызылып, тиісті емдом жасалуда. Алған жарақаты аса ауыр емес 50 жастағы Бекайыр Шриманов пен 51 жастағы Елена Бервинова алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң, үйлеріне жіберіліпті. Орын алған оқиғаға орай Алматы облысы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінде жедел штаб құрылып, психологиялық қолдау бойынша қауырт желі ұйымдастырылған. Сол күні түстен бастап түн ортасына дейін құтқару қызметінің телефонына тыным болмапты. Қаза тапқандар мен зардап шегушілер туралы ақпарат білмек болып алаңдаған ағайын-туыстарынан 43 қоңырау түскен. Төтеншеліктердің айтуынша, селдің жүруіне күн райының күрт құбылуы әсер еткен. Сол күні шамамен он бес минут бұршақ аралас өткінші нөсер жаңбыр жауған. Министрлік қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. Алайда саяхатты ұйымдастырушы ересектер тарапынан қауіпсіздік шаралары сақталғанда, мұндай қайғылы оқиғаға жол берілмес еді деген ой өзекті өртейді.
Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір ата-ананың, білім беру ұйымдарының маңызды міндеті. Әсіресе, жаз айларында бақылауды күшейту керек. Терезелерді ашық, қараусыз қалдыруға болмайды. Суға шомылу маусымындағы оқыс әрекет те жарға жығуы мүмкін. Балалардың жарақаттануы және қаза болуы көбінесе өрт шығу, жол жүру ережелерінің бұзылуы, ойын кезінде орын алады. Қауіп табиғи апаттардан, уландырғыш заттардан, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасаудан, тағы басқа себептерден туындайды. Оқу жылы аяқталған кезде мұғалімдер мен ата-аналардың балалармен бірге саяхатқа шығуды жоспарлайтыны белгілі. Мамандар мұндай жағдайда мүмкіндігінше абай болып, сақтық шараларын ұстануға шақырады. Қауіпті су айдындарына жақындамай, әрдайым балалардың жанында болуды сұрайды. Өйткені адам өмірі мен амандығынан қымбат ештеңе жоқ. Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын әлемде 900 мыңға жуық бала өлім құшады екен. Ал миллиондаған бала жарақат салдарынан мүгедекке айналады. Сондықтан елімізде де балалар қауіпсіздігі кезек күттірмес мәселе болып тұр. Айналайындарымызға абай болайықшы, ағайын!
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий