Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

АЛМАТЫ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТІ ҚАЛАҒА АЙНАЛА АЛМАДЫ

Алатаудың бөктеріндегі әсем Алматы бұрын әлемге жасыл желегімен әйгілі еді. Соңғы ширек ғасырдан астам уақытта мұндағы ахуал күрт өзгерді. Құрылыс көбейіп, ағаштар көп кесілгендіктен, оның саны жан басына шаққанда біреуге әрең жететін жағдайға келді. Сондықтан бұл мәселе өткен аптада Парламент төрінде көтеріліп, мәжілісмендер ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдады.
«Ақжол» партиясы фракциясының 12, Nur Otan партиясы фракциясының 1 депутаты қол қойған бұл сауалда соңғы 40 жылда қалада жасыл желектің жан басына шаққанда 2 есе азайғаны және экологтардың пайымдауы бойынша қаладағы 2 млн-нан астам ағаштың 25 пайызға жуығы ауру және әлсіз жағдайда екені айтылады. Жауын сулары үшін қазылған арық жүйесінің жағдайы да мәз еместігі, осы мәселелердің «2020–2024 жылдарға арналған Жаңа Алматы» кешенді жоспарында да, «Алматы-2025» даму бағдарламасында да тиісті деңгейде көрініс таппағаны айтылды. Сондықтан Алматыны дамыту тұжырымдамасын 5 бағыт бойынша қайта қарастыруға ұсыныс жасалды. Оның ішінде саябақтар мен скверлер көлемін қала аумағының 40 пайызына дейін жеткізу де бар. Бұл мәселелердің барын Алматыдағы Ж.Жиембаев атындағы қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының орман және жасыл белдеу қорғау бөлімінің меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Нұржан Мухамедиев де растап отыр. Ғалымның айтуынша, қаладағы ауру және кәрі ағаштардың мәселесі бір жылда ғана шешілетін нәрсе емес.
«Кәрі және ауру ағаштардың 50/50 болып тұруының басты себебі 5-6 жыл бұрын оларды емдеу жұмысы дұрыс жүргізілмеген. Ағаш деген көп жылдық өсімдік қой, дер кезінде дұрыс емдемеген соң одан түрлі аурулар шығады. Бұрын әр аудан түрлі уақытта тендер ойнатып, мамандар жаз бойы 2 рет емдеу жұмысын жасайтын және онда көбіне химиялық препараттар қолданылатын. Біздің институттың бас директоры, академик Абай Сағитов әкімдерге бұл туралы талай хат жазған болатын. Ағаштарды дәрілеумен әр аудан жеке-жеке айналыспай, бәрін орталықтандандырып,
бір уақытта жүргізбесе, жасалған жұмыстан оң нәтиже болмайтынына соңғы 1-2 жылда қала әкімшілігінің көзі жетіп, оны қайта өз қолына алды», – деген Нұржан Серікханұлы қаладағы парктер мен скверлердің азаюын нақты құрылыспен байланыстырып отыр. Сәуірде қаланы абаттандыру мен көгалдандыру жоспарларының онлайн таныстырылымы кезінде Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская саябақ аймақтарын қалыптастыру мен жоспарлау тәсілдері өзгертілгенін айтқан еді. Оның сөзіне қарағанда, жаңа қала құрылысының саясаты – қаланың әр ауданында дамыған орталықтарды қалыптастыру болмақ. Атап айтқанда, Түрксіб
ауданында былтыр Желтоқсан паркі құрылды. Биыл Бұқтырма көшесі бойындағы көл жағалауын, тоғай мен сайды қоса, аумақты абаттандыру жалғасады. Алатау ауданы Зерделі ықшамауданындағы саябақ аймағы жасыл дәліздің басы болмақ. Былтыр 42 га жерге 12 мың ағаш отырғызылды. Жетісу ауданындағы Көкмайса және Кемел ықшамаудандарында биыл 2 саябақ салынады. Үлкен Алматы каналы, Үлкен Алматы өзені жағалауын абаттандыру да жоспарланған. Әрине, жоба көп. Алайда оны қағаз жүзінде қалдырмай, нақты іске асыру жұмысының жоспарға сай жүзеге асуы атқарушы және заң шығарушы билік органдарының ғана емес, азаматтық қоғам ұйымдарының да белсенділігімен тығыз байланысты.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий