Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

Серікбай ТРҰМОВ, Маңғыстау облысының әкімі: «ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛСА – ҚҰТ»

– Серікбай Өтелгенұлы, ел тәуелсіздік алғалы маңғыстаулықтар саны екі есеге өскен екен. Оған қандай факторлар себепші болды?
– Мәліметіңізбен толықтай келісемін. Тәуелсіздіктің 30 жылы тарих үшін үлкен уақыт болмаса да, еліміздің өсіп, өркендеуі үшін айтарлықтай кезең. Осы аралықта Маңғыстау халқы екі есе өсіп, 720 мыңнан асты. Егемендік алған жылдары Тұңғыш Президент, Елбасы Н. Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында шетелдерге тарыдай шашырап кеткен қандастарымызды елге шақыру арқылы халық саны еселенді. Соның ішінде Маңғыстауға да байырғы аталарымыздың ұрпақтары көш түзеді. Әсіресе, Түркіменстан, Өзбекстаннан келушілер Маңғыстауға қоныс аударды. Оған өңірдегі экономикалық жағдайдың тұрақтылығы да себепші болды. Елге ел қосылса – құт деген осы.
– Өңірде экономикалық жағдайдың тұрақты болуы мұнайдан бөлек су арналары, темір жол мен көлік жолының қатар дамуының да арқасы болар…
– Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы қалыптасу жылдары Маңғыстау облысы экономикалық жағынан өсіп, өркендеді деп айтуға толық негіз бар. Оның ішінде көлік логистикасы, инфрақұрылымы дамуын атап өтуге болады. Біз республикада теңіз қақпасында орналасқан бірден-бір өңірміз. Каспий теңізі арқылы бірнеше елмен қарым-қатынас нығайды. Көлік қатынастары жақсарды. «Бейнеу-Жезқазған» темір жолы еліміздің орталығымен байланысты 600 шақырымға жақындатты. БейнеуШетпе тас жолы көлік қатынасының тұрақтануына, экономиканың ілгері басуына септігін тигізген мега жобалар деп айтуға болады. Шетелдермен байланысымыз туралы айтар болсақ, үлкен жетістіктер бар. Түркіменстан, Иранмен байланыстыратын теміржолдың салынуы «Өзен-Берекет-Горган» бағыты ауыз толтырып айтуға болатын іс. Бұл – еліміздің экономикасын әр тараптандыруға, мүмкіншілікті арттыруға серпін берген жоба.Теңіз порттарының жұмысы да қуантарлықтай дәрежеде тұр. Егемендігіміздің арқасында Құрық порты салынды. Жақын шетелдерге паромдар жүріп, су көлігінің қатынасы тұрақтанып келеді. Мұны Тәуелсіздігіміздің 30 жылында өңірдің жеткен жетістігі деуге болады. Осы бағытта әлі де жоспарлар бар, барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асады деп есептейміз.
– Халық санының артуы әлеуметтік салаға салмақ салып тұрған жоқ па?
– Халық санының артуының, әрине, әлеуметтік жағдайға әсері бар. Дегенмен, оны шешу жоспарлары да жасалуда. Жылдан-жылға мектеп құрылыстарын қарқынды жүргізіп келеміз. 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту толық шешілді. Бұл жерде жеке кәсіпкерлердің үлесін де атап өтуге болады. Мектептердің үш ауысымда оқуында мәселелер бар. Биылдың өзінде 6 мектептің құрылысы басталды. Оның үшеуі жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Былтыр 9 мектеп ашылған болатын.
– Ауыз су тапшылығының туындап отырғаны белгілі. Оны шешу жолдары бар ма?
– Иә, бүгінде тек біздің өңірде емес, әлемде ауыз су тапшылығы мәселесі бар екені рас. Дегенмен, облыс көлемінде мұның барлығын шешу жоспарлары жасақталуда. Өңірдің табиғи ерекшелігін де ескерген жөн. Ағып жатқан өзен жоқ. Қолымыздағы байлық – Каспий теңізі. Соның суы Ақтау қаласы тұрғындарына тұщытып беріледі. Кендірлі, Құрық, Форт-Шевченко, Ақтау қаласынан қосымша су тұщыту қондырғысын салуға жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Мұнайлы ауданындағы су тұщыту зауытын кеңейтіп жатырмыз.
– Жұмыссыздықпен күрес шаралары қай деңгейде жүріп жатыр?
– Жұмыспен қамту мәселесін шешуге бағытталған мемлекеттік те, өңірлік те бағдарламалар бар. Мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасымен республикалық деңгейде қаражат бөлініп отыр. Биыл 32 мың жаңа жұмыс орнын ашуымыз керек. Соңғы 4 айдың ішінде жоспарды 33%-ға орындадық. Негізгі мән беретін мәселе тұрақты жұмыс орнын қалыптастыру. Осы бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие беріп, бизнеске оқытып, кішігірім кәсібін ашуға гранттар беру жағын күнделікті бақылауда ұстап отырмыз. Әрине, ірі инвестиция тарту мәселесін де ұмыт қалдырған жоқпыз. Ол үшін арнайы экономикалық аймақ бар. Инвесторларды тарту үшін жұмыстар жүргізілуде. Қазір АЭА 34 қатысушы бар. 2 мыңнан астам жұмысшы еңбек етуде. Енді өндірістік бағыттағы құрылыстарды да кеңірек қолға алуды жоспарлап отырмыз.
– Сұхбатыңызға рақмет! Жұмыстарыңыз табысты болсын!
Сұхбаттасқан
Жазира ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ

Комментарий