Судья мінбері | Судебная система

Іс жүргізу тілін өзгерту заңмен қарастырылған

Тәуелсіздік алған соң Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Конституциямен, ҚР Тіл туралы заңымен айқындалды. Соған орай, қазақ тілінің ресми және заңнамалық жағынан мәртебесін биіктету, іс қағаздарын толықтай мемлекеттік тілге көшіру мәселелері барлық салада қолға алынды. ҚР Жоғарғы Соты да бұл шараға баса мән беріп, сол кездегі Бас судьяның «Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі іске асыру туралы» өкімі шықты. Соттардағы іс қағаздары мемлекеттік тілге толықтай көшірілді.

Жалпы соттарда мемлекеттік тіл мәртебесі жоғары, барлық құжат қазақ тілінде жүргізіледі. Ресми тілде жазылған құжаттардың аударма нұсқасы талап етіледі. Судьялар екі тілді де жетік меңгерген. Қазақ тілін жандандыруға соттарда талап қатаң.  Дегенімен, сот ісін жүргізуде әлі де болса шешімін таппай келе жатқан мәселе барын да айтқан жөн. Солардың бастысы ретінде қазақ тілінде қаралатын істер санының тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында да күтілген деңгейден шықпай тұрғанын атауға болады. Бұл жағдайда көбіне халық кемшілікті соттардан іздейді. Істің қай тілде қаралатыны тек соттарға байланысты емес екенін біле бермейді. Сондықтан, осы тұрғыдағы заң нормаларына тоқтала кеткен артық болмас.

Мәселен, Азаматтық процестік кодекстің 14-бабына сай, азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілі, қажет болған жағдайда басқа тілдер де қолданылады. Яғни, сот ісін жүргізу тілі талап қою арызы берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Осы бап талабымен істі сот талқылауына дайындау кезінде тараптардың жазбаша өтінішхатының негізінде істі жүргізу тілін өзгертуге болатыны заңдық тұрғыда тараптарға міндетті түрде түсіндіріледі. Өйткені, іске қатысушылардың кейбірі ресми тілді түсінгенімен, өз ойын нақты жеткізе алмауы мүмкін.  Сондай кезде істі қазақ тілінде жүргізу ұйғарылады.

Іске қатысушылар аталған Кодексте белгіленген тәртіппен аудармашы қызметімен қамтамасыз етілетінін де білген жөн. Сот істерінің ресми тілде жүргізілуінің басты себебі сотқа жүгінушілер мүддесін қорғаушы адвокаттар мен заңдық көмек көрсетуші өкілдердің мемлекеттік тілді білмеуімен де байланысты. Сондықтан, мемлекеттік тіл мәртебесінің артып, өрісінің одан әрі кеңуіне ең алдымен қарапайым азаматтардың өздері мүдделі болса, заң аясында сот істері де қазақ тілінде жүргізілер еді. Соттар тіл заңдылықтарының сақталуына кепілдік беріп қана қоймай, мемлекеттік тілде іс жүргізуді сапалық белеске көтеруде. ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов сот процестерін біртіндеп қазақ тіліне көшіру мәселесін айтты. Біз осы талап үддесінен шығуға атсалысуға тиіспіз.

Мемлекеттік тіл – ұлттық және рухани бірліктің басты факторы, негізгі басымдығы. Елбасының  «Тарих толқынында» атты кітабындағы «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?! Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі»  деген сөзіне сүйенсек, осынау ғажайып тілдің елімізде тұғырына нық қонуына бір кісідей жұмыла атсалысу бәріміздің азаматтық парызымыз.

Алмагүл Түменбаева,

Алматы облысының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Комментарий