Жаңалықтар | Новости

Заңсыз аңшылық

Тиісті жолдамасыз, аңшылық жасауға арнайы рұқсаты жоқ немесе белгіленген орнынан тыс, тыйым салынған мерзімде тыйым салынған қару мен әдістермен аңшылық жасаған заңсыз аңшылық болып есептеледі. Қазақстан Республикасында заңсыз аңшылық үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Қорғалжын аудандық сотында азамат Т-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы аңшылық жасауға рұқсаты бар әуесқой аңшы. Алайда аңшылық жасауға тиісті жолдама алмастан, пайдакүнемдік ниетпен, жануарлар тіршілік ету ортасына заңсыз аңшылық жасаған нәтижесінде мемлекетке материалдық шығын келтірген.

Сот отырысында азамат Т. өзінің кінәсін мойындап, аңшылық жасауға жолдамасы жоқ екенін біле тұра, пайдакүнемдік ниетпен, заңсыз аң аулағанын айтты. Өз ісіне өкінетінін білдіріп, қатаң жаза қолданбауын сұрады.

Сотта жәбірленушінің өкілі азамат К. сотталушы Т-нің жануарлар тіршілік ету ортасына заңсыз аңшылық жасау нәтижесінде мемлекетке келтірген материалдық шығынды толық өтегенін, қатаң жазаламауын сұрады.

Сот қылмыстық жауаптылық пен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының өзінің кінәсін толық көлемде мойындауын, кәмелеттік жасқа толмаған екі баласы болуын, мемлекетке келтірілген материалдық шығынды сотқа дейін толық көлемде өтегенін ескере отырып, бір мың бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу жазасын тағайындады.

Сонымен қатар, сотталушыға қосымша жаза ретінде аңшылықпен айналысу құқығынан үш жылға айырылды.

Үкім заңды күшіне енді.

 

С. Альсенова

Қорғалжын аудандық

сотының бас маманы

Комментарий