Жаңалықтар | Новости

Жазасын өтеушілерден тыйым салынған заттар табылды

Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ИЧ-167/9 мекемесінде жалпы тінту тексеру іс-шарасы өткізілді.

Сотталғандардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында өткізілген бұл іс-шараға ҚР ҰҚК Түркістан облысының департаменті, Полиция департаменті, Прокуратура, ҚР Ұлттық ұлан 6698 әскери бөлімі және Қоғамдық байқау комиссиясының мүшелері қатысты.

Тексеру барысында қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесіндегі жазасын өтеушілерден 27 дана ұялы телефон, 42 қуаттағыш құрал 2 дана ұялы байланыс батарейкасы, 7 дана Wi-Fi роутер, 3 флешкарта, 5 дана mp3, 23 дана құлаққап және сотталғандар арасында қайғылы жағдайға соқтыруы мүмкін 19 дана кесу-тесу (қолдан жасалған пышақтар, кескіштер) құралдары табылды. Тінту барысында барлығы 128 дана тыйым салынған зат табылған. Бұл заттарды сотталған адамдардың туыстары түрлі жолмен алып кірген. «Адамнан қулық артылмас» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Олардың туыстарының заттарын қанша тексеруден өткізсе де, тыйым салынған заттарды ебін тауып кірігізіп жіберіп отырады.

Айта кетейік, тыйым салынған заттардың басым көпшілігі сотталғандардың туған-туыстарының «көмегімен» ішке енген. Яғни, тыйым салынған заттарды жақындарына «жақсылық» жасауды көздейтін жазасын өтеушілердің туыстары мекеменің сыртқы қоршауынан лақтыру фактілері азаймай тұр. Мәселен, өткен жылы дәл осындай 5 дерек тіркеліп, заңды бұзған 6 азамат ұсталған. Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Талғат Абдранбаев туған-туысын заң бұзушылыққа итермелеген сотталғандардың тәртіптік жазаға тартылатынын, сондай-ақ заңды бұзған азаматтардың жазасыз қалмайтынын тілге тиек еткен болатын.

– Біз ИЧ-167/9 мекемесіне жоспарлы тінту жұмыстарын жүргізіп, сотталғандардан тыйым салынған заттарды тәркіледік. Дәл осындай жұмыстар бұл мекемеде жоспарға сай жыл сайын өткізіліп тұрады. Жалпы, тыйым салынған заттардың мекемеге ену арналарын анықтау мен жолын кесу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді Департамент бастығы Талғат Абдранбаев.

Комментарий