Жаңалықтар | Новости

Сотталған көп балалы әке, балаларын мерекемен құттықтады

ЗК-169/1тергеу изоляторының шаруашылық бөліміне қалдырылғандар арасында көп балалы әкелер де кездеседі. Соның бірі, А деген жаза мерзімін өтеуші азаматтың бес баласы бар. Тереңөзектің тумасы бұл жігіт тепсе темір үзетін шағында аңдамай басып, істі болып, 5 жылға сотталып кете барды. Енді міне, жазасын темір торда өтеп жүр. Мұнда отырып, сол бес перзентінің қамын ойлап алаңдаулы. Бүгінде шаруашылық бөлімінде ағаш ұстасы болып жұмыс жасайды. Тапқан табысының бір бөлігін әйеліне жіберіп отырады.

— Қылмыс жасағаныма өкінемін. Бес балама қамқор болып, қолдау көрсетер шақта, мұнда отырмын.Үлкенім мектепті үздік бітірді. Заңгер боламын дейді. Ең кіші ұлым төрт жаста. Қалған үшеуі мектеп жасындағылар. Жасөспірімдердің киімі қымбат, күнделікті тамағы тағы бар. Жұмыс істемей үй шаруасында отырған әйелім үшін оларды бағып-қағу оңай шаруа емес. Сондықтанда, ай сайынғы сот шешімімен бекітілген төлемімнен қалған еңбек жалақымның бір бөлігін, әйеліме жіберіп отырамын.

1 маусым балаларды қорғау күніне орай , үйдегі балаларыммен сөйлесіп, мерекелерімен құттықтадым. Жіберген ақшаға әйелім аз да болса, олардың жазғы маусымдық ең керекті киімдерін алар. Жазамды өтеп шыққан соң, балаларыма дұрыс тәрбие беремін. Олардың тәртіпті , төңірегіне сыйлы , жұрт қызығар азамат болып өсуі үшін, адал жолмен еңбек етемін-деп , ішкі сырын ақтарыла айтты сотталған азамат.

Ия, бала үшін әке –асқар тау, тірек болып саналады. Жаза мерзімін өтеп жатқан бұл сотталғандар, балаларымен сөйлесіп болған соң біраз күнге дейін көтеріңкі көңіл күйде жүреді. Балаларының жетістігі- олардың бостандыққа деген зор үмітін оятады. Бұл азаматтың әкелік қамқорлығы, оның түзелу жолына бет бұрғандығын байқатады. Сондықтан біз сотталғандардың туыстарымен онлайн форматтағы байланысын уақытылы ұйымдастырып отырамыз — дейді, жасақ бастығы, әділет лейтенанты Ниязов Нұрсұлтан Абибуллаұлы.

Комментарий