Жаңалықтар | Новости

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы әділет полковнигі Талғат Абдранбаев жиналыс барысында ашаршылық құрбандарын еске алып, бір минуттық үнсіздік жариялады.

Карантин талаптарын сақтай отырып, іс-шара департаменттің баспасөз орталығында өтті.  Кезінде жазықсыз жапа шегіп, егеменді ел болсақ деп ұрандаған алаш азаматтарын жастарымыз біле жүрсен деген мақсатпен ұйымдастырылған болатын.

 

— Тарих тағылымы! Жүректен өшпейтін із! 31 мамыр — ресми түрде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Солақай саясаттың сызын тартқан қаншама боздақ өмірімен қоштасты. Балалар жетім, әйелдер жесір қалды. Алаштың ардақтылары  жазықсыз жапа шегіп, көршілес елге жер аударылды. Кезінде Республикамызда төрт миллионға жуық халқымыз ашаршылықтан көз жұмған екен. Оның ішінде 113 мың адам қуғын-сүргiнге ұшырап, 25 мың зиялы азаматымыз жазықсыз ату жазасына кесілді. Ал, олардың балалары «халық жауының баласы» атанып, өмiрдiң қиындықтары мен азаптарын бастарынан кештi. Миллиондаған адамның өмірін жалмаған қаралы кезеңді ел ұмыта алмасы анық. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы 31 мамырды «Саяси қуғын-сүргін және ашарлық құрбандарын еске алу күні» деп белгілеп, Жарлыққа қол қойған болатын. Міне бүгiн қиын-қыстау жылдардағы шейіт болған арыстарымызды еске алып, тағзым ететiн күн. Бүгін осындай күні өмірден өткен азаматтарды еске алу — біздің басты борышымыз. Өйткені «өлі риза болмай, тірі байымас» деген дана қазақтың сөзі бар. Сондықтан, бүгінгі күнді ұрпақ жадынан еш шығармауы тиіс», — деді әділет полковнигі Талғат Абдранбаев.

 

Сөз соңында департамент басшысы «жастар тарихты білулері керек. Қазақтың мың өліп, мың тірілгенін білу керек. Бүгінгі ашық аспан астында, бір шаңырақта тату-тәтті өмір сүріп жатқанымыз кімнің арқасында екенін білулері керек деп ойлаймын. Сондықтан сол зұлмат заманда өмірден өткен боздақтарды еске алу қазіргі және келер ұрпақтың басты міндеті», — деп атап өтті әділет полковнигі Талғат Абдранбаев.

 

Енді бұл күн тек тарих қойнауында. Сондықтан да, келер ұрпақ та мұны жадынан шығармаулары керек. Өйткені, «өткенін білмей, болашақты болжау мүмкін емес» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек.

 

Комментарий