Жаңалықтар | Новости

Қытай билігі үшінші бала тууға рұқсат берді

Қытай билігі бала тууды шектеу саясатын жеңілдетіп, үш бала тууға рұқсат берді, – деп хабарлайды Reuters.

Мұндай өзгеріс президент Си Цзиньпин төраға болған Саяси бюро отырысында мақұлданды.

“Қытай бала туу саясатын одан әрі оңтайландыру үшін жүзеге асырады: ерлі-зайыптыға үш балалы болуға рұқсат беру”, – делінген хабарламада.

Билік жаңа шешім халықтың тез қартаю мәселесін ескере отырып, елдің демографиясын жақсартуға ықпал етеді деп санайды.

“Саясаттың өзгеруі қолдау шараларымен бірге жүреді. Бұл халық құрылымын жақсартуға, қартайған халыққа белсенді қарсы тұру стратегиясын орындауға және адам ресурстарының артықшылығы мен қауіпсіздігін сақтауға ықпал етеді”, – делінген агенттік хабарламасында.

Алайда билік шешімі Қытайдағы әлеуметтік желілерде жағымсыз реакция тудырған.

“Егер сіз маған 5 миллион юань (785 650 АҚШ доллары) берсеңіз, мен үш балалы болуға дайынмын”, – деп жазды Weibo қолданушыларының бірі.

Айта кетейік, “бір отбасы – бір бала” саясаты Қытайда 1979 жылдан 2015 жылға дейін қолданылған. Кейін 2016 жылы ел билігі бұл шектеулерді жеңілдетуге ұйғарып, ерлі-зайыптыларға екі балалы болуға рұқсат берді.

Комментарий