Жаңалықтар | Новости

Моральдық зиян мүліктік емес игіліктерде  ғана өндіріледі

Ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының әділ қорғалуына Ата Заңмен кепілдік берілген. Яғни, ҚР Азаматтық кодексінде көзделгендей, азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген азаматтық құқықтарды, соның iшiнде өздерiн қорғау құқығын өз қалауларынша пайдаланады.  Жалпылай алғанда, кез келген зиянды әрекет пен әрекетсіздік күнделікті өмірде, мысалы, өндіріс аясында, сауда орындарында, лауазымды тұлғалардың, қызметкерлердің, жұмысшылардың, азаматтардың заңсыз істерінің салдарынан және басқа жағдайлардан туындайды. Мысалы, жеке басына, ар-намысына, т.б. нұқсан келтіретін жайттарға кез келген азамат тап келуі мүмкін. Сондай кезде олар келтірілген залалдың және моральдық зиянның орнын толтыруды сот арқылы талап ете алады.

Азаматтық заңмен айқындалғандай, моральдық зиян –  азаматтың мүлiктiк емес игiлiктері мен құқықтарының бұзылып, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуының нәтижесінде туындаған жан мен тән азабы. Адам өмiрі, денсаулығы, ар-намысы мен қадір-қасиеті, бостандығы, жеке басына қол сұғылмаушылық, бұлар оған тумысынан тиесілі игіліктер. Адамның заңмен берілген құқықтарына тұрғын үйi, еркіндігі, жеке өмiрiнiң немесе отбасының құпиясы, хабарламалар, хат алысу құпиясы, авторлық және басқа да заңда көзделген мүлiктiк емес игіліктер кіреді. Осы жерде айта кетерлігі, моральдық зиянды өндіру туралы талап қанағаттандырылса, талап арыз берген кезде төленетін мемлекеттік баж жауапкерден талапкер пайдасына немесе жергілікті бюджет кірісіне өндіріледі. Мүлiктiк сипаттағы және моральдық зиянды өтеу туралы талаптар бiр талап арызда қойылса, онда мемлекеттік баж әрбiр талапқа жеке-жеке төленеді.

ҚР Азаматтық кодекс және заңдарына сәйкес, сот өзіндік мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарды қорғауды – құқықты тану, өзіндік мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтар бұзылғанға дейiн болған жағдайды қалпына келтiру, оның iшiнде мемлекеттік органдардың заңнамаға сай келмейтiн актілерін жарамсыз немесе қолдануға жатпайды деп тану, өзіндік мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтардың бұзылуы салдарын жою, моральдық зиянды өтеу арқылы жүргізедi. Талапкер талап қоюда шын мәнінде жан азабын растайтын мән-жайларды көрсетіп, нақты дәлелдемелерді ұсынуға, сонымен қатар, өзіне келтірілген моральдық зиянды өтеуді қамтамасыз ететін өтемақы сомасын көрсетуге міндетті. Азаматтық кодекстің нормаларына сай, моральдық зиянды құқыққа қарсы қасақана немесе абайсызда келтiрген адам толық көлемде өтейді. АК-нің 952-бабының талаптары бойынша моральдық зиян ақшалай нысанда өтеледі. Ақшалай өтемақының мөлшері құқыққа қарсы әрекет  және оның зиян келтірушіге тигізген салдары үшін жауапкершілік шарасы болады.

Соттар моральдық зиян өтемақысының мөлшерiн анықтаған кезде азаматқа келтiрiлген жан мен тән азабының ауырлығын, сондай-ақ, осы жағдайларды куәландыратын нақты мәлiметтердi, атап айтқанда, өзіндік мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтардың өмiрлiк маңызын, жәбiрленушiнiң басынан кешірген эмоциялық жағдайының дәрежесін, қайтыс болса оның жақындары тартқан зиянды, зиян келтiрушiнің кiнәсiн, отбасылық және мүлiктiк жағдайын, iс материалдарымен бекітілген басқа да мән-жайларды назарға алады.  Жәбірленушінің адамгершілік қасиетіне келтірілген зиянның ауырлығы әділ сараланады. Моральдық зиян өтелуге тиiс мүлiктiк зиянға қарамастан өтеледi. Заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтың мүлiктiк құқықтарын бұзатын әрекеттер мен әрекетсiздiк арқылы келтiрiлген моральдық зиян өтелуге жатпайды. Яғни, моральдық зиян тек жеке тұлғалардың өзiндiк мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтары бұзылған жағдайда ғана өндіріледі

 

 Мұхит Мұқашев,

Ақтау қалалық №2 сотының судьясы

Маңғыстау облысы

Комментарий