Жаңалықтар | Новости

Талап қоюдың да өз тәртібі бар

Қоғамымыздың  әрбір  азаматы  құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ, заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін Азаматтық процестік кодексте белгіленген тәртіппен сотқа жүгіне алады. Мұны айтып отырғанымыз, өмірде әртүрлі жағдай болады. Сондай кезде қай жердің  сотына талап қоятынын, жалпы талап қою тәртібін түсінбей жататындар жоқ емес, бар. Осы себепті, талап қою туралы заңдылықтардан көпшілікті хабардар етуді жөн санап отырмыз. Мұндай шара өз кезегінде құқықтық сауаттың артуына ықпал етері хақ.  Мәселен, құқығына нұқсан келген адам жоғарыда аталған Кодекстің 29-бабына сай, жауапкердің тұрғылықты жеріндегі сотқа жүгінеді. Ал, заңды тұлғаға талап құрылтай құжаттарына немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген мекенжай орналасқан аумақтағы сотқа қойылады. Жауапкердің мекенжайы белгісіз немесе тұрғылықты жері болмауы мүмкін. Сондай кезде оның жылжымайтын мүлкі орналасқан, сондай-ақ, ең соңғы тұрғылықты мекені бойынша талап қойылатыны 30-баппен нақтыланған.

Тағы бір айта кетерлігі, талап қоюшы талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгерте, мөлшерін көбейтіп, азайта, сондай-ақ, одан бас тарта алады. Жауапкер талап қоюды тануға құқылы. Тараптардың дауды татуласу, медиация, партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтауы заңмен көзделген. Сот өз бастамасымен талап қоюдың нысанасы мен негізін өзгерте алмайды. Алайда, заңға қайшы әрекеттер, т.б. орын алса талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын, бұған қоса жауапкердің талап қоюды тануын қабылдамауға, тараптардың татуласу келісімін бекітпеуге құқылы.

Қазіргі күні баласын бір өзі бағып-қағып отырған аналар жетерлік. Соған орай айтсақ, әке болуды анықтау және алимент өндіріп алу туралы талап қоюлар талапкердің тұрғылықты жеріндегі сотқа беріледі. Ал, некені бұзу туралы талапты мекенжайы орналасқан аумақтағы сотқа кәмелеттік жасқа толмаған балалары өзімен бірге тұрған жағдайда қоя алады. Адам өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшін жауапты болып танылған заңды тұлға таратылып кеткен жағдайда талап қою тиісті бюджеттік бағдарлама әкімшісінің орналасқан жері бойынша беріледі.

Құқығы бұзылған тұтынушы тұрғылықты жері не шарттың жасалу немесе орындалу аумағындағы сотқа талап қоя алады. Бірнеше жауапкерге талап қою керек болса, талапкердің таңдауымен жауапкерлердің бірінің тұрғылықты немесе орналасқан жеріне беріледі. Мұраға қатысты талап қоюға тоқталсақ, бұл заңдылық АПК-нің 31-бабымен сараланған. Мұра қалдырушы кредиторларының мұрагерлерге, өсиетті орындаушыға талап қоюлары мұраға қалдырылған мүлік орналасқан жердегі соттың қарауына жатады. Мұрагерді лайықсыз мұрагер немесе мұраны иесіз деп тану, қабылдау, одан бас тарту үшін мерзімді ұзартып, қалпына келтіру туралы талап қоюлар мұраның ашылған жері бойынша беріледі. АПК-нің  33-бабында өзара байланысты бірнеше істің соттылығы белгіленген. Осы заңдылық нормасына келсек, дербес талапты мәлімдеуші үшінші тұлғаның талап қоюы мен қарсы талап қою, бұлардың соттылығына қарамастан, бастапқы талап қою қаралатын жердегі сотқа беріледі. Бір жауапкерге бірнеше талап қою берілуі де мүмкін. Егер даулардың нысанасы бір-бірімен байланысты болса және талап қоюлардың соттылығы қаралып жатқан істің соттылығын бұзбаса, сот оларды бір іс жүргізуге біріктіруге құқылы. АПК-да талап қоюға қатысты бұдан басқа нормалар нақтыланған. Әрбір азамат ең алдымен талапты дұрыс қоюға көңіл бөлуі керек. Сонда ғана істің созбалаңға салынбай, уақытымен шешілуіне нық негіз қалайды.

Ғалия Оңланбекова,

Бостандық аудандық сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий