Жаңалықтар | Новости

Шығыстағы шырғалаң: Риддердегі өртке ҚазҰУ ғалымдары ғарыштан талдау жасады

Өрт, су тасқыны, жер сілкінісі – айтып келмейтін апат. Риддер қаласы маңында болған орман өрті де аяқасты елді дүр сілкінтті. Тиісті органдар тілсіз жаудың шығу себебін анықтап жатқанда, біздің ғалымдар ғарыштық технологиялардың көмегімен салдарын саралап шықты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қарасты Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) орталығының мамандары апаттан кейінгі ахуалды бағамдап көрген болатын.

– 10-11 мамырда Риддер қаласы маңында болған орман өртіне Жерді қашықтықтан зондтау мәліметтерін негізге ала отырып талдау жасадық. Бұл ғарыштық түсірілімді серіктесіміз Қытай ғылым академиясына қарасты Аэроғарыштық зерттеулер институты ұсынып отыр. Қашықтықтан зондтау деректері үш кезеңде алынды: 2021 жылғы 9 мамырда – өртке дейін, 15-16 мамырда өрттен кейін. Мониторинг аймағы 10-14 мамыр аралығында бұлтты болғандықтан, деректер қолжетімсіз болды, – дейді Инжиниринг және жоғары технологиялар кластері бас директорының орынбасары Өміржан Тәукебаев.

1-кескінде өртке дейін және өрттен кейін 9-шы және 15 мамырдағы суреттер көрсетілген. Орталық мамандары суреттің сары түспен белгіленген тұсы – бұл өртенген аймақ екенін түсіндіріп берді. Ал оның жалпы аумағы 242 гектарға тең. 2-кескін 16 мамырда түсірілген. Ол шартты түспен синтезделген. Бұл суреттегі қызыл аймақ – өсімдік жабыны бар жерлер, ал күйген аймақ қара түспен ерекшеленеді.

Сонымен, төтенше жағдай орын алғанда ғарыштық технологиялардың тағы да қандай мүмкіндіктері бар? Осы сауалға жауап іздеп, университетіміздегі Жерді қашықтықтан зондтау орталығының директоры Бахыт Сахариевті сөзге тарттық. Оның айтуынша, жер серіктерінен алынатын мәліметтер ауқымды жерлерге сараптама жасауға өте қолайлы.

– Жерді қашықтықтан зондтау спутниктерінің мәліметтері төтенше жағдайлар, техникалық апаттар мен климаттық катаклизмдердің салдарын талдауға тиімді. Одан бөлек, жерүсті немесе авиациялық бақылау тәсілдерімен салыстырғанда жедел. Әсіресе аумағы 10-100 шаршы шақырымнан асатын аймақтарға анализ жүргізу үшін ЖҚЗ – таптырмас тәсіл. Арзан әрі қауіпсіз деуге болады, – дейді орталық басшысы.

Қазіргі таңда жерді қашықтықтан зондтау технологиясы өртену қаупі жоғары аумақтарға да мониторинг жүргізуге болатынын көрсетіп отыр. Анализ барысында ойлы-қырлы жерлер, жол мен елді мекендердің орманнан қашықтығы есепке алынады. Өрттің таралу жылдамдығы мен бағытына әсер ететін тағы бір маңызды фактор – жел мен орман өсімдіктерінің құрамы. Өйткені құрғақ, ауру ағаштар тез жанып, желсіз ауа райында да инженерлік құрылымдарға қауіп төндіруі мүмкін.

Сондай-ақ ЖҚЗ деректері өртену қаупі бар аймақтардың картасын жасауға және өткен жылдардағы орман өрттерінің жиілігімен салыстыруға пайдаланылады. Осылайша өрт шалу қаупі жоғары және төмен жерлерді тауып, табиғи апатты басқарудың ұтымды стратегиясын жасауға болады.

Жоғары және орташа кеңістіктік дәлдіктегі ЖҚЗ деректеріне сүйене отырып көлемді сараптама жасалады. Мәселен, өрттің таралуын егжей-тегжейлі талдау; өртенген алаңның аумағын анықтау және келтірілген экономикалық залалды бағалау; өрттерді жою бойынша алдын алу іс-шараларын жоспарлау; шымтезектің терең жану ошақтарын анықтау.

Сарыуайымға салған Сардоба

Орман, дала өртінен бөлек, жиі алаңдататын төтенше жағдайлардың бірі – су тасқыны. Бір жыл бұрын Өзбекстандағы Сардоба суқоймасында болған апат екі тарапты да біраз әбігерге салды. Ол кезде де университетіміздің ғалымдары ғарыштық түсірілімдер негізінде Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы зардап шеккен жерлерді жедел және дәл анықтаған еді.

Мамандардың бағалауы бойынша, екі елдегі су басқан аумақтың жалпы ауданы 60 мың гектарды құраған. Оның ішінде 15,2 мың гектар жер  Қазақстанға тиесілі территория. Түсірілім кезінде мамандар апатты аймақта екі елдің 24 елді мекені тұрғанын анықтады. Оның жетеуі біздің елде орналасқан. Жер бедерінің ерекшелігіне қарай су ылдилап аққан. Рельефті талдау Қазақстандағы аймақтың еңісте орналасқанын көрсетті. Сол себепті судың үлкен көлемі біздің елді мекендер мен егіс алқаптарына лезде жеткен. Бөгет жарылғаннан кейін судың негізгі бөлігі Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы ойпатты аймаққа шоғырланып, жеткілікті тереңдікте үлкен су басу аймағы пайда болды. 2020 жылдың 3-4 мамырында түсірілген ғарыштық суреттерде көрсетілгендей, су басқан аумақтардың шекарасы кеңейе түскен. Мұны жер бедеріндегі еңістіктен бөлек, су тасқынына табиғи кедергілер мен үлкен дренаждық арналардың жоқтығымен түсіндіруге болады.

Сондай-ақ орталық мамандары Сардоба суқоймасының апаттан кейінгі жағдайына баға берген еді. Нәтижесінде бөгет жарылғаннан кейін суқойманың беткі ауданы 24,1 шаршы шақырымға азайғаны анықталды. Қорыта айтқанда, төтенше жағдай өміріміздің кез келген саласында туындауы мүмкін. Сондай сәттерде жедел әрекет етіп, барынша қауіптің бетін қайтарудың бір амалы – деректерді өңдеудің тың тәсілдерін игеру.

 

Кәмила ДҮЙСЕН

Комментарий