Жаңалықтар | Новости

Қызылордада пробация есебіндегі азаматша ағылшын тілін дамыту орталығын ашты

Бүгінде мемлекет тарапынан қаржылай қолдау тауып,  шаруасын дөңгелетіп отырған пробация есебіндегі азаматтардың  қатары артып келеді.

Жуырда Қызылорда қалалық пробация есебінде тұратын азаматша «Атамекен» ҚР ҰКП-ның «Бизнес Бастау» жобасы  шеңберінде, мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алды. Олар қайтарымсыз грантқа қол жеткізу үшін «Кәсіпкерлік негіздері» курсын тәмамдап, бизнес жоспар құрып, нәтижесінде, комиссия шешімімен бизнес жоспары мақұлданып,  мамыр айында 583 400 теңге көлеміндегі қаражатқа қол жеткізді. Қазіргі  таңда азаматша қаражатқа ағылшын тілін дамыту орталығын ашып, балаларды қабылдау жұмыстарын жүргізуде.

Қызылорда қалалық пробация қызметі бастығының орынбасары әділет капитаны Г.Жылкаманованың айтуынша, «Атамекен» ҚР ҰКП-ның «Бизнес Бастау» жобасы  бойынша жыл басынан бастап, пробация есебінде тұрған 14 сотталған азаматты кәсіпкерлік негіздерінде білімін жетілдіруге арналған тегін оқу курстарына жолдаған. Оның ішінде  2 азамат курсты толық аяқтап, біреуі ағылшын тілін оқыту орталығын ашса, екінші азамат «Сурет шығару орталығын» ашсам деп, бизнес жоспарын дайындауда. Пробация қызметкерлерімен сотталған азаматтарға көрсетілетін осындай іс-шаралар олардың кәсібін дамытып, қоғамға тез бейімделіп, түзелу жолына түсулеріне ықпалын тигізетіні анық.

«2019 жылдан бері пробация есебінің бақылауындамын. Пробация қызметкерлері тарапынан әлеуметтік-психологиялық көмек түрлері көрсетіледі. Жұмыс жасап, тұрмысын түзеймін деген жандарға мемлекет тарапынан көптеген мүмкіндіктер берілуде Жеке кәсібімді ашсам деген ұсынысымды пробация қызметкерлеріне жеткізгенмін, пробация қызметкерлерінің қолдауымен мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алдым. Ойлана келе, ағылшын тілін оқыту орталығын аштым. Өйткені, мамандығыма сай келеді. Қазіргі уақытты балаларды қабылдау жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Пробация қызметкерлеріне алғысым шексіз деді»,- есептегі азаматша .

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті

 

 

Комментарий