Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ЖЕКЕ КОМИТЕТІ МЕН ДЕПАРТАМЕНТІ ЖОҚ МИНИСТРЛІК

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың атын естімеген адам елімізде аз шығар. Алайда бұл министрліктің құрамында мәдениетке тікелей қатысы бар бірде-бір комитет не департамент жоқ екенін екінің бірі біле бермейді. Тіпті осы салада жүрген мамандардың өзі мәдениет комитеті мен мәдениет департаментін кім, қашан, не үшін қысқартқанын айта алмайды. Оны оларға ешкім, ешқашан түсіндірген емес.

Бірі министрдің бір білгені бар шығар дегенді алға тартса, екіншісі мәселе комитетке тіреліп тұрған жоқ қой деген ойда. Үшіншісі, мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқарту керек деп жоғарыдан нұсқау түскен соң, жоқтаушысы бола қоймас деп мәдениетті құрбандыққа шалған шығар дейді. Тарихқа көз жүгіртсек, мәдениет саласында 30 жылда 12 басшы ауысып үлгеріпті. Сонымен қатар ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде атауы да сан мәрте өзгеріп, өзге министрліктермен бірде қосылып, бірде қайта бөлініп жүрген кезде бұл салада түрлі өзгеріс болды. Алайда Мәдениет комитеті дегенді ешкім жойған емес. Сондықтан Арыстанбек Мұхамедиұлы министр боп тұрған кезде комитеттен департаментке айналып, Ақтоты Райымқұлованың дәуірінде мүлде департаменттен де айрылып қалған мәдениет комитеті мен департаментінің іздеушісі болмауына 2020 жылы басталған коронавирус індетінің таралуы қатты әсер еткен сияқты. Оны осы салада ұзақ жылдар бойы түрлі қызметтерді атқарған жазушы, еліміздің көрнекті мәдениет қайраткері Әлібек Асқаров та жоққа шығармайды.
– Комитет құрылып жатыр. Бір кезде мәдениет комитеті болған, қай уақыта жоғалып кетті білмеймін. Енді Президент Жарлығымен қайтадан құрылғалы жатыр. Бүгінде оған қандай функция берілетіні анықталуда. Өз басым мәдениет комитетінің қалпына келтірілгені өте дұрыс деп есептеймін. Спорт және дене шынықтыру істері комитеті бар. Тіл саясаты комитеті бар. Туризм индустриясы комитеті бар. Мәдениет комитеті де болу керек қой. Мәдениет деген үлкен ұғым. Ол – салт-дәстүр, менталитет және тағы басқалар.
2000 жылы Мәдениетті қолдау жылы деп жариялағанда, Әбіш Кекілбаев мемлекеттік комиссияның төрағасы, мен жауапты хатшысы болдым. Облыс әкімі орынбасарларын шақырып, әлуеметтік мәселелер бойынша әр тоқсан сайын есеп алып отырамыз. Сонда осынша клубты, кітапхананы қайта жөндедік, қайта қалпына келтірдік дейтін. Соған байланысты оларға рейтинг қоятынбыз. 1990 жылдары Әкежан Қажыгелдин Үкімет басшысы боп тұрған кезде кейбір ауылдардың клубтары бірер қойға сатылып кетті ғой. Кейін біраз дүниені қайтардық. Бір бизнесмендер оны қайта сатса, енді бірі халық игілігі үшін деп тегін беріп жатты, – деп өткенді еске алды.
Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті өзінің 2000 жылғы Жолдауында тек сол жылы 468 кітапхана, 239 Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңадан 5 театр ашылғанын қуана айтқан. Өз мәдениетімізді ұмытпауымыз керектігін және оның алдында қарыздар екенімізді жеткізе отырып, алайда осы уақытқа дейін ештеңе жасалмады деген шындыққа сай келмейтінін жеткізді. Жабылған
мыңнан астам мәдениет нысандарын қалпына келтіру мен жөндеуге 3,5 млрд теңге жұмсалғанын, 2001 жылғы бюджет жобасына мәдениет саласына биылғыдан 600 млн теңге көбірек бөлініп отырғанын айтты. Салаға деген бюджет шығысы айтарлықтай өсті. Алайда мәдениеттің өсуі тек бюджеттен бөлінетін млрдтар мен статистикадағы сандармен ғана өлшенбейтінін өмірдің өзі дәлелдеді. Бұл ең алдымен әлеуметтік-тұрмыс деңгейі мен қоғамдық санадағы өзгерістерден байқалды. Сондықтан да Елбасы 2012 жылы 10 шілдеде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20
қадам» деп аталатын мақаласында 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке берген нақты тапсырмаларының орындалу қарқыны мен сапасына қанағаттанбайтынын айтты. ХХ ғасырдың 60-жылдарында кеңінен таралған тұтынушылық қоғам тұжырымдамасының елесі әлі айқын сезілетінін, тұтынудың бұл идеологиясы бүлдіруші болғанына бүкіл әлем көз жеткізіп отырғанын, әлемнің дамыған елдерінде жаппай әлеуметтік масылдық туындатып, жаһандық дағдарыстың басты себептерінің бірі болғанын жеткізді. Сондай-ақ Үкіметке берген 18 тапсырмасында: «Мәдениет саласындағы жұмыс жаңа сапаға ие болуы тиіс. Өйткені, мәдениет қазіргі заманғы адамды қалыптастыруға және дамытуға ықпал ететін әлеуметтік жаңғыртудың елеулі жиынтығы болып табылады. … Мен еңбек адамына, өз ісінің білгіріне арналған әлеуметтік бағыттағы отандық мәдени өнімдер (кино, кітаптар, театр қойылымдары, телебағдарламалар) үлесінің жеткіліксіз екендігіне шығармашылық интеллигенцияның назарын айрықша аударғым келеді. Өскелең ұрпақ пен жас буын кәсібилік пен білікті еңбек өнімділігінің тартымды үлгілерін іс жүзінде көре алмайды. Мәдениет, ақыр соңында, қазіргі заманғы еңбек адамына қарай бетбұрыс жасауы тиіс! Өңірлер арасында олардың экономикалық және мәдени жетістіктері туралы
ақпараттар алмасу жеткіліксіз дәрежеде қалуда» деген еді. Бұл сөздер әлі де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Мысалы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтында оның мәдениет, этносаралық келісім, тілдерді дамыту, мемлекеттік рәміздер, мұрағат ісі мен құжаттама, электрондық құжат айналымы және электрондық мұрағат, дене шынықтыру және спорт, ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі салаларында басшылықты, салааралық үйлестіруді және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы екені жазылған. Сондай-ақ оның құрылымында Спорт және дене шынықтыру істері; Тіл саясаты; Туризм
индустриясы комитеттері мен Талдау және стратегиялық жоспарлау; Экономика және қаржы; Архив ісі және құжаттама деп аталатын департаменттерінің бары көрсетілген. Яғни атынан да көрініп тұрғандай, онда министрліктің қай мәселеге көбірек басымдық беретіні айқын көрініп тұр. Сананы тұрмыс билеген заманда, адамға рухани азық та керек екенін және оған үзіліссіз көңіл бөлу керектігін Үкімет түсініп, министрлік тиісті шешім қабылдап жатса, қанеки.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті» 

Комментарий