Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ҚАПШАҒАЙ жазғы маусымға дайын ба?

2020 жылы негізі қаланғанына 50 жыл толған Қапшағай бүгінде республикадағы болашағы жарқын қалалардың тізімінде көш басында тұр. Алматыдағы казино мен букмекерлік ұйымдар көшіріледі деген әңгіме шыққан кезден бастап, оны бұқаралық ақпарат құралдары шенеуніктерге сілтеме жасай отырып, «қазақстандық Лас-Вегас» деп сипаттай бастаған болатын.

1990 жылдардан кейін өндірісі баяулап, жұмыс орны азайғандықтан, тұрғындар тастап кеткен үйлер көбейіп, көркі кете бастаған шаһардың тіршілігі бүгінде қайта жандануда. Айналасындағы ауылдық округтер қала қарамағына өткен соң, мұндағы ұзақ жылдар бойы құлазып тұрған өндіріс
аймақтарында жаңа кәсіпорындар ашылып, экономика қарқынды дами бастады. Бір кездері ешкімге керексіз болып қалған Қапшағай бөгенінің жағалауындағы демалыс орындарының саны да күрт өсіп, туризмнің бойына қан жүгірді. 70 шақырым жерде тұрған республикадағы ең ірі мегаполис саналатын 2 млн тұрғыны бар Алматының ғана емес, оның айналасындағы елді мекендер тұрғындары мен өзге де саяхатшылардың сүйікті демалыс орнына айнала бастады.
– Қапшағай бөгенінің қалаға қарасты жағалауындағы демалыс орындарында 2019 жылы 800 мыңға жуық адам демалған болатын. 2020 жылы карантиндік режимге байланысты олардың саны 263 мыңды құрады. Атап айтқанда, мұндағы 176 демалыс орнының 2019 жылы 146-сы, 2020 жылы 85-і ғана істеді. Биыл біз пандемия болмаса демалушылар саны 900 мыңға дейін жетеді деп жоспарлап
отырмыз. Бұл үшін №6 және №7 жағажайларды абаттандыруды аяқтап, онда 32 шағын және орта бизнес субьектілеріне жұмыс орны ұсынылды. Енді №8 жағажайды абаттандыру жоспары жасалып, оны жүзеге асыруға байқау жариялап отырмыз. Соның нәтижесінде алдағы жылы 40 шағын және орта бизнес өкілдеріне жұмыс орындарын ұсынатын боламыз. Туризм саласының бюжеттік түсімдегі үлесі 2019 жылы 11 пайыз шамасында болса, былтыр 12 пайызды құрады. Биыл ол 15 пайыз болады деп жоспарлануда, – дейді қала әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет. Туризм демекші, былтыр Қапшағай қаласының бюджетіне түскен барлық салық 24 млрд теңге болса, оның 10 млрд теңгесі ойын бизнесінің үлесінде болған екен.
Жоспар бойынша Қапшағайдың қалаға қарасты жағалауындағы 50 гектар жерді абаттандыруға 1,6 млрд теңге жұмсалмақ. Былтыр №6-7 жағалаулардың 8 шақырымы жөнделді. Олар енді бір мезетте 15 мың адамды қабылдай алады. Қазір 1 маусымнан басталатын шомылу маусымына дайындық пысықталып, су, кәріз, электр жүйелері мен медпункт, құтқару қызметі сияқты барлық қауіпсіздік сақтау жұмыстары ұйымдастырылған. Енді бейнебақылау қондырғыларын орнату жоспарланып отыр. Қала әкімдігі басқа жағажайларда бақылау жүргізу, оқыс оқиға бола қалған жағдайда қауіптің алдын алу қиынға түсетінін мойындап, демалушылар мүмкіндігінше қауіпсіздік шаралары жасалған демалыс орындарына келсе жөн болар еді дегенді айтып отыр. Өйткені №6-7 жағажайда демалушыларға арнап көлік тұрағы салынып, күн сәулесінен қорғайтын арнайы
орындар қарастырылған. Демалушылар тек көлік тұрағына ғана ақы төлейді. Егер қосымша басқа ақылы қызмет түрлерін қажет етсе, оны өз қалауына сай таңдай алады. «Қапшағай бөгенінде 7 қалалық жағажай бар. Біздің мекемеге №6 жағажай 3 жылға сенімді басқаруға берілген. Мұнда 20 құтқарушы, 5 бақылау мұнарасы бар. Бақылау мұнараларының бәрі мегафон, шеңбер, дәрі-дәрмек сандығы, желет сияқты құтқару қызметіне қатысты құрал-саймандармен толық жабдықталған. Бұл қалалық меншіктегі № 6-7 жағажайларда жасалған. Ал өзге 5 жағажай жекеменшікте болған соң, олар ондағы қауіпсіздікке өздері жауап беретін болады», – дейді «Қапшағай тұрғын-үй» ЖШС
директорының орынбасары Қанат Қалиев. Оның айтуынша, әркім өз бетінше келіп демалатын өзге жағажайларды да төтенше жағдай қызметі мамандары өз күшімен аралап, қадағалау жұмысын жүргізеді. Алайда ондағы қауіпсіздікке ешкім кепілдік бере алмайды. Қапшағай бөгеніндегі соңғы жылдары демалушылар үшін жасалып жатқан бұл жағдайдан кейін биыл жол сапасына байланысты Алакөл мен Балқашта емес, Қапшағайда демалғысы келетін алматылықтардың қатары күрт өсуі күмәнсіз. Өйткені қалаға жақындығы, сапалы жолымен ғана емес, уақыт пен қаржыны үнемдеу жағынан да Қапшағай бөгенінің әлеуеті жоғары.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий