Жаңалықтар | Новости

Күзде Алматыдағы велотрек қолданысқа беріледі

Алматы қаласында орналасқан орталық саябақтағы велотрек қайта қалпына келтірілуде. Қазақстанның велосипед спорты федерациясының бастамасымен құрылысқа “Астана Моторс” компаниясы демеушілік етуде, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

40 жылдық тарихы бар спорт алаңы ұзақ уақыт бойы жұмыс істемей тұрған. Себебі веложолдар ескіріп, спортшылардың жаттығуына ыңғайсыздық тудырған. Сол себепті Федерация қайта жөндеп, осы күзде қолданысқа береді.

1,17 гектар аумақты алып жатқан велотректің жолдары толықтай жаңартылып, ортасында заманауи BMX-саябағы салынады. Жөндеу жұмыстары толықтай аяқталған соң бір уақытта 60-80 жуық кәсіби спортшы үш алаңда жаттыға алады. Айта кетейік мұнда кәсіби спортшылардан бөлек қарапайым қала тұрғындары да спортпен шұғылданса болады.

“Біз, әсіресе, балалар спорты мен бұқаралық спортқа басымдық беріп отырмыз. Жасөспірімдеріміз көшеде жүрмей, ойын алаңдарында уақыт өткізсе деген ниетіміз бар. Олардың арасында дарынды балалар болуы мүмкін, оларға барлық жағдайды жасап, таланттарының ашылуына мүмкіндік жасағымыз келеді”, – дейді Қазақстанның велосипед спорты федерациясының басшысы Нұрлан Смағұлов.

Жөндеу жұмыстарының барысымен Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов танысып, жас спортшылармен кездесті. Мәдениет және спорт вице-министрі велоспорттың маңызына тоқталып, бұл көп медаль жеңуге мүмкіндік беретін, сондықтан оны дамыту арқылы еліміздің имиджі қалыптасатындығын атап өтті.

“Велотрек әлемдік стандарттарға сай жөнделеді деп жоспарланған, осылайша мұнда тек жаттығып қана қоймай, халықаралық жарыстар өткізе аламыз. Дегенмен, ең бастысы  балаларымыздың, кішкентай спортшыларымыздың толыққанды спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасау үшін жасылып жатқан дүние”, – дейді Ерлан Қожағапанов.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның велосипед спорты федерациясы бұқаралық және балалар спортын дамыту бағдарламасы аясында еліміздің барлық аймақтарында 13 саябақ салуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы “Халық Арена” кешенінің аумағында BMX-саябағының құрылысы басталды.

Комментарий