Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

АДВОКАТТАР АЛҚАСЫНЫҢ КЕЛЕСІ ТӨРАҒАСЫ КІМ?

Соңғы жылдары адвокаттардың құқығы қорғалудың орнына, олардың тәуелсіздігі мен қылмыстық процестерге тең құқылы қатысуы, азаматтардың адвокаттарды таңдау құқығын шектейтін қатал практика қалыптасуда. Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы тарап пен қорғаушы тарап теңдігін қамтамасыз ету керектігі жиі айтылғанмен, іс жүзінде бұл теңдікке қол жеткізу қиын көрінеді.

Тиісті органдардың адвокаттар жазған өтініш-шағымдарды өз деңгейінде қарамауы басты мәселе. Олардың ойынша, рұқсат алу тәртібі заңмен емес, еш жерде жарияланбаған нұсқаулықпен реттеледі. Біз әңгімеге тартқан адвокаттардың көпшілігі қазіргі заңнамалар адвокаттарды қажетті дәрежеде қорғау былай тұрсын, оған жүгінген адамға да қауіп төндіреді екен. Соңғы өзгерістер тіпті тәуелсіз адвокатураны жою үшін жұмыс істеп жатқандай.
Заңгерлердің мүддесін қорғап, әріптестерінің өтініштерін қарауға тиіс бұрынғы Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орнына отыру үшін сайлауға дайындық қыза түскен. Қазіргі күні төрағалыққа үміткер тоғыз кандидат әріптестерінің мүддесін қорғап, мәртебесін көтеруге бағытталған сайлауалды бағдарламаларын ұсынып отыр.

Ауылдағы мамандар қолдауы зәру
Адвокаттар алқасы толығымен тәуелсіз болуы үшін биліктің барлық деңгейлерінде адвокаттардың құқықтары мен мүдделерін лоббирлеуге және қорғауға қабілетті қуатты ұйымға айналдыруды басты мақсат еткен кандидат Айдын БІКЕБАЕВТЫҢ бағдарламасы бірнеше бөлімнен тұрады. Ол ең алдымен адвокаттардың жылдар бойы жинақталған мәселелерін шешуді белсенді адвокаттардан топ құрудан бастамақ. Қоғамдастықтың белсенді өкілдерін сот әділқазыларының және осы маңызды мемлекеттік органның барлық комиссияларының құрамына қосу үшін Жоғары Сот Кеңесінің төрағасымен өзара әрекеттестік ұйымдастырып, РАА және ААА төралқаларымен бірге осындай қоғамдық құрылымдарда жұмыс істейтін адвокатураның әрбір өкілі шешім қабылдау кезінде өз мамандығының мүддесін басшылыққа алуына қол жеткізу көзделген. Сот төрелігін іске
асыру барысында туындайтын адвокаттардың өзекті мәселесі, сот ғимараттарына кедергісіз кіру, Жоғарғы Сот жанындағы барлық комиссиялардың, облыстық және оларға теңестірілген соттардың құрамына белсенді адвокаттарды қосуға ниетті. Адвокаттардың заңнамалық мәселелерін шешу үшін Мәжіліспен өзара әрекеттестік жасау да күн тәртібінде қаралмақ. Құқық қорғау органдарының басшыларымен жүйелі жұмыс жүргізіп, мемлекеттік органдар мен депутаттардан жақтастарды тарту, құқық қорғау органдарының Қоғамдық кеңестеріне адвокатура өкілдерін қосу, әділ диалог құру үшін Әділет министрлігімен өзара әрекеттестік орнату көзделген.
Осы айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін РАА және ААА төралқаларымен, сондай-ақ ниет білдірген барлық адвокаттармен бірлесіп қазақстандық адвокатураны дамыту тұжырымдамасын әзірлеу маңызды. Біріншіден, адвокаттардың процессуалдық мәртебесі көтерілсе, талай жылдан бері жауыр болған адвокат пен прокурордың іс жүргізу құқықтарының теңдігіне, сондай-ақ сотқа дейінгі іс жүргізу барысында тиімді қорғау үшін адвокаттарға нақты құқықтардың берілуіне қол
жеткізілмек. Екіншіден, МКЗК бойынша адвокаттардың жұмыс тетіктерін қаржыландыруды ұлғайту және жетілдіру. Яғни адвокаттың жұмысқа жұмсаған сағаттарының санын және осыған сәйкес адвокатқа төленетін соманың мөлшерін анықтау кезінде адвокаттың тергеуші мен судьяға тәуелділігін жоюға бағытталған. МКЗК бойынша төлемді енгізу нұсқаларының бірі сағат бойынша емес, адвокатқа сәтті жұмысы үшін қосымша ақы төлей отырып, күндер санына байланысты жеке іс бойынша төлем беру керек. Үшіншіден, ауылдық адвокаттар мен тағылымдамадан өтушілердің қызметін қолдау қажет. Бұл үшін ауылдық жерлерде адвокат болып жұмыс істейтін кандидаттарға
тегін тағылымдамадан өту мен біліктілікті арттыру мәселесі шешілуі және әрбір ауылдық адвокат РАА жанындағы Адвокаттардың құқықтарын қорғау комиссиясының тарапынан қорғалуы тиіс. Төртіншіден, жаңа кадрлар мамандығына кіру үшін кедергілерді алу маңызды. Бесіншіден, адвокатураның тәуелсіздігін нығайту және адвокаттық өзін-өзі басқаруды жетілдіру керек. Адвокаттар қауымдастығының шынайы тәуелсіздігі адвокаттардың ауызбіршілігіне байланысты. Ол үшін «бір адвокат – бір дауыс» қағидаты бойынша мамандыққа қатысты маңызды мәселелер барлық адвокаттардың тікелей дауыс беруі негізінде көрініс таба алады. Алтыншыдан, адвокаттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету. Мәселен, лицензияны қайтарып алу тек өрескел және қасақана заң бұзғаны үшін қолданылу керек. Адвокаттар мемлекеттен де, адвокатура органдарынан да тәуелсіз болуы керек. Ең негізгісі, адвокатурада жоғарыдан тағайындалған басшылар болмауы керек. Жарналардан «нөл» теңге бөлінген көп жылдық тәжірибені тоқтату керек. Бұдан кейін адвокатты тағайындау «көз жұмып» таңдау бойынша жүзеге асырылатын болады, яғни бірінші болып істі қабылдауға келісім беру түймесін басқан адам тапсырысты алады немесе тағайындау қатаң әліпбилік тәртіппен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Төралқамен бірге ақпараттық жүйені «ҰАТ» АҚ-нан РАА пайдасына тегін беруге қол жеткізу. Бұл ретте әрбір
адвокат осы жүйені пайдалану туралы шешімді ерікті түрде қабылдау қажет. Жетіншіден, адвокаттардың салықтары мен жарналарын азайту. Бүгінгі таңда адвокаттардың көпшілігі өте аз табыс табады және айналымнан салық төлейді. Бұл әділетсіз. Одан кейін жалпыға бірдей белгіленген режим бойынша жұмыс істейтін адвокаттардың жеке кәсіпкерлерге ұқсас үй-жайларды жалдауға, коммуналдық қызметтерге, көлік пен байланысқа арналған шығыстарға, көмекшілердің
жалақысына, маркетингке, мүшелік жарналарға және адвокаттық қызметті жүзеге асыруға байланысты барлық шығыстарға салық салынатын кірістен шегеруге құқығы болуы тиіс.

Халықаралық стандартты саралау маңызды
Адвокатура саласындағы түйткілді мәселелермен жете таныс Гүлнәр МИМАНОВА өз бағдарламасында бұл институтты жетілдіру және адвокаттың процестік мәртебесін халықаралық
стандарттар мен қазіргі заманғы үрдістерге сәйкес келтіруге күш жұмсамақ. Адвокатура институтының беделін арттырып, жас заңгерлердің көптеп келуін құп көретін үміткер елдегі адвокаттар санын арттыруды көздеп отыр. Мемлекет есебінен қорғаушыны тағайындау тәртібін енгізу, қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысатын адвокаттардың еңбегіне ақы төлеу мөлшерін
ұлғайту керек. Бұдан бөлек, мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде азаматтарға, мүгедектерге ақысыз түрде заңдық көмек көрсетіп отырған адвокаттарға қаржы төлеу мәселесін
қарастырып, адвокаттардың кірістеріне салық салу жүйесін қайта қарау қажет. Сонымен қатар, әлемдік технологиялар мен инновациялардың тілін игеру үшін біліктіліктерін арттырса, адвокаттық қоғамдастық құқықтық көмекті мемлекеттік тілде көрсетуге барынша дайын болуы тиіс. Әрбір адвокат өз қызметінің нәтижелері мен кәсіби этиканы сақтағаны үшін жауап беруі керек. Ал жоғары оқу орындарында білім алушылардың адвокаттық қызметке қызығушылығын арттыру маңызды.
Алдыңғы әріптесінің бағдарламасында көрсетілген сұрау салу тәртіптерін белгілеу бұл үміткердің де мақсатты жоспарында қарастырылмақ. Бұдан басқа, қорғаушыны шақыру, тағайындау және одан бас тарту тетігін жетілдіріп, адвокаттың өз қызметін атқару барысында тиісті органдарға кедергісіз кіруін жолға қоймақ.

Қоғамдастық мүшесі халық қалаулысына айналу керек
Белгілі ғалым Есберген АЛАУХАНОВ төраға болып сайланған жағдайда барлық күш-жігерін, кәсіби және өмірлік тәжірибесін, білімі мен қолда бар барлық мүмкіндікті сайлауалды бағдарламасында айтылған міндеттердің сәтті іске асуына арнамақ. Ең алдымен алдыңғы екі әріптесі секілді, адвокаттың қылмыстық іс жүргізудегі мемлекеттік айыптау өкілімен нақты теңдігіне қол жеткізуге, адвокаттардың кәсіби қызметі үшін қудалау фактілерін болдырмауға ниетті. «Адвокаттың кәсібилігі – азаматтың қорғалу дәрежесінің көрсеткіші» деп санайтын кандидат адвокат мәртебесін алу үшін қатаң іріктеуден өтудің маңыздылығына тоқталып, біліктілік арттыру, мемлекеттік тілде құқықтық көмек көрсетуге әрқашан дайын болуы керектігін айтады. Сондай-ақ, кәсіби этиканы ескеру де ерекше маңызды. Адвокатураның бірлігін нығайтып, РАА құзыретін заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет. Бұл емтихандарды қабылдау және адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия беруден
басталуы керек. Адвокаттардың еңбекақыларын көтеріп, кірістеріне салық салу жүйесі қайта қаралуы тиіс. Ал адвокатураның мәртебесі мен беделін көтеру үшін адвокаттық қоғамдастық мүшелерінің қатарынан Парламент депутаттығына кандидаттар ұсынылған жөн. Оқулықтар мен оқу құралдарын дайындау, тұрғындар үшін ақпараттық, құқықтық оқыту мен кеңес беруді белсенді жүргізу маңыздылығын алға тартқан Есберген Алауханов РКА төрағасы адвокатты басқаруға емес,
адвокаттарға жұмыс істеу үшін сайлануы тиіс деп санайды. Төралқаның құрамы әр алқадан бір өкілге дейін қысқартылып, оларды ресми күнделікті іс-шаралар мен ағымдағы іс-шаралардан алып тастауды ұсынады. Жалпы, адвокаттардың, ауылдық жерлердегі адвокаттардың кәсібилігін арттыру үшін әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етіп, жедел іздестіру қызметі мен тергеу сатысында өкілеттіктерді кеңейту керек.

Қорғаушыға қысым жасалмасын!
Төртінші үміткер Нұрлан ЖОЛБОЛОВ осылай дейді. Сондықтан сайлауалды бағдарламасында адвокатқа қысым жасаудың бірде-бір жағдайын назардан тыс қалдыруға болмайды. Тиісті органдарға тінтусіз кіруі мен адвокаттың жұмысында құпиялылыққа кепілдік беретін заңның сақталуын қамтамасыз ету ауадай қажет. Материалдық және әлеуметтік кепілдіктерін қайта қарастырып, адвокаттарды жедел іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдармен құпия ынтымақтастыққа тартуға түбегейлі тыйым салуды енгізу керек. Бұдан басқа, қылмыстық қудалау
органының заңсыз әрекеттері туралы ашық арыз және қоғамның назарын аудару адвокаттың ажырамас құқығы болуы тиіс. Адвокаттық сұрау салу да қайта қарастырылып, кез келген ақпаратты ұсынудың қысқартылған мерзімін енгізу маңызды. РАА баспасөз қызметі құрылып, адвокаттардың мәселелері жұртқа жетуі керек. Сондай-ақ, адвокаттарды қазіргі заманға бейімдеу үшін шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, біліктілік арттыру маңызды. «Е-адвокат» ақпараттық жүйесінің
жобасын іске асыру жөніндегі тоқтап қалған жұмыс жалғасын тапса, адвокаттарды мәдени-спорттық шараларға баулу да бұл үміткердің бағдарламасында көрініс тапқан.

Төрт орынбасар тағайындалуы тиіс
Нұрлан Жолболов Парламентте адвокаттардың қатарынан депутат сайланудан бөлек, төрағаның төрт орынбасары болуы тиіс деп санайды. Адвокаттарды лицензиясынан айыру толықтыруды қажет етсе, аудандар мен ауылдық жерлердегі әріптестердің біліктілігін арттырып, салық салу мөлшерін төмендету, жоғары оқу орындарында «Адвокаттық іс» мамандығын енгізу секілді жоспары көп. Қазыбек САҒАДИЕВ өзге үміткерлердің сайлауалды бағдарламасын қолдай келе, адвокаттық қызметке салық салудың қолданыстағы жүйесін қайта қарау, адвокаттың сот ісін жүргізуде, әсіресе, қылмыстық процесте тең іс жүргізу мүмкіндіктерінің болмауы, адвокаттарды мемлекет есебінен тағайындаудың қалыптасқан практикасын қайта қарастыру, мемлекеттік органдардың ғимаратына кірудегі кедергілердің жолын кесу, адвокатура институтын түбегейлі реформалау, адвокаттардың сұрау салуына жауап беру тәртібін белгілеу, еңбекақы төлеу тетіктерін өзгерту секілді бірқатар мәселелерді шешуді көздейді. Бұдан бөлек, қылмыстық іс материалдарына адвокаттың қолжетімділігін кеңейту, біліктілігін арттыру, адвокатураның өзінің тәуелсіз ақпараттық-коммуникациялық жүйесі құрылып, ол мемлекеттік деректер базасымен және басқа порталдармен біріктірілу керек. Мейірбек ДАУБАЛАЕВ тәжірибелі адвокат ретінде талай мәселенің шешілуіне құлықты. Ол үшін ең бірінші ашықтықты қамтамасыз ету маңызды. «Адвокат ең жоғары салықтардан арылып, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу мөлшерлемесін арттыру қажет. Құқық қорғаушылар үшін мәдени көпшілік шараларды ұйымдастыру, баспасөз орталықтарын құру, тінтуге жол бермеу, гаджеттерді өткізу туралы талаптарды жою үшін жұмыс
жасау керек», – дейді үміткер Мейірбек Даубалаев.

Әділет министрлігі араласуын тоқтатсын!
Мейрам ШАЙМЕРДЕНОВТІҢ бірінші кезектегі міндеті азаматтық қоғам институты ретінде адвокатураның маңызды қағидаттарын ілгерілету, кәсіби, тәуелсіз қоғамдық ұйым ретінде
адвокатураның мәртебесін қорғаудан бастамақ. Ол үшін үміткер адвокатура қызметіне мемлекеттік органдардың, атап айтқанда, уәкілетті орган – Әділет министрлігінің заңсыз араласуын болдырмау қажет деп санайды. Сондай-ақ, еңбекақыларын көтеру, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының адвокаттан адвокаттық құпияны бұзуды талап ететін, адвокаттан айыптаудың куәгері ретінде жауап алуға тырысатын және көндіретін тәсілдерге тосқауыл қою, адвокаттардың этика кодексіне өзгерістер енгізу, біліктілігін арттыру мемлекет есебінен болуы керектігі – сайлауалды бағдарламасының басты мақсаты. «Өкінішке орай, РАА қызметтік үйжайы, БАҚ-пен жұмыс істейтін қызметі жоқ. Сосын кейбір адвокаттар адвокатура алаңын саяси мақсатта пайдалануға тырысады. Бұған жол беруге болмайды», – дейді Мейрам Шаймерденов.

«Тәуелсіз адвокатураға 18 қадам!»
Танымал адвокат Айман ОМАРОВА «Тәуелсіз адвокатураға 18 қадам!» дейтін бағдарламасы әріптестері тарапынан қолдау табарына сенімді. Он сегіз бөлімнен тұратын сайлауалды бағдарламасында алдыңғы әріптестерінің айтқанынан бөлек, қоғамдастықтың мүдделеріне опасыздық жасамау, Әділет министрлігінің адвокаттарды лицензиясынан айыру практикасын тоқтату, адвокатураға қабылдауды адвокаттық қоғамдастықтың өз құзыретіне беру, адвокаттарға қатысты жедел-іздестіру және жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге, адвокаттарды құқық қорғау органдарының агенттері ретінде тартуға түбегейлі тыйым салу секілді түйткілді мәселелер көтерілген. Бас прокурор мен орынбасарының тіркеуінен басқа, адвокатқа қатысты қылмыстық істі тіркеуге және анықтау органының, тергеушінің, прокурордың ұсынымдарын енгізуге, сондай-ақ адвокатқа қатысты соттың жеке ұйғарымын шығаруға тыйым салу, құқық қорғау органдары, прокуратура және соттардағы жұмыс тәжірибесіне қарамастан адвокаттарды аттестатталуға жіберуді міндет етіп отыр.

Ақы еңбекке сай болса
Келесі үміткер Ғалым НҰРПЕЙІСОВТІҢ тоғыз бағыттан тұратын бағдарламасында да АЕК төлеудің күшін жою, ҰАТ АҚ-мен шартты бұзу және қызмет көрсетуге төлемдерден бас тарту, құқықтық консультацияларды күшейту, еңбекақыны ұлғайту, тінту істерін тоқтату, төралқа құрамын өзгерту, адвокатқа қол сұғылмаушылық, адвокаттарды лицензиядан айыру, баспасөз қызметін құру бойынша жоспары бар. Кандидаттардың көбісі адвокаттарға қарсы тінту істеріне қарсылық танытып, еңбекақыларын көбейтуді ұсынған. Жартысы әріптестерінің ақпаратқа қол жеткізуінің қиындығын айтса, қалғаны салық салудың әділетсіздігіне, адвокатура қызметін адвокаттардан басқа ешкім білмейді деген пікірде. Сол себепті Әділет министрлігінің араласуын тоқтату мен тең құқылы қызмет көрсетуді алға тартады. Ал үміткерлердің ұсынған бағдарламасына өзге әріптестері қандай уәж айтады?

Еркін ҚАХАРОВ, адвокат: БІЗГЕ АЛДЫМЕН БИЛІК КЕРЕК!
Ең бірінші, бізге билік беру керек. Мысалы, полицияда, нотариустарда, сот орындаушыларында ақпараттық база бар. Бізде ол жоқ. Тиісті органдарға кіріп-шығу түгілі, ақпаратқа өз еркімізбен қол жеткізе алмаймыз. Таныстардан сұрап, тиісті мәліметті тіміскілеп жүріп іздейміз. Өзімізде база болса, ешкімге жалынбай бақылау жасайтын едік. Ол жоқ. Онсыз жұмыс жүрмейді. Адвокаттық сауалнама жібереміз, он күнде жауап береді дейді. Кейде жауап та бермейді. Сосын қазір сот істері онлайн болып жатыр. Азамат далада қалып қоюы мүмкін, адам тағдыры талқылайтын жиын онлайн өтеді. Бірін-бірі түсінбейді, тыңдамайды. Бірі кіріп, бірі шығып жатады. Карантин жағдайын түсінеміз, бірақ дүкендер мен автобустарда, қоғамдық жерлерде халық иін тіресіп жүреді де, он адам қатысатын жиынды онлайн етіп қояды. Мұндай істе сапалы жұмыс болмайды. Онлайнды былай айтқанда, ақпараттық базаға қол жеткізу, тиісті органдарға телефонмен кіруді сұратып қанша қақсадық. Бірақ, өзгеріп жатқан ештеңе жоқ. Төрағаға үміткерлердің арасында жаман бағдарлама көріп тұрған жоқпын. Төраға сайлауға емес, адвокаттардың айтып жүрген базынасына құлақ түру маңыздырақ.

Алмас СӘЛПЕКОВ, адвокат: САЙЛАУ ӘДІЛ ӨТСЕ ДЕЙМІЗ
Кандидаттардың арасында Айдын Бікебаевтың бағдарламасы көңілге қонымды және адвокаттардың көкейкесті мәселелері жан-жақты қамтылған екен. Өйткені, маман статусын көтеру – өте өзекті. Мысалы, мемлекеттік органдар бізді жанына жуытпай, құжаттарды бергісі келмей жатады. Салық төлеу шарттары да шикілеу. Себебі, салық төлеуді міндеттеген сайын адвокаттар
қаламақысын көтеруге мәжбүр. Бұл айналып келгенде халықтың қалтасына қол салу. Одан
кейін қазір Жоғарғы Сот бітімгершілікке көп көңіл бөле бастады. Германия секілді тараптарды татуластырып, медиаторлықты қатар алып жүрген адвокаттарға сыйақы берілу керек. Әрине, сайлау әділ өтсе деген тілегіміз бар. Әділдік болған жерде алға жылжу бар. Әділетсіздік орнаса, мың жерден төраға сайласақ та, адвокаттардың мәселесі аяқсыз қалады.

Жадыра МҮСІЛІМ

Комментарий