Жаңалықтар | Новости

АҚТАУДА КӨП ҚАБАТТЫ ҮЙДІҢ ҚАСБЕТІ ҚҰЛАДЫ

Ақтауда қатты желдің салдарынан көп қабатты тұрғын үйдің қасбеті құлап, халыққа қауіп төндіруде. Келеңсіз оқиға сапасыз салынған үй тұрғындарының ұйқысын қашырды. Олар бірнеше жылдан бері жауапты мекемелерге мәселені айтып, ескерткен. Бірақ бұған құлақ асқандар жоқ.Түнде оқыстан қатты шыққан дыбыс тұрғындарды шырт ұйқыдан оятты.

Көп қабатты үйдің қасбеті опырылып түсіп, қабырғалары ырсиып қалды. Қазір қабырғаға жапсырылған салқындатқыш қондырғылары салбырап тұр. Ол аздай құлаған материалдар газ құбырын зақымдап, тұрғындар көгілдір отынсыз қалды. Гүлзада Балаева, қала тұрғыны: – Түнгі уақытта қатты дүрсіл естілді. Не дүрсіл екенін түсінбедік. Найзағай екен деп қалдық. Таңертен осындай болып тұр. Қабырға қабаты түсіп жатыр. Бұл үй жарты тастан жасалған дейді. Осы қаптама дұрыс жасалмаған кезінде. Енді акиматтан келді жасаймыз деп уәде беріп кетті. Дүйсен Әлібек, қала тұрғыны: – Қазір газ құбырлары майысып, өзіміз шынын айтқанда сол құбырды қайтадан реттедік. «РКЦ-АҚТАУ» мекемесінің өкілдерін шақырттық. Келіп қарады. Өздері арнайы құралмен тексерді. Бір жерден газ бөлініп тұр деді. Қазір біз газсыз отырмыз.. Әкімдік өкілдері тұрғын үйдің сыртқы қаптасы қатты желге шыдас бермей опырылып түскен. Қазір тұрғындардың қауіпсіздігі үшін бұл аумақ қоршаулы тұр. Коммуналдық қызмет өкілдері қирандыларды жинап әкеткен. Енді үйдің қасбеті қайта қалпына келтірілмек. «Қазіргі таңда «ГазАймақ» мекемесі тексеру жасады. Бір-екі жерде газ шығуы байқалды. Осы келеңсіз жағдайдың орны толтырылады. Әкімшілік тарапынан қоқыстар тазартылды. Мамандар ұйымдастырып жатыр. Жан-жақтан техникалар шақыртылады. Бұл сыртқы қаптама жұмыстары орынан келтіріледі»,- дейді Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұраддин Көшербаев. Жөндеу жұмыстары нақты қашан басталатыны белгісіз. Көгілдір отынды жуық арада қосылады. Тұрғындар аулада ойнап жүрген балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдайды.
Жазира Қуанышбекқызы

Комментарий