Судья мінбері | Судебная система

Кодекс қағидаттары – заң үстемдігін қамтамасыз етеді

Алдағы шілде айында күшіне енетін Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін заң үстемдігін одан әрі қамтамасыз етудің кепілі деуге толық негіз бар. Олай дейтініміз, жаңа заң азаматтардың жария билік органдарымен өзара қарым-қатынас құқықтарын сот арқылы қорғайды. Осы арқылы елімізде  әкімшілік әділет жүйесі одан әрі нығаяды.

Жаңа Кодекс қағидалары азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына мемлекеттік органдардың, ең алдымен атқарушы биліктің, заңсыз әрекеттерінен қорғауға кепілдік етеді.  Бұдан әрі нақтыласақ, аталған заңда мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдері, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастары, сондай-ақ, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібі реттелген. Алдымен заңдылық қағидатына келсек, әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Конституция мен осы Кодекске, өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады. Ал, соттар әкімшілік істерді қарап, шешуде Конституция, конституциялық заңдардың, аталған Кодекстің, басқа да нормативтік құқықтық актілердің, қолданылуға жататын Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті.

Заң мен сот алдында жұрттың барлығы тең, ешкімге артықшылық берілмейді десек, мұнда теңдік қағидасы қатаң сақталады.  Жариялылық қағидасы бойынша процесс ашық жүргізіледі. Процеске қатысушылар іс материалдарымен, іс бойынша қабылданған шешімдерімен, құжаттармен танысуға құқылы. Процесс жүргізілетін тілді білмейтіндер аудармашы қызметін пайдалана алады. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттер мен әрекетсіздікті заңсыз деп тануға, сондай-ақ, шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

Құқықтар басымдығы қағидатына орай, әкімшілік рәсімдер туралы заңнамадағы барлық күмән-қайшылықтар әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі. Іс материалдарына, құжаттар мен мәліметтерге күмән болған кезде әкімшілік орган, лауазымды адам олардың шынайылығын дербес тексере алады. Тағы бір басты артықшылық – соттардың белсенді ролі қағидаты. Яғни, сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлел-дәлелдемелермен және өзге де материалдарымен ғана шектеліп қалмай, өз бастамасымен іс үшін маңызды барлық мән-жайды жан-жақты, толық  зерттейді.   Судья әкімшілік істің нақты немесе заңды тұстарына жататын негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Бұл принцип азаматтық немесе қылмыстық іс жүргізуде болмаған  жаңалық болып табылады.

ӘРПК – әкімшілік рәсімдер және әкімшілік сот ісін жүргізуден тұрады. Қысқаша тоқталсақ, Кодекске әкімшілік орган ұғымы енгізілді, оған тек мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік басқару саласында өкілеттіктер берілген субъектілер де кіреді. Екіншісі қолайлы және ауыртпалықты әкімшілік актілер туралы ұғым. Әкімшілік акт дегеніміз, бұл әкімшілік орган, лауазымды тұлға жария-құқықтық қатынастарда қабылдайтын, белгілі бір адамның немесе жеке-дара  адамдар тобының құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім. Заңда дау айту, мәжбүрлеу, іс-әрекет жасау, тану сияқты талап түрлері қарастырылған. Іс талап қойылған сәттен бастап қозғалды деп есептеліп,  ақылға қонымды мерзімде,  үш ай ішінде қаралады. Процестік мәжбүрлеу шарасы ақшалай өндіріп алу – соттың талаптарын орындамаған, сотқа келмеген, т. б. жағдайларда қолданылады. Мұнда медиация, әлемдік немесе партисипативтік келісім секілді татуластыру рәсімдері де көзделген.

Жаңадан қабылданған немесе өзгертіліп, толықтырылған заңдарды халыққа ұдайы насихаттау құқықтық сауатты көтеруде тиімді тәсіл десек, бұл тұрғыда қоғам бізден белсенділік танытуды талап етеді. Сол талап үддесінен шығуға баршамыз атсалысуға тиіспіз.

М.Иембердиева,

Түрксіб аудандық сотының судьясы

Алматы қаласы   

Комментарий