Судья мінбері | Судебная система

Татуластыру орталықтары арқылы талай іс оң шешімін табуда

Елімізде дауларды сотқа дейін және соттан тыс реттеу институтын қолдануға, неке бұзу процесінен туындайтын даулар санын азайтуға, еңбек дауларын шешуге бағытталған «Татуластыру орталықтары» ашылуда. Медиация негізінде жұмыс істейтін орталықтардың бүгінгі күнде атқарар жұмысы ауқымды болып отыр. Бұл соттың жұмысын жеңілдетіп, ренжіскендерді ретін тауып татуластыратын жоба. Жаңа орталық азаматтар үшін медиатордың, адвокаттың, сот атқарушысының, нотариустың, психологтың қызметі бір арнаға тоғысқан бірыңғай алаң. Еңбек жан-жалдарын белсенді шешуге ыңғайлы орында білікті медиаторлар қызмет көрсетеді. Әрі еңбек және өзге де дауларды бітімгершілік жолымен шешуге септігін тигізбек. Орталық елімізде медиация туралы Заңның үстемдігін арттыру мақсатында қолға алынып отыр.

Татуластыру орталығы барлық күш-жігерін дауды сотқа дейін шешу, шиеленістерді, оның ішінде еңбек саласындағы шиеленістерді шешуге бағыттайтын болады. Медиация институтын одан әрі дамыту мақсатында еңбек даулары мен жанжалдарды шешу мәселелерінде, медиаторларды оқыту және татуластыру рәсімдерінің тиімділігі мен оны насихаттауда соттар мен кәсіподақ ұйымдарының бірлескен жұмыс атқарулары қажеттілігін уақыт дәлелдеп отыр. “Қазіргі мемлекеттің сот реформасы жөніндегі саясаттың негізгі бағыттарының бірі сотқа дейінгі дауларды шешу мәселесі күн тәртібінде тұр. Осы бағыттағы реформаларды жүзеге асыру барысында осындай татуластыру орталықтары шын мәнінде дауларды сотқа жеткізбей, кінәліні анықтамай отырып, оларды татуластырып жіберсе, шын мәнінде біздің қоғамымызды дауласу қоғамы емес, татуластыру қоғамы деген қағида орын алады дейді мамандар. Елімізде «Медиация туралы» заң­ның қабылдануы, яғни өр­кениет көшіне бет түзе­ген батыл қадамдардың жасалуы біздің қо­ғамымызда оң өз­ге­рістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақ­тайды. Бұл заң – қазақ халқы­ның дәс­­­түрлі билер мен ата-бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тә­жі­рибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамдардың бірі. Кешегі бабаларымыздың бітім­гершілік заңы мен бүгінгі медиа­ция заңының арасында үлкен сабақтастық жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев Судьялар одағының VІ съезінде сот тәртібімен қаралуға жата­тын дау-дамайларды азайту мә­селесіне назар аударуды, соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішінде бітім­гершілік және медиация процедураларын енгізуді тапсырған болатын. Президентіміздің сын­ескертпелерінен кейін медиация заңы мен татуластыру рә­сім­дерінің маңыздылығы мен мақсаты елімізде қарқынды түрде насихатталып, іске асып жатыр. Ең бастысы, медиация заңының қолданыс аясы кеңейіп, дауларды шешу кезінде тараптарды бі­тім­ге келтірудің берекелі жолы қалыптасуда.

Нугуманова Арай, Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотының судьясы 

Комментарий