Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Тарихы терең, табиғаты ерен – Таңбалы

Таңбалы тас десе елдің бәрі елең етеді. Өйткені Алматы облысының Жамбыл  ауданы Қарабастау ауылынан 4 шақырым жердегі  Таңбалы шатқалындағы «Таңбалы» петроглифтері БҰҰ-ның білім және мәдениет жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қазақстандағы 5 нысанның бірі саналады.  Алайда осыған қарамастан жұртшылық арасында әл күнге дейін Жамбыл ауданындағы «Таңбалы» мен  Іле ауданындағы «Таңбалытасты» шатастыратындар көп.  Бүгінгі таңда «Таңбалытас» «Таңбалы» қорық музейінің құрамына кіргенімен бүкіләлемдік мәдени мұра нысанының ресми сайтында ол туралы мәлімет жоқ. Тіпті ол «Таңбалы» қорық-музейінің туристік маршруттарының тізіміне де енбей қалған.

 

– «Таңбалы» петроглифтері ЮНЕСКО-ға «Тамғалы» деп енген. Ондағы таңбалар  қола дәуірінде, яғни 3-5 мың жыл бұрын салынған. Ал ашық аспан астындағы бұл музей – «Таңбалытас» деп аталады. Бұл жерде 1-6 ғасырлардағы  көне қытай, тибет, жапон, корей,  сармат, жазулары бар. Бізге белгілісі  16 жазу мен 4 сурет ғана.  Мұндағы  16 ғасырдағы Будданың суретін Шоқай Уәлиханов Іле өзенімен жүзіп келе жатып көріп, зерттеген. Ол Будданың ерекше бір суреті екен. 2001 жылы Қытайдағы Тибеттен монахтар келді. Бұрын бұл жер Жібек жолы бойындағы өткел болып, үкен сауда-саттық орны болған. Бұл жерге Жапония, Корея,  Қытай,  Малайзиядан туристер көп келеді. Мына арка 2004 жылы салынып,  одан кейін бұл жер қолдан-қолға өтіп, жалға беріліп келген екен. Вандализм болып, тастағы суреттерді мылтықпен атушылар болған соң оның Мәдениет және спорт министрлігінің «Таңбалы» қорық музейіне қарағанына  3 жыл ғана болды, – дейді музей қызметкері Досжан  Айнақұлов.

Тарихқа көз жүгіртсек «Таңбалы» петроглифтері Бүкіләлемдік мұралар тізіміне 2004 жылы «Жоғалып кеткен дала өркениетінің ерекше куәгері, қоршаған ортаға бейімделудің төтенше жоғары деңгейі, табиғатпен үндесу және табиғи ландшафты экологиялық пайдалану оның маңызды сипаты болып табылады»  деген үшінші өлшем бойынша кірген болатын.  Өткен ғасырдың 70-жылдардың екінші жартысынан  бастап ғана ғылыми-зерттеу жұмысы  жүргіле бастаған «Таңбалы» петроглифтері туралы «Таңбалы шатқалындағы жартас суреттері»  деп аталатын алғашқы монография 1985 жылы жарық көрді. Тек 2001 жылдан бастап мемлекет тарапынан қорғалатын республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне кіріп, 2003 жылы ҚР Үкіметінің №1052 Қаулысымен «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі»  республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды.

Оның қорғалатын аумағы  3800 гектарды құрады. Оның  900 гектары «Таңбалы» археологиялық ландшафтына кіреді. Аймақтың  аралық бөлігін 2900 гектарға орналасқан Бүкіләлемдік  мәдени мұра тізіміне кірген ескерткіштер  алып жатыр. Мыңдаған жылдар бойы халықтың жаратушыға табыну ғұрыптары өткізілген, жұмбақтықтың ерекше атмосферасы, ғарышпен құпия байланысы бар Жамбыл мен Іле ауданы аумағындағы «Таңбалы» мен «Таңбалытастағы» таңбалар мен жазулардың, Будда мен Бурхан бейнелерінің құпиясы әлі ашылып болған жоқ. Тіпті ғылымға белгілі жәдігерлердің өзі әлі толық құжатталып боған жоқ. Бұл белгілі бір деңгейде «Таңбалытастың» Алматы облысының ғана емес, Іле ауданының да туристік әлеуетінің картасына енбеуіне өз ықпалын тигізген сияқты. Сондықтан жақында «Jetisy media» КММ «Таңбалыны» таныстыру үшін Алматы облысы мен Алматы қаласының бір топ БАҚ өкілдеріне пресс-тур ұйымдастырды. Мақсат – тарихы терең, табиғаты ерен –«Таңбалы» қорық-музейінің әлеуеті мен мүмкіндігін жұртшылыққа таныстыру арқылы туризмді ғана дамытып қоймай,  ұлттық мәдениетті насихаттауға серпін беру.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ «Заң газеті»

 

Комментарий