Судья мінбері | Судебная система

Гендерлік теңдік ең алдымен қоғамның дамуы үшін маңызды

Еліміз қай кезеңде болмасын гендерлік теңдік, гендерлік саясат мәселесіне ерекше көңіл бөліп, нәзік жандыларымыздың құқығының қызметте де, отбасында да, қоғамда да жалпы қоғамдық өмірдің барлық салаларында қалыс қалмасы үшін күш салуда. Таратып айтар болсақ, Гендерлік саясатты дамыту мақсатында «Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 29 қарашадағы № 1677 Жарлығы қабылданған болатын.

Бұл Жарлық – әлем елдерінің көпшілігі қол қойған Біріккен Ұлттар Ұйымының мыңжылдық декларациясында ерлер мен әйелдердің теңдігін көтермелеу, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бағыты ретінде айқындалған. Сондай-ақ елімізде гендерлік теңдік мәселесін шешу үшін Елбасымыз билік органдарында шешімдер қабылдау деңгейінде мүмкіндігінше әйелдердің көп болуына ұмтылу; заңнаманы жетілдіру және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету институттарын қалыптастыру, “Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері туралы” Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануын жеделдету, әйелдерді қорғаудың құқықтық тетіктерін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру; әйелдердің экономикалық өмірге белсенді араласуы үшін жағдайлар жасау; әйелдер үшін экономикалық жеңілдіктер мен артықшылықтар жасау, ана мен баланың денсаулығын жақсарту жөнінде шаралар қабылдау, әйелдер үшін құқықтық және әлеуметтік кепілдіктердің елеулі түрде артуын қамтамасыз ету; адамгершілік құндылықтарды жаңғырту, отбасы мен некенің жағымды бейнесін әспеттеу секілді негізгі міндеттерді айқындап берді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының  Жарлығымен 1998 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанынан Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Және Қазақстан БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы  конвенциясына қосылды.

Мемлекеттік қызметте әйелдер қауымын мансап тұрғысынан ілгерілету барысында тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және оның сақталуын қадағалау мәселесі де жыл сайын биік мінберлерде қозғалып келеді. Демек әйел мен ер адамның құқығының тең дәрежеде қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында бетбұрыс бар деп айта аламыз. 2017 жылдың қаңтарынан бастап елімізде 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру басталып кетті. Аталмыш тұжырымға орай 2030 жылға дейін басшылық қызмет атқаратын әйелдердің ара салмағын 30 пайызға дейін көбейту жоспарланып отыр. Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы туралы айтқанда оны ұлттық дәстүрімізден бөле-жара қарастырмауымыз қажет. Өйткені қазақ қоғамында «әйел үйдің шегесі» саналады. Рас қазір қоғамымызда бала-шағасын да өмірге әкеліп, жолдасының да көңілін тауып, ата-енесінің де көңілінен шығып, қызметін де арасында дөңгелетін отырған қыз келіншектер жетерлік. Осы орайда гендерлік теңдік мәселесін сөз еткенде әйел-аналарымыздың таразының басын тең ұстауына, мемлекет тарапынан да көңіл бөлініп, жағдай жасалып отырса құба құп.  Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы туралы айтқанда қоғамымыздағы қызметте істейтін қыз келіншектердің қызмет пен отбасын қатар ұстап жүре алуына жағдай жасау маңызды екенін естен шығармасақ екен.

З.И. Махарадзе, Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий