Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

ЗӘУЛІМ ҒИМАРАТПЕН ӘЛЕМДІ ТАҢ ҚАЛДЫРА АЛМАЙМЫЗ

Екінші жыл қатарынан әлем елдері коронавируспен үздіксіз күресуде. Пандемия барлық елдің әлеуметтік жағдайына, экономикасына айтарлықтай әсерін тигізді. Елде қымбатшылық артып, дағдарыс көбейді. Бұл қиындықтар басқа мемлекеттерде де орын алды. Әр ел бұл ауыртпалықтан шығудың жолын әртүрлі іздестіруде. Көптеген елдер ұлт денсаулығын нығайтуға күш салып, мемлекет дамуына кедергі келтіріп жатқан жемқорлықпен күресті жеделдетуде. Бізде де ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы
күрес мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде: «Сыбайластыққа қарсы бөлініп жатқан қаражат мұқият әрі тиімді жұмсалуға тиіс. Бұл – әр теңге өзінің мақсатына сай жұмсалуы керек деген сөз. Әсіресе, қазіргі еш пайдасы жоқ және қажетсіз іс-шараларға қаражаттың шығындалуына қоғамның қалай қарайтынын көріп отырмыз. Сондықтан, мұндай мәселелерге болары болып, бояуы сіңгеннен кейін емес, алдын ала мән беру өте маңызды» деген болатын.

Расында да, қазір еш бағдарсыз жұмсалып жатқан қаражат көп. Көптеген жұмыс орындары жабылып, шағын және орта бизнес тұралап, халықтың әлеуметтік жағдайы алаңдатарлық деңгейде тұрғанда пайдасы аз, қайтарымы жоқ кейбір құрылыстарға миллиардтардың бөлінуі халық наразылығын туғызып отыр. Соның бір мысалы, жақында ғана 87 млрд теңгеге салынып, Түркістан қаласында пайдалануға берілген «Керуен-Сарай» туристік кешені. Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында жүзеге асырылған жобаға халықтың наразылығы айтарлықтай болды. Әрине мұндай кешеннен гөрі жергілікті халықты жұмыспен қамтитын зауыттар мен өнеркәсіп орындары ашылса халықтың тұрмыс тіршілігіне қолайлы болар еді. Өңірде жұмыс таппай басқа қалалардан екі қолға бір күрек іздеп кеткен жастар жетерлік. Тіпті, осы аймақтан шекара асып Корея, Германия, Ресей елдеріне нәпақа іздеп кететін жандардың саны да ауыз толтырып айтарлықтай екен.

Осы орайда, саясаттанушы Асхат Қасенғали: «Қазір әлемде кризис. Елімізде мыңдаған кіші бизнестердің есігіне қара құлып ілінді. Жүз мыңдаған адам табыс көзінен айырылды. Еліміз былтыр коронавируспен күресу үшін Ұлттық қорға қол салды, қол салғанда мол салды. Соның бәрін көріп тұрып, миллиардтар жұмсап туристік кешен саламыз дейміз. Оданда
экономикаға шынайы стимул беретін зауыттар салайық. Планшет шығаратын өтірік зауыттар емес, шын жеңіл өнеркәсіпті дамытатын зауыттар, тері өндіріп, киім тігетін, көкөністі консервілейтін, балықты қақтайтын, сақтайтын зауыттар, ет пен сүт өнімдерін әзірлейтін фабрикалар, айта берсе көп қой. Шынайы жұмыс беретін кешендер керек қой. Жарайды, мына кешенді салдық дейік. Уақытша құрылысына 20 мың адамды тартамыз, олар біраз жыл айлық алады. Кешен ашылады, басында халық топырлап барады. Суретке түсіп, анда-мында салады. Кейін оның да қызығы кетеді. Ал салынған ақша ақталып үлгермейді. Есесіне киімді Қытайдан, тамақтың біразын ЕЭО елдерінен, көкөністі өзбектен, тіпті етті Аргентинадан,
Алматыда отырып алманы Польшадан алып отыра береміз. Себебі, экономиканы әртараптандыруға бөлуге тиіс ақшаны анда-мында салып жатырмыз. Қазақстан мың жерден тыраштанса да, әлемдік туристік орталыққа айналуы қиын. Бұл туризмге қаржы құйылмау керек деген сөз емес, бірақ оны ақылмен жұмсау керек деген сөз. Еуропа мен АҚШ халқы тұмса табиғатты көргісі келеді, міне сол үшін келуі мүмкін. Мынандай ғимараттарды көруге келмейді, өздерінде бұны жүз орайтын кешендері жеткілікті. Бұл шындық! Оданда әсем табиғат орындарына тақтайдай жол салайық, жол жиегіне дәретхана салып, ғаламтор мен қызмет көрсету сапасын реттеп қойсақ турист тартар едік. Мысалы Түркістанға 87
млрдқа кешен салдық. Оны алдағы 20, тіпті 30 жылда ақтай алмаймыз.

Тіпті ол уақытқа дейін туризмге деген халықтың да көзқарасы өзгеріп кетуі әбден мүмкін. Көрпеге қарап көсілу керек. Жүздеген млрд доллар қаражаты бар алпауыттар кризисте
қаржы үнемдеп жатқанда біз сияқты кедей елдер тіпті әр тиынды үнемдеуі қажет қой» – дейді. Шыны керек, былтыр коронавирус талай жанды тұншықтырып, өкпелерін жарамсыз етіп тастағанда өкпені желдету қондырғысын таппай аласұрған халық шекараның жабық екеніне қарамастан, шетелден жанталасып медициналық қондырғы тасығаны әлі есте.

Медициналық көмек пен дұрыс диагноз үшін шекара асып ем іздеп жүргендер көп. Біз сырттан турист тартпақ түгілі, өз халқымызды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ете
алмай отырмыз. Нәтижесінде ем іздеген талай жанның қаржысы басқа елдерге құйылып, сол елдердің медициналық туризмін дамытуға жұмсалуда.

Жалпы, қазір әлемде дағдарыс ушығып тұрғанда қымбат құрылыстар керек пе?! Түркістан қаласында ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де салынып, бірақ халықтың
қажетіне жарамай тұрған жобалар көп. Соның бірі 66 миллион теңгеге салынған Маңғыстау облысындағы 3 бірдей дәрігерлік пункт 14 жылдан бері қаңырап бос тұр. Миллиондаған теңгеге салынып, салтанатты түрде ашылып, керек болмай қалған ғимараттарды салар алдында, оның қаншалықты қажеттілігі бары ескерілмегені өкінішті. Аталмыш медициналық мекемелер 2007 жылы денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында салынған көрінеді. Алайда, халық санының аздығы мен маман тапшылығынан
қажетсіз боп қалған. Пайдаға жарамай қалған бұл дәрігерлік пункттер Маңғыстау ауданындағы Жарма, Сазды және Қияқты ауылдарында орналасқан. Олардың әрқайсысына 21 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған екен.

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

Комментарий