Жаңалықтар | Новости

Қазақстан мектептеріне мамандандырылған күзет қойылады

Енді Қазақстандағы білім беру нысандары мамандандырылған күзет бақылауында болады. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Бүгінде білім беру ұйымдары террористік тұрғыдан осал нысандар санатына жатқызылған. Мамырдың басында Үкімет қаулысымен осындай нысандардың терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын жаңа талаптар бекітілді. Қаулы 6 мамырда қабылданды.

Егер бұрын бұл талаптар ұсыным сипатында болса, енді білім беру нысандары міндетті түрде: бақылау жүйелері; персонал мен келушілерді хабардар ету құралдары; «дабыл түймелері», мамандандырылған күзет, рұқсат беру жүйелерімен жабдықталады», — деді Мұрат Баймұқашев брифингте.

Ол ірі қалаларда мамандандырылған жеке күзет ұйымдары тартылатынын айтты.

ІІМ деректері бойынша, білім беру мекемелері 11 өңірде: Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматыда күзет фирмаларымен шарт жасасқан. Бүгінде олар 408 мектепті күзетеді.

Білім министрлігі тиісті нұсқаулық әзірлеп жатыр. Сондай-ақ, ол терроризм қаупі туған кезде педагогтер мен оқушылар әрекеті тәртібін де қамтиды.

«Қазандағы оқиғаларға байланысты министрлікте ішкі істер органдарының басшылығымен шұғыл кеңес өткізілді. Ұлттық білім беру жүйесі мекемелерінде балалар мен ересектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қысқа мерзімде білім беру органдарымен бірлесіп, бүкіл мектеп терроризмге қарсы қауіпсіздікке тексеріледі. Жақында бұл жұмысты аяқтаймыз», — деді ол.

Комментарий