Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Неке шарты – мүліктік даулардың алдын алады

Сауатты жан ешқашан сергелдеңге түспейді. Сондықтан құқықтық, қаржылық сауаттылықты меңгеру қазіргі кезде ең өзекті мәселе болып отыр. Өз құқығына мән бермеген, қарапайым заңдық тетіктерді ескермеген жандардың ұтылатын кезі көп. Оған әсіресе мүліктік дауларды таразылау барысында көз жеткізу қиын емес.

Статистика көрсетіп отырғандай, Қазақстанда ерлі-зайыптылардың ажырасу деректері жиілеп кетті. Соңғы жылдары әрбір шаңырақ көтерген 3 отбасының біреуі ажырасуға өтініш беруде. Бұл үлкен мәселе. Себебі, ажырасу – тек ерлі-зайыптыларды екіге бөлумен шешіле қоймайды. Ажыраcудың соңы ортақ баланың кіммен тұратынын анықтау, баламен кездесу уақытын белгілеу, алимент өндіру, сонымен бірге ортақ мүлікті бөлу секілді дауларға ұласады. Бұл сот отырыстарының қай-қайсысы болсын қос тарапқа оңай тимесі анық.

Басқа келіспеушілікті былай қойғанда, азаматтардың мүліктік дауларды талассыз шешуге мүмкіндігі бар. Мүлікті бөлу туралы дауларды болдырмау мақсатында Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінде неке шартын жасау тәртібі реттелген. Неке шарты дегеніміз – некеге отыратын адамдардың келiсiмi немесе ерлi-зайыптылардың некедегi және ол бұзылған жағдайдағы мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын келiсiм. Оны неке тіркелгенге дейін де, некеде тұрған уақытта да бірлесіп, ақылдасып жасауға болады. Шарт жазбаша түрде нотариустың куәландыруымен жасалатындықтан, оның мүлтіксіз орындалуы заңды. Сонымен бірге азаматтар бұл құжатты уақыт өте келе өзгертуі, шартты қолда бар мүлікке қатысты да, болашақтағы мүлікке қатысты да жасай алатынын ескергеніміз жөн.

Шартта не қамтылады:

– ерлi-зайыптылардың өзара күтiп-бағу жөнiндегi өз құқықтары мен мiндеттерi;

– бiр-бiрiнiң табыстарына қатысу тәсілдері,

–  әрқайсысының отбасылық шығыстардағы орнын айқындауға,

– неке бұзылған жағдайда ерлi-зайыптылардың әрқайсысына берiлетiн мүлiктi айқындауға,

– ортақ некеден туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік жағдайын енгізуге құқылы.

Бүгінгідей материалдық құндылықтар алға шыққан заманда мүліктік даулардың артуы қалыпты жағдай. Ажырасқаннан кейін де әуре-сарсаңға түсіп, өзара сыйластықты сақтау үшін ерлі-зайыптылар өмірде болуы мүмкін барлық жағдайларды ескере жүріп, мүліктік даулардың туындамауы үшін мәселелерді алдын ала келісіммен реттеп, заңға сәйкес неке шартын жасауы тиіс.

Ортақ мүлік – бұл ерлі-зайыптылардың некеге тұрып, бірге өмір сүрген жылдары жинаған материалдық игілігі. Егер неке шарты жасалмаса, бірге тұрған уақытта сатып алынған дүние-мүліктің, ақшаның барлығы ерлі-зайыптыларға ажырасқаннан кейін теңдей бөлінуі тиіс. Бұған қоса некеде тұрған жылдары алынған несие, қарызды да ерлі-зайыптылар ажырасқан соң теңдей төлеп, қайтаруы шарт. Ортақ мүліктің құрамы, бағасы, көлемі, орналасқан жері, теңдей бөлмеуге негіз болатын себептер сот алаңында сарапқа салынып, нақты шешім де сонда шығарылуы керек.

Ал, ерлі-зайыптылардың некеге тұрғанға дейін алған мүлкі бөлінбейді. Некеде тұрған күннің өзінде ерлі-зайыптылардың біріне туыстары, жақындары берген сыйлық, тарту, мұрагерліктің де бөліске түспейтінін қаперімізде ұстағанымыз жөн.

Эрик Акбаев, Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы

Комментарий