Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Жаңа соттарға артылар міндет үлкен

Биылғы жылдың 1-шілдесінен бастап елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі тәжірибеге енгізіледі. Бұл заңнама Қазақстанда әкімшілік әділет институтының қалыптасып, жария-құқықтық даулардағы қарапайым азаматтар құқығының мінсіз қорғалуына, мемлекеттік органдар мен жеке тұлғалар арасындағы даудағы теңсіздікті жоюға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Әкімшілік әділет орныққан елдерде азаматтар мемлекеттік органдардан жоғары сапаны талап етіп, өз мүддесін қорғаудан жасқанбайды. Заңдық тетіктер толық жасалғандықтан, азаматтар сот төрелігінің пәрменіне сүйене отырып өз құқығының қорғалатынына сенеді. Ал Қазақстанда бұл институттың маңызына енді ғана мән беріліп, арнайы кодекс қабылданып, жаңа соттар құру бойынша кешенді шаралар жасалуда. Бұрын мұндай мүмкіндік болмағандықтан мемлекеттік орган әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымданған 100 арыздың 85-інде құзырлы орындар жеңіске жетіп, тек 15-інде ғана жеке тұлғалар басымдыққа ие болатын. Мұндай статистика азаматтардың сенімін азайтып, сотқа жүгіну ынтасын төмендеткені сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылданып, жария-құқықтық дауларды шешуге маманданған арнайы соттардың құрылуы көпшілік күткен игі бастама десек болады.

1-шілдеден бастап республикамызда мемлекеттік органдар әркетіне немесе әрекетсіздігіне көңілі толмаған жеке және заңды тұлғалар өз құқығын арнайы құрылған әкімшілік соттар алаңында қорғай алады. Қазіргі кезде еліміз бойынша 21 соттың кедергісіз жұмыс бастауына қолайлы жағдай жасалуда. Қазақстандағы 14 облыс, 3 ірі қаламен бірге жүктемесі жоғары Семей, Жезқазған, Екібастұз бен Қаскелең қалаларында әкімшілік соттар қызметін ұйымдастыруға қызу дайындық жүргізіліп жатыр.

Бұл соттарды елімізде қызмет етіп келе жатқан мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттармен шатастыруға болмайды. Олардың қарайтын істері бөлек, яғни, бұрығыдай әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты істерге төрелік жасайды. Ал жаңа соттар Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс шеңберінде әрекет етіп, жария-құқықтық дауларды шешуге маманданады. Мұндағы судьялар саны да әр аймақтың жүктемесінің көлеміне қарай әртүрлі болады.

Бүгінде әкімшілік соттардың материалдық-техникалық жағдайы ғана емес, онда қызмет ететін судьялардың да біліктілігін көтеру болйынша іргелі іс-шаралар қолға алынуда. Себебі жаңа сот өзіне жүктелген міндетті жоғары деңгейде атқару үшін судьялардың да қабілет-қарамы жоғары болуы керек. Сондықтан іріктеу кезінде тәжірибелі, білікті судьяларға таңдау жасалатыны түсінікті.

Өмір бір орында тұрмайды. Сот саласы да сол заманның көшінен қалмай ілгерілеп келеді. Мұндағы әрбір бастама, реформаның артында ел қауіпсіздігін сақтап, әділ төрелікті қамтамасыз ету, азаматтар құқығын жан-жақты қорғау міндеті тұр. Осындай ізгі ниетті көздеп отырған жаңа соттар да халықтың көңілінен шығып, әкімшілік әділеттің нығаюына серпін береді деп үміттенеміз.

Нұржан Қарабаев,

Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы

Комментарий