Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру – басты міндет

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.
Расында да, тіл – адамдардың қарым-қатынас құралы, халқымыздың рухани байлығы, өткені мен болашағы, мемлекеттің табан тірейтін тұғырлы темірқазығы.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Бұл туралы Ата Заңымыз бен «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңымызда анық жазылған.
Алайда, бүгінгі күні, тәу етер қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында, мемлекеттік тілдің мәртебесі өз деңгейіне әлі де жетпегенін мойындауымызға тура келеді.
Егеменді ел болып, еңсе көтерген тұста ана тілімізге деген құрмет, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру маңызды мәселеге айналып отыр.
«Қазақ тілінің халқымыздың бірлігін одан әрі нығайта түсуге, біріктіруші факторға айналуға әлеуеті бар. Ол этносаралық қатынас тілі болуы үшін оны үйренетін адамдар санын ұлғайтып, қолданыс аясын кеңейту қажет» деп айтып өткен Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында.
Елбасымыздың мемлекеттік тіл мәселесіне көңіл бөліп, оның қолданысын арттыруға бағытталған салиқалы саясатының нәтижесінде, қазақ тілінің алар орны нақты айқындалып, меңгеруге қажетті үш тілдің ішіндегі ең бастысы ретінде танылды. Бұл үлкен жетістік.
Біздің еліміз көпұлтты мемлекет болғандықтан, әрбір ұлт өкілінің, әрбір азаматтың қазақ тілін жетік меңгеруге, оны күнделікті өмірде қолдануға ынталануы, ниет білдіруі абзал.
Ал мұндай сұраныстардың әрбір азаматтың бойында қалыптасуы үшін, оларға қажетті жағдайлар жасалып, тиісті талаптар қойылуы керек.
Осы орайда, мемлекеттік қызметке немесе судьялық қызметке үміткерлердің қазақ тілін білу деңгейін тексеру, іріктеу барысында міндетті саты болуы қажет деп санаймын.
Аталған лауазымдарға мемлекеттік тілді жетік меңгерген, таза сөйлеп, дұрыс жаза алатын, өз ойын еркін жеткізе білетін үміткердің тағайындалғаны жөн.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдарда қызметкерлердің қазақ тілін білу деңгейін анықтап, мемлекеттік тілді білмейтін қызметкерлерге жүйелі түрде сабақтар жүргізіп, әдістемелік құралдар ұсыну қажет.
Қазақ тілін білу, үйрену мәселесі басқа да салаларда қадағаланып, қоғам ішінде трендке айналуы өте маңызды болар еді.
Демек, бүгінде еліміздің әрбір азаматы, мемлекеттік тілду білу – заман талабы екенін түсінуі тиіс.
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген мемлекет басшысы Қ. Тоқаев осыдан екі жыл бұрын.
Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттарын жүзеге асыратын кезең жеткен сияқты.
Қазіргі таңдағы біздің басты міндетіміз – мемлекеттік тілдің қоғамдағы беделін нығайтып, қолдану аясын кеңейтіп, мәртебесін көтеру.

Досбол Ануарбеков
Шығыс Қазақстан облысы
Өскемен қаласының
мамандандырылған
тергеу сотының судьясы

Комментарий