Жаңалықтар | Новости

Қазақстанда ішімдік – 21 жастан, қару 18-ден асқандарға сатылады – депутат

Депутат Қазақстанда ішімдік 21 жастан, ал қару 18 жастан асқандарға сатылатынына наразылығын білдірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы депутат Андрей Линник Мәжілістің жалпы отырысында айтты.

Депутат кеше Қазанда болған оқиғаны еске салып, елдегі қару сату жүйесіндегі олқылықтарды атады.

“Қазан қаласындағы мектепте болған оқиға бәрімізді шошытты. Біз қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Мұндай қайғылы оқиғалар алыс шетелдерде болып жататын сияқты еді, ол елдерде қару-жарақты сақтауға қатысты либерал тәсілдер бар. Бізде қалай? Бізде азаматтар 18 жасқа толғаннан кейін тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарынан белгілі бір қару түрін алуға рұқсат алғаннан кейін азаматтық қаруды алуға құқылы. Неге біздің заңнамаға сәйкес алкогольді 21 жастан, ал қаруды 18 жастан бастап сатуға болады?” – деді депутат.

Линник біздің елде қаруға лицензия алу үшін наркологиялық және психологиялық диспансерлерден тіркеуде ол адамның жоқтығы туралы стандартты анықтаманы беру жеткілікті екенін атап өтті.

Сонымен қатар, депутат қазақстандық мектептердегі қауіпсіздікке алаңдаулы екенін жеткізді.

“Бізде мектептердегі қауіпсіздік функцияларын вахтерлар орындайды, олардың көбі зейнеткерлік жаста, кейде сыпайы әрі сенім ұялататын әңгіменің өзі ғимаратқа кедергісіз кіру үшін жеткілікті болып жатады. Ал егер адам жаман ниетпен келсе, оның алдында егде жастағы күзетші тұрса, ол қандай қарсылықты сезінеді?” – деді ол.

Комментарий