Жаңалықтар | Новости

Тәжікстан-Ауған шекарасын күзеткен ҚАЖ қызметкері

Әрбір ер азаматтың Отан алдындағы парызы, әскер қатарына бару болса, сол міндетті мүлтіксіз атқарған ер-жігіттің бірі, ЗК-169/1 тергеу изоляторының аға корпусшысы, әділет прапорщигі Арысбеков Мұңайтпас. Бұл азамат өз елінің емес, өзге елдің шекара күзетінде болған.

1998 жылы әскер қатарына шақырылып, Талғар қаласының Жаркенттегі әскери бөлімшесінде түсті. Мұнда 3 ай дайындық тобында болды.

– Мен сонда, өзім сұранып, Тәжікстанның Пшехаварск шатқалындағы Пяндж өзенінің бойындағы шекара күзетіне баруды ұйғардым. Бұған дейін есірткі тасымалдаумен аты шығып, ушығып тұрған бұл шекарада 1995 ж 7 сәуірде Қазақстандық жетінші жыйынтық ротасының 17 жауынгері моджахедттердің қолынан қаза тапқан екен.

Жалпы, ҚР жоғарғы кеңесінің қаулысымен 1993-1998 жылдары ұлттық ұланның жедел тағайындау құрамында еліміздің 200 мыңнан астам офицері мен сарбазы Тәжік-ауған шекарасында ұрыс-қыймылдарын жүргізген. Өйткені тактикалық қатынас жөнінен бұл аймақ өте күрделі еді. Шынымен де, біз шекараға барған күннің ертесінде -ақ, тәжіктер жағы шабуыл жасады. Әлі ол жердің қыр-сырын танып, білмеген жас сарбаздар үшін алғашқы кезде қыйындау болды. Бірақ, бала жасымнан батырлар жырын оқып, ата-бабамыздың ерлігін үлгі тұтып, ардагерлерді құрметтеп өскендіктен бе, іштегі қайсар рух, бойымызға күш-қуат беріп, әскери парызымды адал орындауға жетеледі.

Осылайша, көрші бауырлас, тәжік елінің тәуелсіздігін нығайтуға және ішкі қауіпсіздігінің сақталуына өз үлесін қосқан ер-азаматтың басты жеңісі, от пен судың ортасынан аман-есен оралуы еді.

Елдің шеті, желдің өті, екі мемлекеттің арасындағы берік қорған белдеу сызықты кірпік қақпай күзеткен сарбаз, болаттай берік, құрыштай шыңдалған шағында 2003 жылы мекемеге бақылаушы болып орналасады. Міне, содан бері, 19 жыл ішінде тергеу изоляторының тегеурінді ісіне төтеп беріп, ерен еңбек етіп келеді. Еңбегі еленген Арысбеков Мұңайтпас Жампозұлы ІІМ саласындағы 10 жылдық, 15 жылдық және үздік төс белгісімен марапатталған. Қызметінде кеудесін орден, медальдармен жарқыратса, жеке өмірін жарқыратып тұрған өмірлік серігі адал жары мен алланың сыйы бес перзенті бар. Жас кезінде өзге елдің шекарасын күзеткен Мұңайтпас, бүгінгі таңда өз елінің қауіпсіздігі мен тыныштығы жолында қызмет етіп, өзгеге үлгі боларлық, өрнекті өмір сүріп жатқан отанының адал азаматы.

Комментарий