Жаңалықтар | Новости

Шыбындар COVID-19 бөлшектерін адамнан адамға таратуы мүмкін

Әлеуметтік желі қолданушылары шыбындар вирус бөлшектерін адамнан адамға таратуы мүмкін деген ақпарат таратуда. Авторлар америкалық ғалымдардың зерттеулеріне сүйенген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

“Шыбындар адам қарым-қатынас жасағанда, түшкірген немесе жөтелген кезде бөлініп шығатын вирус бөлшектерін ауадан жинайды және оны 24 сағаттың ішінде таратуы мүмкін. Осы жолмен ауру жұқтыру ықтималдығы жоғары”, – делінген ақпаратта.

Бұл хабарлама АҚШ-тың Канзас штатының ғалымдарының зерттеулерінен алынған дәйексөз ретінде таратылуда. Ол Parasites & Vectors журналындағы мақаладан алынған. Шын мәнінде, ғалымдар мұндай қорытындылар жасамаған.

Зерттеу бойынша, таза емес сүтке қонған шыбындарда SARS-CoV-2 бар-жоғы тексерілген. “Сынаққа” алынған шыбындар тасымалданған контейнерлерден вирус төрт және 24 сағаттан кейін анықталды. Демек, шыбындар вирусты басқа заттардың беттеріне тасымалдай алады деп пайымдауға болады. Бұл әлі күнге дейін болжам ғана, оны дәлелдеу үшін қосымша тәжірибелер мен талдаулар қажет.

Зерттеудің екінше бөлігінде жәндіктер ауру жұқтырған тұқымдастарымен байланыста болғаннан кейін тексерілген. Яғни, шыбындардың вирусты табиғи жолмен жұқтыра алатыны қаралды. Мұның ықтималдығы аз немесе мүмкін емес болып шықты.

“Зерттеуіміздің екінші бөлігі шыбындардың анықталған жұқпалы вирусты басқаға жұқтырмайтынын көрсетті. Біз вирустың геномын ғана таба алдық, ол жұқпалы емес. Бөлмедегі шыбындар SARS-CoV-2 берілуінде маңызды рөл атқаратындығына ешқандай дәлел жоқ”, – дейді зерттеудің тең авторы және зерттеу жетекшісі Дана Найдуч.

Жалпы, жұқпалы аурулар бойынша мамандар шыбындардың ауруды тасымалдай алатынына күмәнмен қарайды.

“Бөлме шыбындары бірқатар вирустар мен бактерияларды тасымалдай алады, бірақ бұл міндетті түрде эпидемиологиялық қауіп тудымайды”, – дейді жұқпалы аурулар жөніндегі сарапшы, медицина докторы Амеш Адаля.

“Бүгінгі күні COVID-19 вирусы бөлме шыбындары арқылы жұғатынына ешқандай дәлел немесе ақпарат жоқ. COVID-19 тудыратын вирус негізінен індет жұқтырған адам жөтелген, түшкірген немесе сөйлескен кезде бөлініп шығатын тамшылар арқылы таралады. Сонымен қатар, қол жумас бұрын ауру адам ұстаған затқа қол тигізіп, содан кейін көзіңізді, мұрныңызды немесе аузыңызды ұстау арқылы беріледі. Өзіңізді қорғау үшін басқалардан кемінде 1 метр қашықтықта жүріңіз және қолыңыз тиетін заттардың беттерін жиі зарарсыздандырып отырыңыз. Қолыңызды көзіңізге, аузыңызға және мұрныңызға тигізбестен мұқият және жиі жуыңыз”, – делінген ДДСҰ сайтында.

Комментарий