Судья мінбері | Судебная система

Еңбек дауларын сотқа дейін реттеудің маңызы зор

Еліміздің жаңа Еңбек кодексінде жеке еңбек даулары бойынша алдымен келісу комиссияларына, содан кейін ғана сотқа жүгіну тәртібі көзделген. Яғни, заң талабына сәйкес, жұмыскерлердің немесе бұрын еңбек қатынастарында тұрған адамдардың не жұмыс берушінің келісу комиссиясына жүгінуі олардың арасында туындаған жеке еңбек дауын сотқа дейін реттеу тәртібінің міндетті сатысы.

Қандай да бір мәселе туған немесе келісу комисиясының шешімі орындалмаған жағдайда ғана дау сотқа беріледі. Аталған Кодекстің 159-бабы 4-тармағы бойынша келісу комиссиясына түскен арыз берілген күні тіркеледі. Егер келісу комиссиясы құрылмаса жеке еңбек дауларын қарау мерзімі комиссия құрылғанға дейін тоқтатыла тұрады. Мұндай кезде талап арыз беру мерзімі өтіп кетпейді. Келісу комиссиясы дауды өтініш тіркелген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарауға және дау тараптарына шешімнің көшірмесін оны қабылдаған күннен бастап үш күнде беруге міндетті.

Ал, сотпен талапкердің еңбек құқығы бұзылғаны, бірақ, орынсыз себептермен жүгіну мерзімі өтіп кеткені анықталса, сот шешімінің дәлелдеу бөлігінде құқықтың бұзылғаны көрсетіледі және сотқа жүгіну мерзімін жіберіп алуына байланысты талап арыз қабылданбайды. Келісу комиссиясының құзырына негізінен жалақы өндіру, еңбекке үстеме ақы, сыйақы төлеу, т.б. келіспеушіліктерге қатысты даулар жатады. Айта кетерлігі, үй жұмыскерлері, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен атқарушы орган басшылары, әскери, арнайы мемлекеттік, т.б. қызметтер қызметкерлерінің комиссияға жүгінуі міндет емес.

Жеке еңбек дауын қарау жөніндегі келісу комиссиясының не соттың жұмыскерді бұрынғы жұмысына қайта алу туралы шешімі тез арада орындалуы керек. Жұмыс беруші шешімнің орындалуын кешіктірсе, келісу комиссиясы не сот оған кідіртілген уақыт үшін орташа жалақысын немесе жалақысындағы айырмасын төлеу туралы шешім шығарады. Еңбек кодексі талаптарының сақталмауы, оның ішінде келісу комиссияларын құрмау немесе дауды негізді қарамау жұмыс берушінің жауапкершілікке тартылуына әкеліп соқтырады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Еңбек даулары және жариялы-құқықтық қарым-қатынас дауларының алдын алу» қанатқақты жобасы өмірге енді. Медиация институтын дамытуда аталған жобаның берері мол. Өйткені, татуластыру рәсімдерін қолдану аясын кеңейту, азаматтардың сот шығындарын барынша азайту, халықтың соттан тыс дауды реттеу мүдделілігін анықтау медиацияның негізгі мақсаты. Жоба туралы тағы бір есте ұстарлығы, жария даулар алдымен өтініш берушінің келісімімен жоғары тұрған органдар құзырына жіберіледі. Ол үшін, әрине, бұл мәселеге кәсіподақ өкілдері тартылады. Бұл өз кезегінде еңбек дауларын соттан тыс немесе сотқа дейін реттеу мүмкіндігін арттырып қана қоймай, сонымен қатар, келісу рәсімдерін көбейтеді. Негізінде дауды ең жақсы шешетін тараптардың өздері екенін қоғамға жеткізе білуіміз керек.

Өркениетті елдерде сотқа түскен даулардың басым бөлігі медиация тәсілімен шешілетінін еске алсақ, бізде де татуластыру институының жан-жақты ендірілуін әлемдегі бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарына қосылуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалауға болады. Медиацияның діттегені – елге қолайлы жағдай туғызу. Оның уақыт пен қаржыны үнемдеуде ролі, зор және құндылығы да осында. Бітімгершілік институты тараптарды тартыстырмай, керісінше татулыққа шақыру арқылы қоғамның құқықтық мәдениетін дамытуда таптырмас тәсіл.

Жомарт Асқаров,

Алмалы аудандық №2

Сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий