Жаңалықтар | Новости

Ғалымжан БАЙДЕРБЕС, «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: СОҒЫСТЫҢ ШЫНДЫҒЫ ТОЛЫҚ АШЫЛҒАН ЖОҚ

– Ғалымжан Ермағанбетұлы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың есімін жас ұрпаққа таныстыруда сіңірген еңбегіңіздің өте зор екенін бүгінде зерттеушілердің бәрі біледі. Бұл бағыттағы зерттеу жұмысыңыз қашан және қалай басталды?
– Әлияны зерттеп жүргеніме биыл 46 жыл болды. Мен өзі Атырау өңірінің тумасымын. Гурьев пединститутының филология факультетін бітірген соң, 1962– 1970 жылдары Құлсары қаласындағы Абай мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, аудандық оқу бөлімінің инспекторы болдым. Содан кейін отбасы жағдайыма байланысты Ақтөбеге қоныс аударып, 1970 жылы мектеп-интернатта мұғалім, 1971–1975 жылдары Қобда ауданындағы Хабаловка мектебінің директоры қызметін атқардым. Ал 1975–1986 жылдары Әлия Молдағұлова атындағы шығармашылық бірлестіктің партком хатшысы болдым. 1986–1997 жылдары мұғалім, 1997– 2001 жылдары Әлия музейінің сенімді басқарушысы болдым. Содан бері Әлия Молдағұлованың есімін ұлықтау, еңбегін жас ұрпаққа насихаттауда үздіксіз қызмет жасап жүрмін. Өз басым батыр қызды көрген, жақсы танитын және майдан даласында бірге соғысқан
адамдармен көзі тірісінде кездесіп, тілдесуімді әлиятануға қосқан еңбегімнің ең негізгісі деп есептеймін. Олардың ішінде өзін ғана емес, ата-анасын көрген және мектепте оқытқан мұғалімдер мен интернатта тәрбиеші болғандар және майданда бірге соғысқан мергендер де бар. Олардың естеліктерін жазып алып, халыққа жеткізуде жасаған қызметімді ештеңемен ауыстырмас едім. Өйткені 2-5 жыл кідіріп қалғанымда олардан да айырылып қалатын едік.
– Өзіңіз жетекшілік жасап жүрген «Қос шынар» қоғамдық бірлестігі қалай құрылды?
– Әлияны зерттеп жүрген кезде маған мынандай бір ой келді. Әлия Молдағұлова туралы жақсы айтылып жүр, оны зерттеу белгілі бір дәрежеде жақсы жолға түсті. Батырымыз біраз биікке көтерілді. Алайда, одан бір жыл бұрын, яғни 1943 жылы шығыс халықтарынан шыққан қыздар арасынан ең бірінші болып Кеңес Одағының батыры атағына ие болған Мәншүк Мәметова туралы шамалы ғана айтылды. Туған күні де дұрыс аталып өтпейді. Екеуін біріктіріп қос шынар қылсам қалай болар екен дедім. Біріншіден, екеуі бір-бірін биіктетіп тұратын тұлғалар. Екіншіден, екеуі де қазақтың қызы. Сондықтан екеуін біріктіріп үлкен тұлға қылып көрсету үшін «Қос шынар» қоғамдық бірлестігін құрдым. Биыл 20 жылдан асты. Бұл қоғамдық бірлестіктің алдына қойған басты мақсаты – Әлия мен Мәншүктің есімін білім беру ұйымдарында насихаттау арқылы жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік, туған ел мен жерге деген патриоттық сезімді қалыптастыру болатын. Одан әлі күнге дейін ауытқығам жоқ. Әлия мен Мәншүктің ерлігі көзіңе жас алып мақтанатын, кеудеңді рух кернеп көкірегіңе намыс ұялататын ерлік қой. Келешек ұрпаққа қазақ болып туғанына мақтанатындай тәрбие керек.
– Ақтөбедегі Әлия мен Мәншүкке арналған музейді ашуға да мұрындық болған көрінесіз.
– Өткен ғасырдың 70-жылдары Қобда ауданында Әлияның музейін ашып, батырлық жолын зерттеуден басталған қызметіме, 2002 жылы Ақтөбедегі №27 орыс мектебінде ӘлияМәншүк музейін ашу да бұйырыпты. Алдағы жылы шығыстың қос шынары атанған қаһармандарымызға арналған бұл музейге 20 жыл толады. Музей демекші, 9 жылғы тынымсыз жүгіріс пен төгілген тер, қажыр-қайраттың арқасында Ақтөбе медицина колледжіне Мәншүк Мәметованың есімін беруге де бастамашы болып, бұл істі аяғына дейін жеткіздім. Онда да Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен. Егер ол кісі болмағанда бұл мәселенің әлі қанша жылға созылары белгісіз болатын. Сол кезде Мәншүктің есімін беру үшін музейін жасақтадым. Оған мұрындық болған қазақшаға судай Югай Вадим Николаевич деген өмірден ерте кеткен кәріс азаматы болды. Содан кейін колледжге Мәншүктің есімі беріліп, музейі ашылып, ескерткіші де қойылды. Айтпақшы, 1997 жылы Әлияның туған жеріндегі музейі жабылып қалғанда сенімді басқаруға алып, өз ақшама 5 жыл ұстап тұрдым. Қиындыққа қарамастан қасымдағы адамға айлық да тауып беріп жүрдім.
– Ақтөбеде бір кезде Мәншүктің есімі берілген, алайда, кейін атауы қайта ауысқан көшеге батырдың атын қайтаруға қалай қол жеткіздіңіз?
– Набережная деген көшені 1989 жылы Ақтөбе қаласының атқару комитеті Мәншүк Мәметованың есімімен атау туралы шешім қабылдаған еді. Алайда 1990 жылдары оны бәзбіреулер Набережная деп өзгертіп жіберген екен. 6 жыл бойы барлық құзырлы мекеменің есігін қағып, сұрау салып жүріп бұл көшенің Мәншүк Мәметова деген атауын орнына келтірдік. Бүгінде ол қаладағы абаттанған, әдемі көшенің біріне айналды.
– Әлияның ата-анасының есімін ұлықтауда да Сіздің ерен еңбегіңізді бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Бұл шаруа зерттеушілерге біршама таныс болғанымен, қарапайым халық одан әлі күнге дейін хабарсыз секілді?
– Оныңыз рас. Әлияның анасына қатысты ел арасында оқта-текте бір айтылып қалатын бұл әңгіменің анық-қанығын 78 жыл бойы анықтаған ешкім болған жоқ. Ұзақ жылдарға созылған тынымсыз еңбек пен үлкен ізденістің нәтижесінде 2011 жылы Қобда ауданы әкімшілігімен бірлесіп, Бұлақ ауылына жақын Көкмешіт деген жердегі қорымнан Маржан Молдағұлқызының жерленген орнына құлпытас қойып, ауылда ескерткіш тұрғызылды. Оны табуға осы өңірде туып-өскен, ұзақ жыл Қарағанды облысындағы Ә.Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтік мектептің директоры болған Бағдаулет Өрбісінов көп көмек көрсетті. Ол 2006 жылы елге келгенде інісі Әбдіраман Рабаевқа көрсеткен екен. Әлияның анасының есімі мен жатқан жерінің ұзақ жылдар бойы жұртшылық назарынан тыс қалған себебі аштық кезінде Әлияның әкесі Нұрмұхамбет Сарқұлов 1927 жылдан НКВД-дан бой тасалап қашып жүргендіктен, анасы Маржан Молдағұлқызы Қобда бойындағы қонысын тастап, Ақтөбе қаласына жақын жердегі Қурайлы ауылында тұратын үлкен әжесі Тәженді сағалап, сонда қоныс аударады. Мұндағы орыстар көкөніс өсіріп, картоп егеді екен. Күздің қара суығында олардың қазып алған жерінен картоптың қалдығын теріп жүрген кезде 35 жастағы Маржанды бау-бақшаның орыс қарауылы атып өлтірген. Бұл суық хабар жеткен соң Н.Сарқұлов жақын інісі болып келетін Өрбісін Күдебасов деген ақсақал сүйекті жат жерде қалдыруға болмайды деп жеңгесінің денесін алып келуге Өсербай деген өз інісін жұмсайды. Қурайлыдан атқа өңгеріп әкелінген Маржан Молдағұлқызының денесі осылайша Көнмешіттегі қорымға жерленген. Маржан 21 жасында Нұрмұханбетке тұрмысқа шығып, одан екі перзент сүйеді. Айтпақшы Өрбісін ақсақал да ауқатты болғаны үшін ғана 1937 жылы халық жауы деп атылған.
– Әлияның әкесі Нұрмұхамбет Сарқұлов туралы дерек бар ма?
– Бар ғой. Ол кісі 1951 жылы қайтыс болды. Сүйегі сол Бұлақта жерленген. Оның бәрі Әлия туралы кітаптарда толық жазылған.
– Әлияның өміріне қатысты ел біле бермейтін тағы қандай жайттар бар?
– Қазір негізінен Әлияның өмірбаянына қатысты мәліметтер толық ашылды деуге болады. Иманғали Тасмағамбетов Ресейде елші болып тұрған кезде 2019 жылы Санкт-Петрбургтегі бір кездегі Әлия оқыған интернаттың орнына жақсы ескерткіш орнатты. Оған Алматы мен Ақтөбеден арнайы делегация қатысты. Соған байланысты мен «Аңызға айналған ару» деген кітап жаздым, оның әлі таныстырылуы болған жоқ. Сонда Әлияға қатысты көп заттар айтылады.
– Кейбір еңбектерде Әлияның Санкт-Петербургтегі жетімдер үйінде тәрбиеленгені айтылады. Онда қалай түсіп жүр?
– Әйелі қайтыс болғаннан кейін Нұрмұханбет өзі қуғында жүргендіктен Әлияны тәрбиеле деп Маржанның Әубәкір деген інісіне тапсырады. Осылайша Әлия 8 жасынан бастап нағашысының қолында өсіп, онымен бірге алдымен Ақтөбеде, одан кейін Шалқарда, Жамбылда болады. Жамбылда жүргенде Әубәкір Молдағұлов 1937 жылы Мәскеудегі теміржол көлік академиясына түседі. Сонда оқуға кеткен кезде де Әлияны өзімен бірге ала кетеді. Соғыстың алдында академия қазіргі Санкт-Петербургке көшеді. Сол кезде олар Сноский деген көшеде пәтерде тұрады. Жақсы білім алсын деп Әубәкір Әлияны интернатқа тапсырады. Ол кезде бұл жетімдер үйі деп аталмаған. Әлия үйден қатынап сонда оқып жүрген. Ал 1941 жылы Әубәкір академияны бітірген 2 қазақтың бірі болған. Осы арада оны да айта кеткен жөн шығар, Әлияны тәрбиелеген еңбегін былай қойғанда, өзі де ұзақ жыл ұжымшарда басқарма басшылығынан обкомға дейін түрлі жауапты қызметтерді атқарған Әубәкірдің есімін үкіметтегілердің Ақтөбенің теміржол колледжіне бермей жүргеніне 3 жыл болды. Олардың айтатын уәжі бұл кісінің еңбегі жоқ, ешқандай орден-медаль алмапты деген сияқты әңгімелер. Ол кезде ешкім орден-медаль алу үшін қызмет істеген жоқ қой. Соғыс пен одан кейінгі елді қалпына келтіру кезінде
орден түгілі, бас қайғы болған жоқ па? Еңбектің неге бағаланбайтынын мен әлі білмеймін. Бізде шенеуніктер әлі күнге дейін Үкімет не айтады, соны орындап, соның сызып бергенімен ғана жүру керек деп, өз бетімен ұсыныс жасап, шешім қабылдауға қорқады.
– Айтпақшы, осы Әлияның туған күні анықталды ма?
– 1925 жылы туғаны барлық жерде дұрыс жазылғанымен, біреулер туған күнін 25 сәуір десе, екіншілер 29 қазан деп жазып жүрді. Мен Әлия дүниеге келгенде кіндігін кескен және өзге де жақын танитын кісілермен сөйлесіп, нақты уақытын анықтауға тырыстым. Мәселен, Гүлшекер Үкіметалина апай жаулығымның жартысын кесіп, оған тары салып кіндігін кескем деп айтты. Балапаш деген апай болса Әлия шөп шабу кезінде туды, мен сонда тұрмысқа шығып жатқам деді. Осындай деректерді жинап, мәдениет басқармасына жаздым. Олар 1925 жылды алып, ал күні белгісіз болған соң маусымның 15-і деп жазды. Осындай жағдайда жылдың
және сол айдың дәл ортасын белгілейтін тәртіп бойынша. Сондықтан Әлияның туған күні 15 маусым деп айтылып келе жатқанына 20 жыл болды. Алайда, Алматы қаласы туралы және тағы басқа да ескі энциклопедиялар бойынша 25 сәуір деп жүргендер әлі де бар. Дегенмен, бұл мәселе Ақтөбе облысында бірізге түскен.
– Ұзақ жыл білім саласында қызмет жасаған педагог ретінде тұлғатануға қатысты оқулықтардағы Әлия мен Мәншүкке байланысты мәліметке көңіліңіз тола ма?
– Өз дәрежесінен төмен. Батырлық дегенді біз әлі дұрыс түсінген жоқпыз. Түсіне де алмай жүрміз. Батырлық деген басқа қонатын бақ емес, ол жүректен шығады. Бізде әлі күнге дейін 9 мамырда Әлия, Мәншүк сияқты қаһарман қыздарымыз болған дейміз. Сонымен бәрі бітеді. Ол үнемі айтылып, жазылып, жиі көрсетіліп жүруі керек. Сондықтан оқу бағдарламаларын қайта жасаған жөн. Онда, әсіресе, Ұлы Отан соғысын ашып көрсету керек. Өйткені, соғыста ерлік жасауда қазақтар КСРО құрамындағы барлық ұлт пен ұлыс өкілдері арасында алдыңғы орын алды. Санының аздығына қарамастан жеңісті жақындатуға қаншама еңбек сіңірді. Немістердің өзі ол кезде қазақ деген ұлтты білмесе де, мыналар соғыстың тәртібін білмейді, ережесіз соғысады деп мойындағаны туралы деректер архивтерден табылды. Сондықтан Әлия мен Мәншүкке қатысты деректерді де қайта қарап, толықтырып жазу керек.
Оларға қатысты жеке менің өзім осы уақытқа дейін 15 шақты кітап жаздым. Бірақ бәрі мың данамен ғана шыққандықтан, жалпы жұртшылыққа толық жеткен жоқ.
– Қазірге дейін кейбір оқырмандар Мәншүктің шын аты Мәнсия екенін және оның анасының есімі Тойылша, ал әкесінің есімі Жеңсікәлі екенін білмейді.
– Мәншүк 1922 жылы 2 қазанда қазіргі Жәнібек пен Орда аудандарының шекарасындағы Жиекқұмда дүниеге келген. Мәнсия оның азан шақырып қойған есімі. Анасы моншағым деп еркелеткендіктен, Мәнсия кейін Мәншүк атанып кеткен. Мәншүк Нағи, Қадыр
деген ағаларынан кейін өмірге келген. 4 жасында оны өз балалары болмаған соң Жеңсікәлінің Ахмет Мәметов деген інісі асырап алады. Жеңсікәлімен ағайынды кісілердің баласы болып келетін Ахмет 1926 жылы Саратов медицина университетін бітіріп, 1938 жылы халық жауы ретінде атылып кетеді. Қадыр 1943 жылы Сталинград түбінде көз жұмса, Нағидың тағдыры әлі күнге белгісіз. Кеңес үкіметінің құйтырқы істері көп болған ғой. Соның бірі балалары соғысқа барып, ерлік көрсетсе халық жаулары ақталады екен деген сөзге сеніп, Мәншүк соғысқа 5 рет сұранып, әрең кеткен. Оның «мен әкемнің атын ақтау үшін осылай соғысқа барып, жаумен күресем. Ақ екенін дәлелдеп шығам деген» сөздері ол туралы кітаптарда да бар. Алайда Ахметтің 1938 жылы атылып кеткені көп жылдар бойы құпия ұсталып, оны Мәншүк білмей соғыста 21 жасында қыршын кеткен.
– Жалпы, 1941-45 жылдардағы соғысты Ұлы Отан соғысы деп бөліп-жармай Екінші дүниежүзілік соғыстың бір кезеңі дейік деген пікірге қалай қарайсыз?
– Ол кезде бәріміз бір шаңырақта болдық қой. Ұлы Отан соғысы деген сөз айтылуы керек. Оған КСРО құрамындағы барлық ұлт пен ұлыс өкілі түгел қатысты және бірлігі мен отансүйгіштігінің арқасында бұл соғыста жеңді. Қару-жарақ күшімен емес. Сондықтан
оны бәзбіреулер айтып жүргендей ұлы орыс халқының арқасында деп те айтпау керек. Ол кезде бәрі бір халық болды. Мысалы «Ұлт батырлары» деген кітапта 105 қазақ батырының есімі айтылады. Жеңіске биыл 76 жыл толса да, Ұлы Отан соғысының шындығы әлі
толық ашылған жоқ. Бәрі бер жағын ғана айтып жүр, негізгі шындық енді ашылады. Мысалы, 1941–1945 жылдардағы 39 соғыс операциясының ішінде құрбандарының саны жағынан да, ауқымы жағынан да Ржев шайқасы ең алдыңғы орында тұрғанына қарамастан, ол туралы көпке дейін айтылмай келді. Күні кешеге дейін барлық жерде Кеңес Одағының ең зор соғысы Сталинград майданында болды деп жазылып, айтылды. Онда 1 млн-нан астам адам қайтыс болса, Ржев шайқасында оның саны 2 есе жоғары болған. Сол сияқты Матросовтың ерлігін одан 19 күн бұрын біздің атыраулық жерлесіміз Боран Нысанбаев жасаса да, күні кешеге дейін оның есімі еш жерде айтылған жоқ. Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың Рейхстагқа ең бірінші боп Ту ілгені де көпке дейін айтылмай, құпия ұсталып келген болатын. Оның бәрі кейін ғана анықталып шығып жатыр. Соғыс архивтерінің әлі толық ашылмағанын ескерсек, мұндай фактілер әлі де көп екені күмәнсіз.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті» 

Комментарий