Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ — ҰРПАҚҚА ТАҒЫЛЫМ

Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіс бүкілхалықтық қаһармандық ерлік арқылы келді. Ел басына қиын-қыстау күн туған шақта Кеңес Одағы құрамында болған ұлты, тілі, діні, ділі бөлек халықтар дұшпанға қарсы күштің құдіреті бірлік екендігін мойындатты. Сын сағатта адалдық пен достықтың шынайы үлгісін көрсете білген олар қасиетті Отанды, туған жерді, елді жаудан қорғаудың өмірлік сабағын паш етті. Алайда, осы 76 жылдың ішінде Отан үшін от кешіп, рухтың биік үлгісін көрсеткен ата-бабаларымыз тарихта лайықты бағасын алды ма? Әрине, бұл соғыстың тарихы мен тыл жұмысын зерттеу жұмыстары сонау соғыс жылдарында басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Бірқатар ғылыми еңбектер мен монографиялар жарық көріп, осы кезеңнің бірталай «ақтаңдақтары» ашылды.

Қан майданда қаза тапқан қазақстандық боздақтардың есімдерін тарих беттерінде сақтау мақсатында бірнеше кітап пен жинақ жарық көрді. Дейтұрғанмен соғыстың айтылмаған ақиқатын, батырларымыздың ерлігін тарихи деректерге сүйене отырып, мұрағат құжаттары негізінде зерттеу қазіргі таңда да өзекті мәселе болып отыр. Осы бағытта тынбай ізденіп, тарих қалтарысында қалған деректерді жарыққа шығарып жүрген БҚО тарихи-өлкетану музейіне қарасты Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, тарихшы Ахмедияр Батырхановтың еңбегі ерен. Сұм соғыстағы ең ірі шайқастың бірі болған Сталинград майданының ең жақын тылы деп есептелген Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандарын да соғыс оты шарпып өткенін екінің бірі біле бермейді. Осы орайда көршілес Казталов ауданында дүниеге келген Ахмедияр Қуанұлының соғыс тарихын зерттеуге құмар болуы заңды да.


Бала кезімнен соғыстағы жауынгерлерден келген хаттар, елде қалған үлкен-кішінің уақытпен санаспай атқарған ерен еңбегі туралы марқұм Әсипа әжемнің әңгімелерінен естіп-білдім. Ал нақты соғыс тақырыбына деген қызығушылығым нағашыларымды іздеуден басталды. Анам Менжанова Рахиманың әкесі Азаматов Менжан мен оның Нұрым, Сабыр, Тұтық, Шерім, Әли және Сралиев Ілияс деген бауырлары, яғни бір әулеттен аттанған 7 адам, соғыстан оралмаған. Тиісті орындарға хат жолдай жүріп, нағашыларымның деректерін білдім. Кейін бір әріптесімнің өтініші бойынша тағы бір боздақты тауып бердім. Сөйтіп, соғыс тақырыбы мені өзіне тарта түсті. Басым күшін Сталинград пен Саратовты алуға жұмсаған жау әскері 1942 жылдың жазында-ақ теміржол желісін бомбалап, тас-талқанын шығарған. Міне, осы кезде Сталинград майданына теміржол арқылы жеткізілетін жүктің барлығы Жәнібек бекетіне тасыла бастайды. Астрахань-Урбах теміржол магистралін, Сайқын, Шоңғай, Жәнібек ауылдарын нысанаға алған неміс ұшақтары көкті торлап, жиі-жиі бомба тастағандықтан, жергілікті бейбіт тұрғындардың соғыс лебін айқын сезінгені де осы тұс. Теміржол бойындағы ауылдарға әуеден шабуыл 1942 жылдың 8 қыркүйегінде басталып, 1943 жылдың қаңтар айының басына дейін жалғасқан. Құжаттарға сүйенсек, осы уақыт аралығында Жәнібек, Сайқын, Шоңай стансаларына 538 бомба тасталған. Бомбалаудың нәтижесінде Жәнібекте 200-дей тұрғын үй, теміржол вокзалы, байланыс торабы, су мұнарасы, диірмен, бидай сақтаған қойма, қазақ және орыс мектептері, қару-жарақ қоймасы, аудандық жер бөлімі, кәсіподақ ұйымының, НКВД-ның ғимараттары – барлығы 40 шақты нысан қирап қалған. Жанармайы бар цистерналар мен бекет басында тұрған бос вагондар жанып кеткен. Адам шығыны да аз болмаған. 1942-43 жылдары Жәнібек ауданының орталығында орналасқан №1584 эвакогоспитальда 750 адам емделіп шығып, 211 жауынгер қайтыс болған. Олардың сүйегі бауырластар зиратына жерленген. Сондай-ақ, архив құжаттарының деректеріне үңілсек, 1942 жылдың басында Қалмақ АССР, Ростов облысы, Сталинград облысынан БҚО-ға эвакуациямен 400-ге тарта мал көшірілген, – деп әңгімелейді сол сұрапыл жылдардың жаңғырығы туралы Ахмедияр Батырханов. Оралдық өлкетанушының ізденіс жұмыстары мұнымен шектелмек емес. Майдан жорықтарының ізі әлі басылмаған көршілес Ресей еліндегі мүдделес жандармен тығыз қарым-қатынаста. «Жауынгер тағдыры» бүкілресейлік қоғамдық іздеу қозғалысының мүшесі болып табылатын Ахмедияр Қуанұлы 2018 жылдың қараша айында Мәскеуде өткен «Жауынгер тағдыры» халықаралық конференциясына қатысып, Жәнібек ауданында жерленген жауынгерлер туралы баяндама оқыды. 2018 жылдың наурыз айында Орынборда өткен іздеу топтарының халықаралық форумына қатысып қайтты. А.Қуанұлы Жәнібекке келген қазақстандық зерттеушілер мен ресейлік із кесушілерге жол көрсетіп, қолында бар деректерімен бөліседі. Жау шабуылынан кейін істен шыққан вагондардың қаңқалары соғыс аяқталған соң да Жәнібектің төңірегінде біраз жылдарға дейін шашылып жатыпты. Із кесушілер қазба жұмыстарын жүргізіп, әртүрлі қару-жарақ, снарядтар, бомбалардың жарқыншақтарын тауып алып жүретін. Кейінгі кезде олардың қатарына ұшақ қалдықтары да қосылыпты. 2020 жылы БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев, жүргізуші Серік Темірболатұлы үшеуі Псков облысының Невель қаласына барған сапарында жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың зиратына тәу етті. Жолшыбай Ржев қаласындағы әскери музейді аралап, Волоколамск тасжолының бойындағы соғыс жалыны шарпыған елді мекендерде болып қайтты. «Ресейде із кесушілерге арнайы грант бөлініп, қаржылай қолдау көрсетіледі. Ал бізде мұндай шаралар тек демеушілердің көмегімен ғана жүзеге асырылады», – дейді сапардан түйген ойымен бөліскен тарихшы. Өткен жылы соғыс тақырыбындағы 40-тан астам деректі фильмдердің режиссері Елена Ковардакова бастаған түсірілім тобы «Последний рубеж» деген деректі фильмнің эпизодтарын түсіру үшін Жәнібек ауданына келді.
Соғыс демі сезілген өңірлерге бастап апарып, ондағы мемлекеттік мұрағаттағы тарихи құжаттарды көрсетіп, басы-қасында бірге жүрген Ахмедиярға қонақтар дән риза болып аттанды. Неше жылғы зерттеу жұмыстарын жүйелеп, бір ізге түсірген өлкетанушының «Жаралы жылдар жаңғырығы» (2010), «От кешкен ордалықтар» (2020) деген кітаптары жарық көрді. Көз майын тауысып, мұрағат құжаттарына үңілген сайын жаңа тұлғалар мен деректер табылғанда, Ахмедияр еңбегінің еш кетпей, елге пайдасы тигеніне қуанады. «БҚО бойынша майданға 74083 адам әскерге шақырылып, оның 36548-і елге оралмаған. ҰОС жылдары 40 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. 1995 жылы Орал қаласында шыққан «Боздақтар» кітабының 23-бетінде ҰОС жылдарында БҚО бойынша 157 адам тұтқында қайтыс болды деп көрсетілген. Қазіргі таңда менің жеке зерттеуім бойынша Ресей Қорғаныс министрлігі Орталық архивінің «Обд-мемориал», «Память народа» сайттары арқылы соғыс кезінде тұтқында болып, қайтыс болған 800-ден астам жерлесімізді анықтадым.
Қазіргі таңда солардың құжаттарын аударумен айналысудамын. Сонымен қатар соғыстан оралмаған аталары, әкелері туралы мәлімет сұраушылар әлі күнге дейін толастар емес. Өйткені, соғыс – қасірет, оның салған жарасы жүректерден өшпейді», – деді ол ағынан жарыла. ҚР Қарулы Күштері мемлекеттік әскери-тарихи музейінің қорын құнды жәдігерлермен толықтыруға, халқымыздың тарихи-рухани мәдени мұраларын насихаттауға және музей ісін дамытуға қосқан зор үлесі үшін А.Батырханов ҚР Қорғаныс министрінің алғыс хатымен, «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен, Нұр-Сұлтан қаласындағы әскери тарихи музейі директорының, облыс, қала әкімдерінің алғыс хатымен марапатталды. «Бұл соғысты ұмытуға болмайды. Екінші дүниежүзілік соғыста қазақтың ұрыс даласында қаны, тылда тері аз төгілген жоқ. Сол үшін артымыздағы ұрпақ аталар ерлігін біліп, дәріптеп жүрсін дейміз. Осы бағытта насихаттап, барынша білгенімізді айтып жүреміз», – дейді Ахмедияр Батырханов.
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий