Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

Әке рухына тағзым

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 76 жыл толып отыр. Сол бір қанды қырғын шайқасқа қазақ даласынан сан мыңдаған боздақтар аттанғаны тарих парақтарында сақталған. Соғысқа кеткен ер азаматтардың ішінде туған жеріне жет алмай, артынан қара қағаздар келгені немесе жарақат алып, мүгедек болып оралғаны қаншама?! Майданнан ауыр жарақат алып, Ұлы Отан соғысының салған салқыны туралы біз де әке естелігінен естіп өстік.

1939 жылы әкем Мәулен Қалмырзаев 20 жасында әскерге аттанып, Украинаның Бердичев қаласында әскери борышын өтеп жүреді. 1941 жылы соғыс басталғанда жас жауынгер ІІІ Украин майданының 6-Армиясы, 8-танк дивизиясы, 4-мотоатқыштар құрамында соғысқа қатысты. Бердичев, Львов қалаларын жаудан қорғауға майдан даласына аттанды. Қанды қырғын шайқаста ерлігімен көзге түсіп, «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталды.

Кезекті бір ұрыс кезінде әкеміз екі танкінің ортасында қалып қойып, ауыр жарақат алып, госпитальге түседі. Аяғынан жараланған жауынгер ем қабылдап шыққан соң майданға сұранғанда госпитальдің арнайы комиссиясы әскерге жібермей қойыпты. Өкшесін танкінің шынжыр табаны мыжып кеткен әкеміз аяғымен нық жер басып жүре алмай қалғандықтан туған еліне қайтарылады. 1942 жылы өскен өлкесіне оралған жаралы жауынгер ауыл өмірінің қызу еңбегіне бел шеше араласып кетеді. Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ еңбек етті. Ұл-қыздарын қарапайымдылық пен еңбекқорлыққа баулыған әкеміз бейбіт заманның бағасы шексіз екенін үнемі айтып отыратын еді. Еселі еңбегі еленіп, 1958 және 1966 жылдары екі рет сол кездегі жоғары наградалардың бірі «Ленин» орденімен, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орден-медальдармен марапатталды. «Қазақстанның еңбек сіңірген зоотехнигі» белгісін алып, туған өлкесі Оңтүстіктің Шардара ауданының «Құрметті азаматы» атанды. 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығында Тұңғыш Президент Н.Назарбаев ең жоғары награда «Халық Қаһарманы» атағын табыс етіп, әкеміздің кеудесіне алтын жұлдыз белгісін қоса тақты.

Соғысты көрген қарт жауынгер Елбасына алғысын білдіріп, елдің амандығына тілектес екенін жеткізгенді. Елбасының қолынан алған марапатқа қуанып, ұл-қыздары да бір марқайып қалған едік. 2005 жылы 25 маусымда әкеміз 86 жасына қараған шағында өмірден өтті. Бүгінде әкеміз Мәулен мен анамыз Бибіажардан тараған 11 ұл-қыздың ұрпағы әке ақылын арқалап, еліміздің әр өңірінде түрлі салада қызмет етіп жүр.

Туған жерінде ерен еңбектің үлгісін көрсеткен соғыс ардагері әкеміздің құрметіне мектеп-көшеге аты беріліп, есімі жаңғырып келеді. Артында қалған ұрпағы «Халық Қаһарманы» атағын алған әке рухына тағзым етіп, есімін санамызда мәңгілікке сақтаймыз. Келер ұрпақ Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлерін ардақтап, бабалар ерлігі туралы тарих беттерін парақтай берер деген ойдамын.

МҰРАТ ХАЛМУРЗАЕВ, Бұланды аудандық сотының судьясы.

Суретте: Мәулен Қалмырзаевтың Қазақстан – Шымкент телеарнасына сұхбат берген және 2005 жылы Елбасының қолынан «Халық қаһарманы» алтын жұлдызын алған сәт

Комментарий