Судья мінбері | Судебная система

Отбасылық соттардың маңызы зор

Отбасылық соттарды тәжірибеге енгізудің маңызы зор. Мұндай соттардың тиімділігіне Сингапур еліндегі оң тәжірибеге қарап көз жеткізу қиын емес. Ажырасушылар санын азайтуға, некені сақтауға, балалар құқығын қорғауға бағытталған сингапурлық соттың жұмысы тәрбиеге, тағылымға негізделген.

Шындығында, соңғы жылдары Қазақстанда ажырасушылар саны өсті. Елімізде тіркелген әбір үшінші неке бұзылып жатыр. Соның кесірінен қаншама бала әке тәрбиесіне, ана мейіріміне мұқтаж. Ажырасу әсіресе кәмелетке толмаған балалардың өміріне өшпестей ізін қалдырады. Өкініштісі, күйзеліске түсіп, жақынын сағынған балалардың тағдырына ерлі-зайыптылар көп алаңдай бермейді. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен енгізіліп отырған «Отбасылық сот» пилоттық жобасы осындай олқылықтардың орнын толтыруды мақсат етеді.

Отбасылық сотқа тәжірибелі, өмір көрген судьялардың таңдалуы тегін емес. Бұл жаңа жобаның қоғамнан лайықты орын алуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, отбасылық соттарға психологтардың тартылуы сотқа келген тараптардың ойлануына, ақылға келуіне, өзінің ісін таразылауына көмектеседі. Қарапайым ғана мысал. Бізде ажырасушылар көп. Психолог, судья-медиаторлардың ақыл-кеңесінен кейін солардың бәрі болмаса да көпшілігі некелерін сақтап қалуға тырысады. Ал, ажырасу туралы нақты шешім қабылдағандарды балаға қатысты мәселеде жауласпай, дұрыс бітімге келуіне ықпал ету де бүгінде аса маңызды болып тұр. Өйткені, ажырасуға шешім қабылдап отырған ана баласының әкесімен араласқанын қаламайды. Алимент өндіргісі келгенмен, әкені баласына жақындатқысы жоқ. Сонда әкенің тапқан ақшасы жақсы да, өзі жаман болғаны ма? Оның үстіне, қазақта «Он мектеп жабылып бір әкенің тәлімін бере алмайды» деген тамаша сөз бар емес пе? Осыны психологтар да, судья-медиатор да әйелдерге айтып, ақылға келтіруге тырысады. Шаңырақты ұстап тұру мүмкін болмағанмен, баланың анасымен де, әкесімен де жылы қарым-қатынасын сақтап қалу үшін мамандар тынбай еңбектенеді. Қаншама ажырасудың алдын алып, бала тәрбиесіне игі көмегін тигізіп үлгерген отбасылық соттар бүгінде қоғамға қажет екенін, пайдалы екенін дәлелдеп үлгерді.

Жалпы, қолға алынған жобалардың бәрі сот төрелігі сапасын жақсартып, жеделдігін арттыруға, ең бастысы қолжетімді етуге бағытталған. Оларды іске асыру сот жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, қарапайым халықтың сот билігіне деген сенімін арттырады. Бұның бәрі Елбасы белгілеген сот саласын заман талабына сай дамытудың көрінісі.

Маржан Суранчиева,

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий