Жаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

Иерусалим Патриархы Теофил III Қазақстан халқының достығын, өзара түсінушілігін, толеранттылығы мен бірлігін жоғары бағалайды

Иерусалим, 2021 жылдың 29 сәуірі – Қазақстанның Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов Иерусалим және бүкіл Палестина Патриархы Теофил III-мен кездесті.

Отандық дипломат қасиетті Патриархқа Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қызметіне жан-жақты қолдау көрсетіп, оның кездесулеріне үнемі қатысып жүргені үшін ризашылығын білдірді.

Теофил III Нұр-Сұлтанға діни лидерлермен кездесуге барған сапарларын жылы шыраймен еске ала отырып, Қазақстан халқының достығын, өзара түсінушілігін, толеранттылығы мен бірлігін жоғары бағалайтынын айтты. Осыған орай, Иерусалим Патриархы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзінің ізгі тілектерін жолдады.

Құрметті дінбасы қазақстандықтарды қасиетті Рамазан айы мен келе жатқан православиелік жарқын мейрам Пасхаға орай шынайы құттықтады. Ол 1 мамырда Иерусалимде жоспарланған Қасиетті алауды тұтату рәсімі өтетінін және алауды одан әрі Қазақстандағы Православие шіркеуіне жіберу үшін Елшілік өкіліне тапсыратынын жеткізді.

Кездесу барысында С. Бұршақов Патриархқа Парламент Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаевтың келесі Хатшылық отырысына қатысуға шақыру хатын табыстады.

Дипломат Иерусалим Патриархаты басшысына 28 сәуірде Нұр-Сұлтанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессия қорытындылары мен алдағы Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі туралы айтып берді.

Анықтама ретінде: Теофил III православиеның ең көне шіркеулерінің бірін басқарады және православие көшбасшыларының ішінде мәртебесі жағынан Константинополь, Александрия және Антиохия Патриархатынан кейінгі төртінші орында. Оның епархиясына Израиль, Иордания және Палестинаның православиелік қауымы кіреді.

Иерусалим Патриархатының шамамен 2000 жылдық тарихы бар, оның қазіргі Израиль аумағындағы мәртебесі мен орны біздің заманымыздың 638 жылы Халифа Омар ибн Хаттаб пен Патриарх Софронийдің келісімімен бекітілген.

Қолда бар статистика мәліметтеріне сәйкес, Израильде шамамен 170 мың христиан дінінің өкілдері тұрып жатыр.

Комментарий