Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Айлығы аз директор ақшасын көбейтудің «амалын» іздейді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25 пайызға көтеріледі. Алайда, мектеп директорларының жалақысы 2015 жылғы деңгейде. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Талғат Нәрікбаевтың айтуынша, бұл мәселе тез арада шешімін таппаса, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері көбеюі мүмкін. Қазіргі уақытта мектеп директорының лауазымдық жалақысы 180 мың теңге, бас бухгалтердің жалақысы 112 мың теңге шамасында. Ал мұғалімдердің жалақысы 450 мың теңгеден 600 мың теңгеге дейін жетеді.
«Менің ойымша, егер бұл мәселенің шешімін қазір таппасақ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері айтарлықтай артады. Біріншіден, мұғалімдер мен
мектеп әкімшілігі арасындағы жалақы айырмашылығы сөзсіз әкімшілік ресурстарды пайдалануға итермелейді. Екіншіден, бәсекеге қабілетті менеджерлер қазіргідей жалақыға мектепте жұмыс істегілері келмейді (атап айтқанда, материалдық жауапкершілігі жоғары позицияда). Үшіншіден, төмен жалақы үшін жұмыс істеуге келісетін біліксіз басқарушылар мекеменің қызметін сапалы жүргізе алмайды, оның ішінде – қызметкерлерді кәсіби тұрғыда жұмысқа қабылдай алмайды. Нәтижесінде, тәрбие мен оқыту процесі сапасыз жүргізіледі, бұл мектеп түлектерінің біліктілік деңгейінің төмендеуіне әкеліп соқтырады»,– дейді Талғат Нәрікбаев.
Елордалық білім басқармасының басшылығымен кездесу барысында бұдан бөлек, бірнеше өзекті мәселе талқыға салынды. Мәселен, басқарма басшылығы мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған мектептерді 2025 жылға дейін шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорынға ауыстыру жоспарланғанын айтып отыр. Жаңа ұйымдық нысан дербес жедел басқару және оларға берілген мемлекеттік ақшалай қаражатты иелік ету бойынша өкілеттікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қаладағы 90 мектептің тек 15-і ғана ауыстырылды.
Депутат кәсіподақпен бірлесіп, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновтің атына білім беру мекемелерінің әкімшілік-қосалқы персоналының жалақысын арттыру жөніндегі ұсынысты қарауын өтініп, хат жолдады. «Менің ойымша, бұл мәселе – Нұр-Сұлтан қаласының білім беру саласын
одан әрі дамыту үшін аса маңызды және дереу шешуді талап етеді. Білікті кадрлар – кез келген ұйымның басты құндылығы. Орта білім беру саласында бәсекеге қабілетті менеджерлер болмаған жағдайда біз жыл сайын осындай проблемаларға тап болатынымыз анық»,– деп қорытындылады ол.
А.ҚҰРМАНҒАЛИ

Комментарий