Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕП БІЛІМДІ АҚСАТАДЫ

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне қарағанда елімізде 1991 жылы 8 841 мектеп болатын. Қазір оның саны 7429-ға дейін азайды. Ондағы 3,4 млн оқушыға 344 мың педагог білім береді. Соңғы 30 жылда республикада жаңадан 1850 мектеп салынғанымен, үш ауысымды мектеп мәселесі әлі шешілген жоқ. Мәселен, былтыр 43 мектеп салынды және 11 мектепте оқушылар санының азаюы мен өзге оқу орындарына қайта бөлудің нәтижесінде үш ауысымды мектеп саны 191-ден 137-ге азаюы керек еді. Алайда, шынайы өмірде бәрі басқаша болып шықты. Үш ауысымды білім ордаларының үлесі кемудің орнына 1,5-тен 1,9 пайызға ұлғайған.
Бұған былтырдың өзінде оқушылар санының көбеюінен 68 мектептің екі ауысымнан үш ауысымға көшуі түрткі болып отыр. Биыл енді жаңадан салынатын мектеп 200- ге дейін жетеді деп жоспарлануда. Ақпанда болған Үкімет отырысында министр Асхат Аймағамбетов мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдану, модульдік конструкция әдісімен мектептер салу, жеке мектептер желісін дамыту мен мемлекеттік бюджеттен нысаналы құрылыс
тетіктерін пайдалану арқылы 2025 жылға дейін үш ауысымды мектеп мәселесін шешетіндерін жария етті. Яғни, алдағы 2021 – 2025 жылдары жаңадан 800 мектеп салынып, кейбір білім ордаларының жанынан қосымша жаңа ғимараттар бой көтермек. Алайда 2020 жылғы демографиялық өсімді ескерер болсақ, бұл үш ауысымды мектеп мәселесінің 2025 жылы шешілетініне әлі де кепілдік бере алмайды. Өйткені, 1989 және 1999 жылғы халық санағында Қазақстан тұрғындарының саны 1,2 млн адамға кеміген болатын. Одан кейін жалпыхалықтың санақ өтпегенімен, ұлттық статистика
бюросының мәліметтеріне қарағанда 2000 – 2020 жылдары ел тұрғындарының саны 14,9-дан 18,6 млн-ға өсті. Сондай-ақ жалпы білім беретін мектеп саны 2000/2001 және 2020/2021 оқу жылдарында 8353-тен 7429- ға дейін азайғанымен, оқушылар саны 3, 2 млн-нан 3,4 млн-ға ұлғайған. Сондықтан
2015 – 2020 жылдары үш ауысымды мектеп саны 87-ден 137-ге дейін ұлғайып отыр.
Былтыр бұл мәселені ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында басқа қырынан қарастырды. «Ата-аналар кез келген балабақшаны немесе мектепті таңдап, мемлекет берген ваучермен төлем жасай алады. Мамандардың негіздеуінше, мемлекеттің тек дарынды оқушыларды
қолдауы балалар арасындағы әлеуметтік ара-жікті ұлғайтуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды» дегенді айтты. Үш ауысымды мектеп мәселесі демографиялық өсімге ғана емес, халықтың көші-қонымен де тығыз байланысты екенін атқарушы билік органдары кеш болса да түсінгенімен, оны алдын ала жоспарлауда әлі де уақыт үрдісіне ілесе алмауда. Мәселен, БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім
комитетінің төрағасы Майра Мелдебекова: «Елордадағы №85 мектеп-лицейде былтырға дейін балалар 3 ауысымда оқып келген. Биыл бұл мәселе шешілгенімен, айналадағы тұрғын үй қатары көбейді. Енді жаңа оқу жылында қайтадан 3 ауысымға көшу қаупі бар» деген еді. №85 мектеп-лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі Салтанат Мұхамедалиева: «лицей басшылығы тез арада жақын маңдағы мектептер қатарын арттырмаса, жаңа оқу жылында оқушылар саны белгіленген межеден 3 есе артық болады деп болжанып отыр. Ал ата-аналар өткен жылғы жағдайға қайтадан оралуға түбегейлі қарсы» деп айты. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындарымен есептік кездесуінде «Тұрғындар санының артуына байланысты мектептердегі оқушыларға орын жетіспеушілігін қысқарту үшін жыл сайын кемінде 10 мектеп салу керек. 2020 жылы бұрын мектеп болмаған тұрғын алқаптарында 11 білім мекемесі салынды. Ол жерлерде бұрын балалар бейімделген ғимараттарда оқыған. Жаңа мектептер үш
ауысымды мектептер санын 8-ден 4-ке қысқартуға мүмкіндік берді. 2021 жылы 15 ірігабаритті мектептер салатын боламыз. Бұл 40 мың орын ашуға мүмкіндік береді» дегенді айтты.
2025 жылға дейін үш ауысымдық білім беруді жоюы күмәнді болып тұрған кезде Қазақстанның 2030 жылға дейін дамыған 50 елдің, ал 2050 жылға қарай алдыңғы 30-дықтың қатарына қосылу туралы стратегиялық мақсатының орындалуы Мемлекет басшысына ғана емес, заң шығарушы және атарушы билік органдарын қалыптастырып отырған билік партиясы саналатын «Nur Otan» үшін де үлкен сын болмақ.

Роза ШӘРІПҚЫЗЫ, ҚР Жекеменшік білім беру ұйымдары қауымдастығының төрайымы:
Үш ауысымды мектептердің бәрі мемлекеттік. Олардың жекеменшік оқу орындарына еш қатысы жоқ. Дегенмен, мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан мектептерді оқушылардың санына қарай қаржыландыру бағдарламасының нәтижесінде 2019 – 2020 жылдары жекеменшік мектептер саны 114-тен 236-ға дейін ұлғайғанын да айта кеткен жөн шығар. Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын таппақ. Жаңа білім ордаларының
құрылысын салып жатқан және лицензия алуға дайындық жасап жатқандар аз емес. Жалпы, үш ауысымды мектептердің санын азайту үшін өте көп жекеменшік мектеп ашылу керек және шағын ғана емес ірі мектептер де қажет. Өйткені, шағын мектептер негізінен 300 оқушыға арналған, ал 1-2 мыңнан астам оқушысы бары саусақпен санарлық. Жасыратыны жоқ, Асхат Аймағамбетов министр болғалы білім беру мәселесін бірлесіп
талқылау үшін көптеген сұхбат алаңдары ашылды. Сондай-ақ жекеменшік оқу орындарын ашу да бұрынғыдан біршама жеңілдетілген. Әйтсе де, заңнамалық тұрғыдан әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстары да жеткілікті. Қазіргі таңда жекеменшік білім беру ұйымдарында 60 мыңдай оқушы оқиды. Педагоктарды қосқанда онда барлығы 10 мыңнан астам адамға жұмыс орны ашылған. Дегенмен, бұл жалпы білім беру ұйымдарының 2 пайызын ғана құрайды. Бір сөзбен айтқандай үш аусымды мектептер мәселесін шешу үшін әлі де ірі инвесторларды көбірек тартуға көңіл бөлген жөн шығар.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий